Қазақ ауыз әдебиетінің көркін келтірген эпикалық – батырлар жыры, ғашықтар жыры, тарихи дастандар, қиссалар – қанша уақыт өтсе де өзінің рухани мәнділігін жоғалтпайтын, ұлттық әдебиеттің қалыптасуына, орасан зор ықпалын тигізген құндылықтар. “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Қыз Жібек”, “Бозжігіт”, “Еңлік-Кебек”, “Айсары-Шорман” сияқты қисса-жырлар шыққан жеріне, ортасына, уақытына қарамастан қазақ даласының әр түкпірінде басқа да жыр-қиссалардың өмірге келуіне себеп болды.
Сол кездегі болып жатқан саяси-әлеуметтік жағдайлар, қалыптасқан қазақ қоғамының жарғылық шарттары, патриархалдық ұстанымдары жеке бас бостандығын, әйел құқығын ерекше тығырыққа тіреп, арманшыл парасатын күйзей білді. Мұның артында сол кездегі ғашықтар әлемінің трагедиясы тұр еді. Қай тұрғыдан алып қарасақ та арманшыл, ғашықтық пәк сезімнің сыртында қарасақал қақсиған, ғасырлар бойы сынын сұлатпаған, атадан балаға аманат болып, жалғасып келе жатқан, қоғамның өзі қабылдаған, сұрауы қатты, азаматтың іс-қимылын реттейтін шарттары болды. Ал енді сол шарттарды бұзу аламандықтың белгісі еді. Сол сұрапыл заманның шешіміне келіспей, өз тағдырын өз қолына алып, бой ұсынбай, қаншама боздақ ғашықтықтың жалауын жоғары ұстап, осы жолда өзін сарп етті. Ғашықтық жырлар географиясы өте кең. Себебі ғашықтық сезім – не уақытқа, не жерге, не адамға бағынбайтын ерекше құбылыс.
Қызылжар өлкесі де ғашықтық жырлардан кенде емес. “Айсары-Шорман”, “Алтын балық”, “Қара би-Моншақ”, “Қисса Тахир”, “Кәрім мен Күлпаш”, “Қоспан мен Кәкімән” – бұл ғашықтар жырының бастамасы ғана. Бұл жырлардың ерекшелігі – кейіпкерлердің тарихи тұлға ретінде ұрпақтардың жадында сақталып қалуында. “Айсары-Шорман” жырының кейіпкерлері – танымал тарихи тұлғалар. Бұл жеке тоқталатын тақырып. Ал “Алтын балық” жыры туралы С.Мұқанов өз еңбектерінде айтып кетеді. Тағы бір тылсым – бұл жырдың авторы Мағжан Жұмабаев деген де әңгіме бар. Осы жырдың соңына түсіп, таспаға жазып алған адам – Қызылжар қаласының тұрғыны Сайдаш Ғайсин деген татар азаматы. Ол көп жыл ұстаздық еткен, музыка мен вокалдан сабақ берген. 1960 жылдары жаяулап-жалпылап ауыл-ауылдарды аралап, халық арасында сақталып қалған өлең, жыр, қиссаларды, халық композиторларының әндерін нотаға түсірген. Ақан серінің, Молдахмет Тырбиевтің әндері, басқа да қағаберіс қапталда қалып қойған әндер сол кісінің назарына ілігіп, нотаға түсірілген. Өкініштісі ол кісі сөздерін толық жазып алмаған. Дегенмен де марқұмның жиған мұрасы – таптырмайтын құндылық.
“Қисса Тахир” жырын Қызылжар қаласының тұрғыны, ақын Лутфулла Алмуллин деген кісі жазған. Екі ғашықтың басына келген бақ пен сүйіспеншіліктің соңында сордың тұрғанын айғақтаған ауыр қисса. Бұл жыр 1878 жылы Қазан университетінің баспасынан жарық көргендігін айта кеткен жөн. Жеке әңгімеге тақырып болатын жыр. 2004 жылы шыққан “Бабалар сөзі” жүз томдығына енген. 1885 жылы Қазан қаласының баспасынан шыққан “Көроғлы сұлтан хикаясы” жырына да тоқтала кеткен жөн болар. Шығыс стилінде – өлең және қара сөзбен жазылған. Авторы Хасан Мірбабаұлы – Қызылжар қаласының тумасы. Ал жырдың шығуына көп қолғабыс қылған адам – туысы Мұхамедрахим Уәлиұлы.
