«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Алимент – міндетті төлем

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел Конституциясы бойынша ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Ал дүниеге әкелген сәбиге толыққанды тәлім-тәрбие беру (тамақтандыру, киіндіру, оқыту т.б.) – ата-ананың басты парызы. Өкінішке қарай, осы бір жауапкершілікті жете сезінбейтіндер арамызда аз емес. Олар алимент төлеуден жалтару арқылы заңға да жүрдім-бардым қарайтынын көрсетеді.

Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару заң жолымен жазаланады. Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес, ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты он сегіз жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамауы, не кәмелетке толған еңбекке қабілетті адамның өзінің еңбекке қабілетсіз ата-анасын күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден үш айдан астам жалтаруы, не еңбекке қабілетті адамның еңбекке қабілетсіз және материалдық көмекке мұқтаж жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден алты айдан астам жалтаруы алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеліп соғады.

Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот атқарушылық іс жүргізу бойынша алимент өндіріп алуға қатысты екі үкім шығарды. Атап айтқанда, ата-ананың кәмелетке толмаған балаларды асырап-қағуға сот шешімі бойынша екі борышкер қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жыл бас бостандығы шектелді. Егер жазасын өтеуден қасақана жалтарған жағдайда заң талаптары қатаңдатылып, бас бостандығынан айыру түріндегі жазамен ауыстырылады. Бұдан бөлек, жәбірленушілердің пайдасына он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтемақы өндіріліп алынады.

Бүгінгі таңда алимент өндіріп алу туралы 7902 атқарушылық іс атқарылуда, оның 4 142-сі борышкердің жалақысынан және өзге де табысынан ұсталынады. Борышкерлерді іздестіруге байланысты 55 өндірістік іс тоқтатылды. 192 атқарушылық іс жүргізу бойынша 3 айдан астам берешек 70 млн. теңгеден асады. 160 өндіріс бойынша берешек мүлдем өтелмеген, қарыз 168 млн. теңгеге жуық.

Сот шешімін орындамағаны үшін жеке сот орындаушыларының атқарушылық іс жүргізуі негізінде атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету шаралары қолданылады. Мәселен, биыл екі айда борышкерлерге тиесілі автокөлікті бұғаттау арқылы алимент өндіріп алу туралы 3 қаулы жіберілді. Көлік құралын басқаруға бұрын берілген арнайы құқықтың қолданылуын тоқтата тұру бойынша 8 сот актісі шығарылды. Сондай-ақ атқарушылық құжатты орындамағаны үшін борышкерге әкімшілік немесе қылмыстық жаза қолдану қарастырылған. “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодекстің 669-бабы негізінде 11 борышкер әкімшілік қамауға алынып, 13 борышкерге әкімшілік айыппұл салынды. Қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 12 ұсыныс жолданып, 2 борышкер бас бостандығын шектеу түрінде 1 жылға жазаланды.

Елена ЖҰМАҒҰЛОВА,

облыстық әділет департаментінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp