Халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық дәстүрлерінің бірі – бата беру. Сөздің құдіретін білген халқымыз бата арқылы ақ ниетін, ізгі тілегін жеткізген.
“Батаменен ел көгерер” деген нақыл сөз содан қалған. Бүгінгі қоғамға батаның мәнін ұғындыру мақсатында Тайынша ауданының орталығында “Ақ бата” сайысы ұйымдастырылды. Рамазан айында “Ислам және дәстүр құндылығы” аясында өткен байқауға діни ілімнен хабары бар, салт-дәстүрге жетік он ақсақал қатысты.
Қазылар алқасы ақсақалдардың бата беру шеберлігін, шешендік өнерлерін назарға алды. Осы талап үдесінен шыққан Мұхамметғали Есенбай бірінші орынға лайық деп танылды. Екінші және үшінші орынды Сәлімжан Бимағамбетов пен Кенжеғара Молдағали иеленді. Жүлдегерлер арнайы Алғыс хаттармен марапатталып, ақшалай сыйлықтар табысталды.
– Мұндай жарыс ауданда бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Қасиетті Рамазан айында ақсақалдардың білімдерін саралап, өнерлерін бағаладық, – дейді Тайынша аудандық мешітінің бас имамы Зиятбек Ахметұлы.
Сайыстан соң қатысушыларға ауызашар дастарқаны жайылды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.