Бұл жерде көптеген жырлар уақыт сынын көтермей, тұмшаланып, толық сақталмай, мазмұны ғана әңгімелік желіске түсіп кеткенін ескерген жөн. Жырдың бір бөлігі өлең болса, бір бөлігі әңгіме ретінде жалғасып отырады. Осы тұрғыда ерекше тоқталып айта кететін жырлар – “Қара би-Моншақ”, “Кәрім мен Күлпәш”, “Қоспан мен Кәкімән” тағы да басқалар.
“Қара би-Моншақ” жырының басты кейіпкері – Керей руынан шыққан атақты Қара би. Генеологиялық жолына көз сүзейікші: Танаш би-Тарышы-Ши-мойын-Достияр-Ысмаил-Ақ-сары-Еменәлі-Сырлыбай-Ырыс-Құдияр-Алдай-Қара би. Өз заманының дауылпазы, қара қылды қақ жарған би болған. Бүкіл қазақ даласына аты жайылған, рулардың арасындағы үлкен даулардың шешімін тауып, екі жақты келістіріп отырған.
Ал енді Моншақ сұлу – Бағаналы руының беделді адамы Жырық бидің қызы. Жырық би – атақты батыр Ерден Сандыбайұлының арғы атасы. Моншақ табиғи көркем сұлулығынан басқа, ерекше ақылымен, өмірге деген көзқарасымен, дүниетанымымен замандастарынан озық еді.
Бірде Қара би билік құрып, ел арасындағы дауды шешуге Бағаналы жұртына барады. Бағаналы жұртының Үйсінмен болған үлкен дауын шешіп, олжамен оралған Қара биге риза болған Жырық би оны тағы да басқа дауларына салып сынайды. Бәрінен олжалы оралған Қара биге риза болған ол сұрағаныңды ал дейді. Қара бидің көңілі Моншақ сұлуға қатты жығылады да, биден қызын сұрайды. “Малың жетпейді ғой”, – деген бидің сөзіне: “Бүкіл Керейдің малын әкелсем де алам”, – деп Моншақ сұлуды алған екен. Моншақ Алдай елінің сүйіктісі болып, “би келін” атанған, бара-бара өзінен туған балалары іргелі ел болып, өздерін “Моншақпыз” дейді. Жамбыл ауданы Қарағаш ауылының оңтүстік жағында Моншақ көлі бар. Моншақ шешейден алты бала туған – Марқа, Жайсаң, Сатыпалды, Үкітай, Тоқпан, Жұмық.
Енді сол заманнан бізге үзік-үзік болып жеткен жыр жолдарына тоқталайық.
Жыр сандығын ашайын,
Теңіздей толқып шашайын.
Қарағай қара домбыра
Сағасына саусақ басайын.
Көмейден шыққан қоңыр үн
Домбырама қосайын.
Адырына жырдың түсіп ап
Бөкендейін жосайын.
Қара орманнан қаптаған
Қалықтап әрі асайын.
Атадан қалған аманат
Айтудан қалай қашайын.
Бірде желдей құйындап,
Бірде бұлттай босайын.
Болар істің бопсасын
Асықпай артын тосайын.
Мен шабайын, шабайын
Тыңдасаң мені ағайын.
Ессіз қалған құндыны
Аңдаудан аршып алайын.
Ғашықтардың сорасын
Талқыға сөйтіп салайын.
Солармен бірге қамығып,
Қиямет күнге барайын.
Қайғырғанын көріп ем
Боздақтардың талайын.
Қалайша қамсыз қаламын
Білгенде сөздің орайын.
Бағаналы, Балталы
Еліне барып соғайын.
Соңынан барлап көрейін
Шоқы таулы тоғайын.
Моншақ сынды қызынан
Алтын алқа тағайын.
Мен сарнайын, сарнайын,
Сөзімді сонар жалғайын.
Тілім жетсе айтайын
Жырық бидің жағдайын.
Мыңғыртып жылқы айдаған,
Он соқыр түйе байлаған,
Байлығы тасып жатса да,
Мал жинауды қоймаған.
Кеңгір тауды көсіле
Адырын түгел жайлаған.
* * *
Қара би Наймандарға барған екен,
Батасын жақсылардың алған екен.
Дауларын түйнектелген шешемін деп,
Сайысқа дара басын салған екен.
