«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТЫМЫЗДЫ ҰЙЫСТЫРАТЫН ҰЛЫҚ МЕЙРАМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Төл тарихымызға үңілетін болсақ, бабаларымыз ұлт тағдырына қатысты қадау-қадау жайттар­ды алқалы жиындарда халық бо­лып талқылап, ақылдасып, бү­кіл елді біріктіретін шешім қа­былдап отырған. Талас құрыл­тайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекетке айналды. Ордабасы, Қарақұм құрылтай­ла­ры қол бастаған батырлар­ды елді, жерді қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бі­рін­ші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екін­ші құрылтайда Алаш автоно­миясы жарияланды. Егеменді­гіміздің елең-алаң шағында Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Қарап отырсақ, қай-қайсысы болсын елдігімізді нығайта түсуге қызмет еткен.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай шақыру дәс­түрін жаңғыртуға бастамашы болды. “Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты аяқтады. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құ­рылтай құруды ұсынамын. Құ­рылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөй­тіп, билік пен халықтың ара­сындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі қоғамдық ке­ңестердің бәрін өз айналасына топтастырады. Осылайша сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын өкілді құрылым қалыптасады. Ұлттық құрылтай мүшелері маңызды мәселе­лер­ді талқылау үшін тұрақты түрде бас қосып отырады”, – деп атап көрсетті.

2022 жылы тұңғыш рет ұлт ұясы – Ұлытау төрінде бастау алып, одан рухани астанамыз Түркістанда, биыл әулиелер ме­кені Атырауда жалғасқан Ұлт­тық құрылтай жарқын болашақ­қа даңғыл жол салатын Тәуел­сіз қазақ елінің жаңа дәуір жолайрығы десе де болады. Жал­пы жаңа Қазақстан құру жо­лындағы игі қадамдар киелі де қасиетті орындармен тамыр­ласып, үндестік тауып келеді. Наурыз мерекесімен және Рамазан айымен орайлас келген, си­паты өзгеше, мазмұны ауқымды соңғы құрылтайда руханият пен мәдениетімізге қатысты мәсе­лелердің кеңінен талқылануы көпшілікке үлкен ой сал­ғаны анық. Өйткені ұлт бірлігін нығайту бағытындағы тың идея­лар мен жасампаз құнды­лықтар алаңы саналатын мұн­дай кеңес­тің орны бөлек. Мем­лекет басшысы “Тәуелсіздік бә­рінен қымбат” мақаласында елі­міз­дегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауапты екенімізді тағы бір мәр­те қайталап, халқымызды біріктіретін ортақ құндылық ретінде әбден танылған Наурыз мейра­мын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің маз­мұ­нын байытудың озық әдіс-тәсілдерін жетілдіруге нақты тап­сырма берген болатын. Мұндай бастама ой-санамызды жаң­ғыр­тып, ұлттық рухымызды одан әрі шыңдауға құлшыныс ту­дыратынына қазірдің өзінде анық көз жеткізіп отырмыз. Оның нақ­ты айғағы­ – Ұлыстың ұлы күнің тұтас халықтық мере­ке­ге ай­налып, өзгеше қыры­нан жаң­ғыруы. Яғни 14 наурыз ­– Амал мерекесінен бас­та­лып, Қайырымдылық, Мәде­ниет және ұлттық салт-дәстүр, Шаңырақ, Ұлттық киім, Жаңару, Ұлттық спорт, Ынтымақ, Тазару күндеріне жалғасып, Жыл басы күнімен түйінделеді. Көктемгі ағаш егу, жалпыұлттық эколо­гиялық акция өткізу дәстүрле­рімен ерекшеленеді. Наурыз ме­рекесінің жарқын символы ре­тінде қызғалдақ гүлінің таңдап алынуының өз сыры бар, ата-бабамыз оны ежел­ден жұмақ гүлі санаған. Өңір бойынша ұйымдастырылып жатқан екі жүзден астам кешенді іс-шара барысында өзара құрмет пен бауырмалды­лық­тың, мейірім­ділік пен жана­шырлықтың мән-маңызын паш ететін, ортақ мақсаттарға ұйыс­тыратын бастамалардың өр­кен жаюы өте құптар­лық.

