Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Төл тарихымызға үңілетін болсақ, бабаларымыз ұлт тағдырына қатысты қадау-қадау жайттарды алқалы жиындарда халық болып талқылап, ақылдасып, бүкіл елді біріктіретін шешім қабылдап отырған. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекетке айналды. Ордабасы, Қарақұм құрылтайлары қол бастаған батырларды елді, жерді қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендігіміздің елең-алаң шағында Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Қарап отырсақ, қай-қайсысы болсын елдігімізді нығайта түсуге қызмет еткен.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғыртуға бастамашы болды. “Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты аяқтады. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады. Осылайша сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын өкілді құрылым қалыптасады. Ұлттық құрылтай мүшелері маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде бас қосып отырады”, – деп атап көрсетті.
2022 жылы тұңғыш рет ұлт ұясы – Ұлытау төрінде бастау алып, одан рухани астанамыз Түркістанда, биыл әулиелер мекені Атырауда жалғасқан Ұлттық құрылтай жарқын болашаққа даңғыл жол салатын Тәуелсіз қазақ елінің жаңа дәуір жолайрығы десе де болады. Жалпы жаңа Қазақстан құру жолындағы игі қадамдар киелі де қасиетті орындармен тамырласып, үндестік тауып келеді. Наурыз мерекесімен және Рамазан айымен орайлас келген, сипаты өзгеше, мазмұны ауқымды соңғы құрылтайда руханият пен мәдениетімізге қатысты мәселелердің кеңінен талқылануы көпшілікке үлкен ой салғаны анық. Өйткені ұлт бірлігін нығайту бағытындағы тың идеялар мен жасампаз құндылықтар алаңы саналатын мұндай кеңестің орны бөлек. Мемлекет басшысы “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауапты екенімізді тағы бір мәрте қайталап, халқымызды біріктіретін ортақ құндылық ретінде әбден танылған Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байытудың озық әдіс-тәсілдерін жетілдіруге нақты тапсырма берген болатын. Мұндай бастама ой-санамызды жаңғыртып, ұлттық рухымызды одан әрі шыңдауға құлшыныс тудыратынына қазірдің өзінде анық көз жеткізіп отырмыз. Оның нақты айғағы – Ұлыстың ұлы күнің тұтас халықтық мерекеге айналып, өзгеше қырынан жаңғыруы. Яғни 14 наурыз – Амал мерекесінен басталып, Қайырымдылық, Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр, Шаңырақ, Ұлттық киім, Жаңару, Ұлттық спорт, Ынтымақ, Тазару күндеріне жалғасып, Жыл басы күнімен түйінделеді. Көктемгі ағаш егу, жалпыұлттық экологиялық акция өткізу дәстүрлерімен ерекшеленеді. Наурыз мерекесінің жарқын символы ретінде қызғалдақ гүлінің таңдап алынуының өз сыры бар, ата-бабамыз оны ежелден жұмақ гүлі санаған. Өңір бойынша ұйымдастырылып жатқан екі жүзден астам кешенді іс-шара барысында өзара құрмет пен бауырмалдылықтың, мейірімділік пен жанашырлықтың мән-маңызын паш ететін, ортақ мақсаттарға ұйыстыратын бастамалардың өркен жаюы өте құптарлық.
Бір аңғарғаным, Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзі Ұлыстың ұлы күнін ардақтаумен, мәдени кодымыздың ажырамас бөлігі ретінде тығыз бірлікте қаралып, рухани байланысып жатуы дер едім. Былайша айтқанда, әз-Наурыздың ұлттық бірегейлігімізді нығайтудағы мызғымас орнын айғақтап берді. “Әрине бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз. Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің атауы болады. Соның бірі – Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түсу керек. Қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша”, – деген Президент ел ішінде өз азаматтарымызды қара киім киініп, тұмшаланып жүретін жаман әдеттерден тыйылуға шақырды. Шынында да, қазақ халқының дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған ерсі қылық. Салт-дәстүрімізден ажырамаудың үлгілерін жаңа жылымызды атап өту апталығында анық байқадық. Мекеме қызметкерлерінің, мектеп мұғалімдерінің ұлттық киіммен жүруі қуантады. Тіпті басқа этнос өкілдерінің өздеріне керемет жарасып тұр. Міне, жат идеалдардан арылудың осындай ұстанымдарын күнделікті тәжірибеге енгізіп, біріздендірсек, рухани дербестігімізді нығайта түсеріміз анық. Осы үрдісті отбасылық дәстүрмен тығыз бірлікте дамытатын болсақ, рухани кеңістігіміз кеңейіп, зайырлы ел ретіндегі мәртебеміздің арта түсері кәміл. Төл мәдениетімізбен қабыспайтын, қоғамымызға, мемлекеттілігімізге нұқсан келтіретін теріс үрдістер сейіліп, барынша тосқауыл қойылар еді.
Халықтың береке-бірлігін сақтаудың жолдары көп. Президент елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталатынын, олардың бірі-біріне тілектес, жанашыр болғанын қалайтынын қадап айтты. Абайдың “біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос” деген сөзінің әлі өзекті екенін мысалға келтірді. Самарқанның көк тасы жібитін уақытта адамдар бір-біріне достық қолын ұсынып жатса, қандай ғанибет! Наурыз – кешірім айы деп текке айтылмаған. “Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш” деген. Ұлттың жаңа келбетін айқындайтын құндылықтардың бірі – отаншылдық, ынтымақ, еңбекқорлық, заң және тәртіп дағдылары. Әділетті мемлекет құрамыз десек, өскелең ұрпақты заман талабына сай бейімдеудің, күш-жігерлерін үйлестіріп отырудың маңызы зор. Халқымыздың қанына сіңген қамқорлық, бауырмалдық қасиеттері Ұлыстың ұлы күнімен сабақтасып жатса, кез келген қиындыққа, қауіп-қатерге төтеп берер едік. Бұл құндылықтар төл тарихымызға, мәдениетімізге, болашаққа ұмтылысымызға негізделген. Идеология саласында алда тұрған міндеттердің ауқымы ұлан-ғайыр. Аға ұрпақты есірткі саудасы, нашақорлық, құмарпаздық сияқты қауіпті кеселдердің өршіп бара жатқаны қатты алаңдатады. Тек былтырдың өзінде ғана есірткіге қарсы 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталып, заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынған. 400 мыңға жуық адам букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенттері көрінеді. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалып, әсіресе, жас ұрпаққа орны толмас зиян келтіріп отыр. Сондықтан әз Наурыздың бір мақсаты жақсыдан үйрену, жаманнен жирену екенін ұғындыра отырып, адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болатынын, “Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс” бір-бірінен ажырамас ұғымдар екенін талмай насихаттауымыз керек.
Әз-Наурыздың жаңаша тойлануы, өзгеше қырынан атап өтілуі халқымыздың дүниетанымы мен өмірлік ұстанымдарына, сана-сезіміне үлкен серпіліс әкелеріне сенімдімін. Дәстүрлі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестіру арқылы ғана қанымызға сіңген жағымсыз әрекеттерден арылып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра алатынымызды баса айтқым келеді.
Ғабит ҚОҢЫРБАЕВ,
зейнеткер.
Қызылжар ауданы.