Сансыз даудың салымын таба алмай
Талайлар жолда босып қалған екен.
Сәйгүлік саптан қалып, соғым болған,
Бұл заман жылтыраған жалған екен.
Төрінде сұлу Моншақ, таранған құс
Талайға қол жетпейтін арман екен.
Ендігі әңгіменің желісі “Кәрім мен Күлпәш” жыры маңайында болмақ. Бұл жырдың оқиға желісі ХІХ ғасырдың аяқ шеніне сай келеді. Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Майбалық ауылының батысында Аңдамас атты байдың жұрты, Аңдамас атты көл бар. Аңдамас өте дәулетті, бай адам болған. Меккеге қажылыққа барып, сонда үй салдырған. Бірге барған Құнанбайдың үй салуға ақшасы жетпей, қаржылай көмек берген деседі. Кәрім – сол елдің тумасы, өнерпаз, сал жігіт, өз ортасының көркі болған.
Кәш немесе толық аты Күлпәш – Таузар Көшебе руының қызы екен. Жұрты Майбасар ауылының маңында. Әкесінің аты – Ұзақбай. Ол Таузардың бір байының қалың малына қызығып, соған қызын беруге уәделескен екен, бірақ өз шешімі бар өр мінез Күлпаш әкесімен келіспейді. Уәделі күні Кәрім Күлпәшті алып қашады. Оқиғаның арты қайғылы аяқталады. Бұл жыр да үзік-үзік, фрагменттік түрде, әр кісінің айтқанымен жиналды. Жырды жеткізушілердің бірі – Рахым Бисарин деген ағамыз. Ол кісі суырыпсалма ақын, әнші, ауыз әдебиетінің жоқтаушысы еді, көп жыл ұстаздық қызмет атқарды. Екінші жеткізуші – Қарағаш ауылының тумасы Жәуке Масов. Ол – аңшы, өлке тарихының, ауыз әдебиетінің жоқтаушысы, түн қатып, қансонарға дейін әңгіме айтудан жалықпайтын әңгімешіл адам еді. Үшінші кісі – Қарақамыс ауылының тумасы Қараман дейтін ағамыз. Ол пірәдәр, молда болған. Сибан Жаңажол ауылында көп жыл тарих пәнінен сабақ берген Қабей Төлеев ақсақалдың аузынан естіп, мағлұмат қылған Ғабиден Сұлтанғазин естелігін де айта кеткен жөн. Осы оқиғалар туралы кезінде ой бөліскендердің бірі Батталғали Тоқтарғали ақсақал еді. Ол да – Қара би әулетінің шежіресін дестелеп берген кісінің бірі. Ал енді сол үзінділерге тоқталайық .
Мен сөйлесем, көсілем алыстарға.
Тыңдаушым, құлағыңды түр, қалыс қалма.
Жағдайын ғашықтардың, айтпай қалман
Көзде жанар, кеудеде намыс барда.
Жағымда жақұт сөзім таусылмасын
Тарихын ұрпақтарға табыстарда.
Бәсіре жәй, біздер көріп, куә болған
Ессіз семіп қалмасын алыстарда.
* * *
Қыз берем деп Ұзақбай қалымдасты,
Жолын жасап, құдандал дәстүрін орындасты.
Бес ағасы әкенің сөзін құптап,
Қалың малға беретін болды қарындасты.
Кім көнбейді салымның сызуына,
Көндігеді кесек ет, тұз уына.
Қалың мал, қамқа тон мен, күміс белбеу
Ұзақбайды орап алды қызуына.
* * *
Бұл жәйді естіп-көрген сан тыңдайды,
Еске түссе, іш-тұрман салқындайды.
Аққұтан болған істің куәгері
Үлпілдек те кісі көрсе, шошынып, саңқылдайды.
Екі жас бірін-бірі сүйген еді,
Құлпырып, ерекше бір күйге енеді.
Фәниде қолтықтасып өтеміз деп
Серттерін жан шүберекке түйген еді.
* * *
Ей, Күлпәш, осы жерде өлгенің бе,
Сызыққа тағдыр сызған келгенің бе?
Әкем-ау, жалғыз қызға сауда құрып
Сырты түк, іші боқ малға бергенің бе?
* * *
Ұлдары Ұзақбайдың көкжал қасқыр,
Шетінен сойыл соққан қара басқыр.