Бір аңғарғаным, Қасым-Жо­март Кемелұлының Ұлттық құрылтайдың үшінші отыры­сында сөйлеген сөзі Ұлыстың ұлы күнін ардақтаумен, мәдени кодымыздың ажырамас бөлігі ретінде тығыз бірлікте қара­лып, рухани байланысып жа­туы дер едім. Былайша айтқан­да, әз-Наурыздың ұлттық біре­гейлігімізді нығайтудағы мызғымас орнын айғақтап берді. “Әрине бүкіл әлем жұрт­шы­лығымен бірге қарсы ала­тын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ әз Нау­рыздың мәртебесін көтеріп, маз­мұнын байыта түсеміз. Мыса­лы, Көрісу күнінен баста­латын мейрам кезінде әр күн­нің атауы болады. Соның бірі – Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Кейбір ірі компа­ниялар мен оқу орындары ұлт­тық нақышта киіну үр­дісін енгі­зіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түсу керек. Қазіргі таңда мұндай қадам­дардың мән-маңызы айрық­ша”, – деген Пре­зидент ел ішінде өз азаматта­рымызды қара киім киініп, тұмшаланып жүретін жаман әдет­терден тыйылуға шақырды. Шынында да, қазақ халқының дүние­танымында қара киініп жүру де­ген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре­діншіл­діктен туған ерсі қылық. Салт-дәстүрімізден ажырамау­дың үл­гілерін жаңа жылымызды атап өту апталығында анық байқа­дық. Мекеме қызметкер­лері­нің, мектеп мұғалімдерінің ұлттық киіммен жүруі қуантады. Тіпті басқа этнос өкіл­дерінің өз­деріне керемет жарасып тұр. Міне, жат идеалдардан ары­лу­дың осын­дай ұстаным­дарын күн­делікті тә­жірибеге енгізіп, біріз­дендір­сек, рухани дербесті­гі­мізді ны­ғайта түсері­міз анық. Осы үрдісті отбасылық дәстүр­мен тығыз бірлікте дамы­татын болсақ, ру­хани кеңістігіміз ке­ңейіп, зайырлы ел ретіндегі мәртебеміздің арта түсері кәміл. Төл мәдениетімізбен қабыспайтын, қоға­мымызға, мемлекет­ті­лі­гімізге нұқсан келтіретін теріс үрдістер сейіліп, барынша тосқауыл қойылар еді.

Халықтың береке-бірлігін сақтаудың жолдары көп. Прези­дент елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталатынын, олардың бірі-біріне ті­лектес, жанашыр болғанын қа­лайтынын қадап айтты. Абайдың “біріңді қазақ, бірің дос, көр­месең, істің бәрі бос” деген сөзі­нің әлі өзекті екенін мысалға кел­тірді. Самарқанның көк тасы жі­битін уақытта адамдар бір-біріне достық қолын ұсынып жат­са, қандай ғанибет! Наурыз – ке­шірім айы деп текке айтылма­ған. “Алдыңа келсе, атаңның құ­нын кеш” деген. Ұлттың жаңа келбетін айқындайтын құнды­лықтардың бірі – отаншылдық, ынтымақ, еңбекқорлық, заң және тәртіп дағдылары. Әділет­ті мемлекет құрамыз десек, өс­келең ұрпақты заман талабына сай бейімдеудің, күш-жігерлерін үйлестіріп отырудың маңызы зор. Халқымыздың қанына сің­ген қамқорлық, бауырмалдық қа­сиеттері Ұлыстың ұлы күні­мен сабақтасып жатса, кез кел­ген қиындыққа, қауіп-қатерге тө­теп берер едік. Бұл құндылықтар төл тарихымызға, мәдение­ті­­мізге, болашаққа ұмты­лы­сы­мызға негізделген. Идеология саласында алда тұрған міндет­тердің ауқымы ұлан-ғайыр. Аға ұрпақты есірткі сау­дасы, на­ша­қорлық, құмарпаздық сияқты қауіпті кеселдердің өршіп бара жатқаны қатты алаңда­тады. Тек был­тырдың өзінде ғана есірткіге қарсы 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталып, заң­сыз айна­лымнан 41 тонна есірткі алын­ған. 400 мыңға жуық адам бук­мекерлік кең­селер мен ка­зи­нолардың тұрақты клиентте­рі кө­рінеді. Со­ның кесірінен талай шаңырақ шайқалып, әсі­ресе, жас ұр­паққа орны толмас зиян келтіріп отыр. Сондықтан әз Наурыздың бір мақсаты жақ­сыдан үйрену, жаманнен жирену еке­нін ұғындыра отырып, адал ең­бекпен тапқан табыс қана бе­рекелі болатынын, “Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс” бір-бірінен ажы­рамас ұғым­дар екенін тал­май насихат­тауымыз керек.

Әз-Наурыздың жаңаша той­лануы, өзгеше қырынан атап өтілуі халқымыздың дүниета­нымы мен өмірлік ұстанымда­рына, сана-сезіміне үлкен серпіліс әкелеріне сенімдімін. Дәс­түрлі құндылықтарымызды қа­зіргі мәдени үрдістермен үй­лестіру арқылы ғана қанымыз­ға сіңген жағымсыз әрекет­терден арылып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра алатынымызды баса айтқым келеді.

Ғабит ҚОҢЫРБАЕВ,

зейнеткер.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp