Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен облыстық әкімдік отырысында биылғы екі айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, бюджеттің шығыс және кіріс бөлігінің атқарылуы қаралды.
Бұл жөнінде экономика және қаржы басқармаларының басшылары Қуанышбек Қалижанов пен Наталья Дышканттың есептері тыңдалды.
Алғашқы екі айда облыстың экономикалық өсімі 109,3 пайызды құрап, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 23,5 млрд. теңгеге жеткен. Өнеркәсіпте 91,7 млрд. теңгенің тауарлары шығарылған. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 7,3 пайызға артқан. Өсімді “ЗИКСТО”, “Маслодел”, “Евразиан Милк”, “Радуга”, “Зеленый Север”, “Қағаз фабрикасы”, “Петропавл электротехникалық зауыты” ЖШС-лары қамтамасыз еткен. Облысқа 41,3 млрд. теңге инвестиция тартылып, көрсеткіш 32,4 пайызға өскен. 11,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 1164 жаңа жұмыс орны құрылып, 3568 адам жұмысқа орналасқан.
Алда ауыл шаруашылығы өсімін – 4,6, өнеркәсіпті – 20,4, инвестицияны – 15,8, құрылысты – 6, тұрғын үй саласын 100 пайыздан кемітпеу міндеті тұр.
Екі айда жергілікті қазына 21 млрд. 139 млн. теңгеге толыққан. Жоспардан тыс 2 млрд. 214,9 млн. теңге кіріс кірген. Республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферт пен несие көрсеткіші 99,6 пайызға орындалып, 11 млн. теңге игерілмей қалған. Жергілікті бюджет бойынша игерілмеген қаржы – 59,1 млн. теңге. Қаржыны толық жұмсамағандар қатарында Тайынша, Мамлют аудандары, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, денсаулық сақтау басқармалары бар.
Алқалы басқосуда сүт өндірісі – 14,7, жұмыртқа 4,5 пайызға молайғанымен, ет өндіру 3,5 пайызға азайып кеткені айтылды. Бұған жол берген Қызылжар, Уәлиханов, Мағжан Жұмабаев, Мамлют аудандары сынға алынды. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда жұмыртқа өндірісі 0,4 пайызға азайған.
Әкімдік отырысында өңір басшысы тиісті басқармаларға, аудан және қала әкімдеріне 2024 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша даму көрсеткіштерінің өсімін толық қамтамасыз етуді, сондай-ақ инвест жобалардың жүзеге асырылуын ерекше бақылауда ұстап, қаржы тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.