Қолына қару тисе, көзі жанған,
Түздегі құлан қуған, дара қасқыр.
Бес қасқасы Ұзақбайдың келді қуып,
Соңына шаң байлатып, желді буып.
Шешімі әкесінің сондай қатты
Жолында кездескен елді қуып,
Жанына жендеттерін қосып алған,
Қолына ақ сойылын асып алған.
Бақ іздеп жармен бірге, безген қызды
Бес ағасы Үлпілдекте тосып алған.
Үлпілдектің бойында екі жасты қамап, “сөйлес қыл” деп келген қуғыншыларға шыққан Кәрімді өлімші қылып сабап, денесін көлдің дөңіне тастап кетеді. Күлпәш көлдің қамысын паналап, олар кеткесін шығып, Кәрімнің жансыз денесіне жолығады. Қатты қамыққан Күлпәш көлдің суына батып өледі. Көрші елдің азаматтары үш күннен кейін Күлпәштің денесін тауып, Кәрім екеуін Үлпілдектің дөңіне жерлейді.
Болған іс түсім бе еді, өңім бе еді?
Запыран қайғы жұтқан төгілмеді.
Мұндалап, екі жас боп қол бұлғайды
Қос мола Үлпілдектің дөңіндегі.
Түксиіп Үлпілдектің қас-қабағы,
Суына мөлтілдеген жас тамады.
Аңдамас ата деген алып кісі
Мейірін екі жастың қостамады.
Маңайына күрсініп, атты бұлақ,
Қайғысына шомылды, қамыс құрақ.
Жанбаған махаббаттың жалынына
Үлпілдек өксік атып, жатты жылап.
Үлпілдек көлі Жамбыл ауданы Жаңажол ауылының оңтүстігінде орналасқан. Кейбіреулер ол көлді Грачи деп те атайды. Бізге жеткен жыр үзінділерінен бұл ауқымды, шиеленіскен өз оқиғасы бар шығарма екенін аңғаруға болады. Мүмкін ел аузында әлі де үзік-үзік сілемдері қалған шығар.
Енді “Қоспан мен Кәкімән” жырына тоқталайын. Бұл жыр – Ұлы Отан соғысы кезінде шыққан, эпистолярлық жанрда жазылған, бір-біріне ғашық болған екі жастың баянсыз махаббатының айғағы. Қоспан – Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Бірлік ауылының тумасы, атақты Қожамбет ақынның немересі. 1938 жылы әскер қатарына шақырылып, сержанттар мектебін, сосын кіші офицерлер курсын тамамдап, Севастополь қаласында әскери борышын өтеген. Елде Кәкімән деген қызбен серттесіп, 1941 жылы сәуір айында елге демалысқа келіп, үйленеді. 1941 жылы маусымның жиырмасы кезінде екі жас Севастополь қаласына бет түзейді. Дондағы Ростов қаласына келгенде соғыс басталғаны туралы хабар жетеді. Севастополь қаласы авиация шабуылына ұшырағаны мәлім болады.
Кәкімән елге оралады. Сол күннен бастап екі жардың басына, сағыныштың қайғы-мұңы қара бұлттай үйіріледі. Екеуінің арасындағы сезім үшбу хаттың ішіне сыйған сағыныш сырларының сазына айналады. Біраз уақыттан кейін Қоспаннан мүлде хабар үзіледі. Әлі күнге дейін Қоспан хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Бізге жеткен сол жыр Кәкімәннің өз аузынан және Бірлік ауылының тұрғыны, соғыстың куәгері Мәржәмә атты шешейден, Жақия атты Қоспанның өгей шешесінің аузынан жазып алынған еді. Кәкімән шешеміздің айтуынша, Қоспаннан келген хаттардың барлығы бүкіл ауылдың томсырая тосқан үміттерін демейтін, шағын ғана сағыныштың нысаны еді. Жауап жазу үшін құрбы-құрдастары атсалысып, Кәкімәнға өлең шығарып береді екен.
Мекенім қарағайдың ортасында,
Өліммен жаралған соң қорқасың ба?
Сарықамыс – туған жерім, кең жайлауым
Қалдың ғой сағыныштың жартасында.
Маңайым талай ұлттың ұландары,
Қаймықпас қас жауынан қыран бәрі.
Көрдік қой, талайлардың алға шыға
Коммунист боламын деп сұранғаны.
Бас қосып, қалың жауға аттанамыз,
Жаужүрек жауынгерлер сапта нағыз.
Сартылдап зеңбіректер күйлегенде
Құдай деп, қорқуға да шақ қаламыз.
Сәлемім елге жетсін үш бу хатпен,
Сөзімді саф көңілді иждихатпен.
Майданның бетін түзеп алғаннан соң
Аман-сау оралайық салтанатпен.
Сағындым, Кәкіш жарым, ауылдағы,
Ағалар, сөз саптайтын қауымдағы.
Соғыстың арты қалай, күмәні көп
Кек алмай, кетпес екен жауымдағы.
Қалайша қал-жағдайды жамандайын,
Артын күтіп, болмыстың амалдайын.
Көргенше, күнім тәубе, жақсы болып,
Осымен үшбу хатты тамамдаймын.
* * *
Кәкіш жан, енді қайтып көремін бе?
Жүректі саған арнап, беремін бе?
Қайғының қабағына қарамаймын
Сөз маржанын өзіңе теремін де.
Керек қой ер жігітке төзім-дайда,
Көкірек қобалжыған сезім қайда?
Мөлдіреп қос жанарың құпиялы
Сездірген сеніміңді көзің қайда?
Қамыққанда жүректі қайғы жей ме?
Ондайды есі ауысқан мәжнүн дей ме?
Өзіңді бауырыма басқан болам,
Суретің, демеу болған жансыз бейне.
Таңымды тұнжыраумен атырамын,
Өзіме-өзім несібемді татырамын.
Түс көрсем, қол ұстасып өзіңменен
Аралаймын көк Есілдің атырабын.
Ел жақтан көрінер таңсібірі,
Естіліп жануар- жан сыбыры,
Жанымды жылағанда жұбататын
Тұлғаң ғой ерекше хан тұғыры.
Кәкімәннің берген жауабы:
Хас қыраным Қоспаным,
Арман құсым аспаным,
Бұл жалғанда жалғыз ер
Құдай қолдап қосқаным.
Салмасын тағдырымды табасына,
Көңілімді күнде қоям сабасына.
Өзіңмен болған күннің куәгері
Күнде барам Ақбұлақтың жағасына.
Көз алдымда бейнең күнде сенің,
Зарығып Ақбұлақпен тілдесемін.
Іздегенді үмітсіз таба алмай,
Қайғымен қамығып күн кешемін.
Қолда күрек, қырманның басындамын.
Болсадағы бір батпан басымда мұң.
Түн болса да мейлі, күн болса да,
Бекем бол, мен сенің қасыңдамын.
Соғыс бітіп, елге жақсы хабар жетсе де, көп адамның басындағы қайғының зілі ұланғайыр еді. Кәкімән шешеміз Қоспанға деген пәк сезімін жүрегінде сақтай білді. Бірақ өмір өз қалыбына келтіреді ғой, көп жылдан кейін басқа адаммен тұрмыс құрып, балалы-шағалы болды, сондықтан жырдың кейбір үзінділерін паш етуге арланды, бұл да білгендігі шығар. Бұл да – ұлылықтың бір түрі.
Енді “Алтын балыққа” қайта оралайын. Бұл жырды алғаш рет бала күнімде Бірлік ауылының тумасы, жыршы, шежіреші Сенбі Рахимов деген ақсақалдың аузынан естідім. Ол кісі “Қобыланды”, “Алпамыс”, “Ләйлі-Мәжнүн”, “Алтын балық” тағы да басқа жырларды, Қожамбеттің шежіре жырын ұзақ сонарлатып, түйдек-түйдек төгетін.
1980 жылы қазіргі Есіл ауданы, Қарабұлақ ауылының тумасы Евней Қожахметов дейтін отағасымен таныстым. Ол кісі кезінде серілік құрған, іш жақты, яғни Ресей жерін көп аралаған, сол жердегі қазақтардың ауызекі сөздерін жинай білген адам екен. Бірде “Алтын балық” хикаясын әңгімелеп берді. Бұл жыр туралы қомақты әңгіме айтқандардың бірі – Айтмұқан Исмағұлов ағамыз. Ол – Алқа ауылының тумасы. Бала күнінде немере ағайыны Дәуітбай Мусиннің аузынан әңгіме ретінде тыңдаған, ал 1957 жылы наурыз айында Өміртай Мусин есімді ағасынан толық нұсқасын естіген екен.
Талай жұрт кең шаһарда тұрған екен,
Махмет шах, патшалығын құрған екен.
Тотықұс бақтарында сайрандаған
Ішкен суы дария Сырдан екен.
Жыр желісі “…Ертеде, Махмет патша заманында өзен жағалап, күн көрген шал мен кемпір болыпты. Жалғыз ұлы Ыбырайым жас болса да ата-анасына қолғабыс қылып, бірге балық аулайды екен. Бірде құрған ауына алтын балық түседі. Балыққа қанша қызығып, таңданса да бұл бақыт па, әлде сор ма, деп ойға қалады. Өздеріне лайық нәрсе еместігін сезіп, балықты патшаға сыйға тартуға шешім қабылдайды. Балықты баласы Ыбырайым тарту қылып патшаға апарады. Сыйға қатты риза болған патша уәзірлеріне баланың қалағанын беріңдер деп бұйрық береді. Патшаның көңілінің балаға қатты жығылып, құрмет көрсеткенін қызғанған уәзірлер патшаға сөз салады. Бұл – балықтың ұрғашысы екен, енді еркегін тауып әкелсін, сонда сіздің салтанатыңыз өсер еді дейді. Не керек, бұйрық шығады, балықтың сыңарын әкелсін, әкелмесе басын аламын дейді. Қанша тырысса да сыңарын таба алмайды. Күндердің күнінде ата-анасымен ақылдасып, бәленше жерде алтын балық бар деген хабар естіп, соны іздеуге бел байлайды. Арып-ашып, көп жерді өтіп, бір өзеннің бойына келіп, су ішейін деп еңкейсе, суда әйел адамның бейнесі көрінеді. Басын көтерсе өзеннің арғы бетінде бір қыз тұр екен, екеуі сөйлеседі. Әлгі қызға Ыбырайым басынан өткен жәйтті жеткізеді. Сонда қыз айтқан екен:
Сенің ойың бір басқа,
Менің ойым бір басқа.
Мен де шалдың қызы едім
Жоғалып кеткен он жаста.
Ол қыз перілер қызметшілікке ұрлап әкеткен Ыбырайымның апасы екен. Екеуі көрісіп, бауырласып, мауқын басады. Өзеннің арғы беті – перілер мекені, ер адамды жолатпайды екен. Апасы інісін қыз қылып киіндіріп, үйінде ұстайды. Өзі перілерге тамақ істейді. Бірде інісі апасына көмектесіп, тамақ пісіреді. Тамақ өте дәмді болып, перілер кім пісірді деп апасын қыспаққа алады. Сөйтсе інісі асқа тұз салған екен, ас содан дәмді болыпты. Апасы мен сендерге келгенде аяғым ауыр еді, келгесін қыз туып ем, тамақты сол істеді дейді. Олар көрсет деп болмағасын амалсыздан қыз болып киінген інісін көрсетеді. Қорлығайын патша бастаған қыздар оны көріп, қызың сұлу екен, тұра берсін дейді. Бірде патшайымнан суға түсу туралы бұйрық келеді. Амалсыздан апасы мен інісі де барады, не керек суда жүзген баланың сыры ашылып қалып, налыған патшайым баланы өлім жазасына кеседі. Бүкіл бұйрықтарды екі етпей орындайтын қыздардың арасында Шолақ пері (евнух) болады екен. Сол баланы өлімге қимай патшайымға өзі барып, былай дейді:
Патшамыз сенің атың Қорлығайын,
Өспірім, өліп кетсе болар уайым.
Егер де ерге шығар ойың болса,
Бұл жігіт болсын деймін сенің байың.
Арты үлкен тойға айналып, патшайым мен жігіт тұрмыс құрады. Әлден кейін Ыбырайым өз басындағы мұңды шағады, әке-шешесін елдегі патша ұстап отырғанын, сертті орындамаса, өлтіретінін айтады. Қорлығайын патша жігітті жақсы көріп қалған екен, Шолақ періні шақыртып, алтын балықтың сыңарын таптырып, жігітпен қайта оралу туралы серттесіп, баруға рұқсатын береді. Шолақ пері арқасына Ыбырайымды салып алып, әке-шешесінің үйіне жеткізеді. Баласының амандығын және қызының барлығын біліп, ата-анасы қатты қуанады. Ертеңіне алтын балығын алып, патшаға барады. Тапсырмасының орындалғанына қатты қуанған патша баланы уәзір қылып алғысы келеді. Мұны естіген уәзірлер патшаға сөз салады, баланың қолынан іс келеді екен, әлемде күлдіршін құс болады екен, соны әкелсін, сарайыңыздың салтанаты өсер еді дейді. Патша тағы да бұйрық береді. Жігіт Шолақ періні шақырып, Қорлығайын патша жарына келеді. Қорлығайын бұл тапсырманың артында уәзірлер тұрғанын және жігіттен құтылу үшін жасалғанын айтады. Әйтеуір құсты да тауып, Ыбырайым еліне, Махмет патшаға келеді. Жігіттің қолынан іс келетінін сезген Махмет патшалығын Ыбырайымға берген екен, Қорлығайын да риза болып өз патшалығын Ыбырайымға тапсырады. Сөйтіп екеуі мұратына жетіпті. Қысқаша мазмұны осы.
Ендігі тоқталатын жыр – “Алты өгіз”. Кезінде халық аузында көп айтылған жырдың бірі екен. Бұл жырды да жеткізуші Айтмұқан Исмағұлов ағамыз.
Айтайын әңгімесін қалағанның,
Айтуға қызыл тілмен жарағанмын.
Жайланып кең алқада жатады екен
Алты өгізі бай, мырза Аламанның.
Ит пен құс маңайына жоламайды,
Келгенін бөтен малдың қаламайды.
Алтауы алпауыттай табын болып,
Қуысын кең тоғайдың аралайды.
Жотасы ел көшкендей жалпақ екен,
Мүйізі найза бойлы, қарағайлы.
Қасқыр да, құмай мінез қан іздеген
Қорыққаннан ол жаққа қарамайды.
Қос мүйіз, үшкірленген істіктейін
Тиген жерін жоса қылып жаралайды.
Алты өгіз аспан астын билейді екен,
Өлеңді еркін күйсеп, күйлейді екен.
Қарасын көрседағы алыстан кеп,
Қорыққан қасқыр оған тимейді екен.
Қорқау қасқыр далада ұлып жүрген,
Қақпанын алты өгізге құрып жүрген,
Алтауын қалай арбап аламыз деп,
Тұмсығын солар жаққа бұрып жүрген.
Алты өгіз бөрілерге алдырмайды.
Жалғызын жеке бөліп қалдырмайды.
Тойымды жүрген жері құрақ пенен,
Қара өлең, қамыс пенен балдыр майлы.
Айналып жоталарын тас қырлардың,
Айласы таусылды ғой қасқырлардың.
Бір күні бастарына ақыл түсті,
Құдайым қара басқырлардың.
Тығылып әлсіздіктің қуысына,
Амал түспей алдайтын уысына,
Бәрінің келіскені солай болып,
Сөз айтты түлкідейін туысына.
Содан не керек, түлкіге ойларын айтып, ақылдасып, көмек сұрайды. Түлкі жағдайымды жарастырсаңдар көмектесейін дейді. Қасқырлар келісім береді. Түлкі өгіздерге барып, оларды мақтап, әрбіреуінің ерекше тұлға екенін дәріптеп, арасына сөз салады:
Жігіттер тірлік қандай, бірлік қандай,
Сөйлесе бүлкілдейді біздің таңдай.
Алтауың алты сайда жатсаң егер,
Бай болып, жүресіңдер асыл жандай.
Сөйтіп арасына іріткі салып, алты өгіз алты сайды билеп, асып-тасып жүргенде қасқырлар келіп, әрбіреуін жеке-жеке жығып жепті.
Қасқырға түлкі келіп мақтанады,
Айырдым арасын деп шаттанады.
Бөрілер естісімен қуанысып,
Тұс-тұстан басын қосып аттанады.
Әр сайдан өгіздердің бәрін тапты.
Алтауын алты сайда орындапты.
Алтауы алты сайда жатқанменен,
Өгіздер бұдан қандай пайда тапты.
Осы жырлар қазір жұрт жадында сақталып, ауызекі әңгімілерде айтылып жүрсе үлкен жетістік болар еді. Мүмкін әлі де ел ішінде сақталған үзінділері бар шығар деп ойлаймын. Әлі де талай жоғалып бара жатқан құндылықтарымыз түгенделеді ғой деген сенімдемін.
Дәстен БАЙМҰҚАНОВ,
өлкетанушы.