Облыс әкімі жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына барды. Мұнда өңір басшысы бірқатар нысандарды аралады. Мәселен, аудан тұрғыны Владимир Лагода көптен бері бері жиһаз өндірісімен айналысады. Бүгінгі таңда оның кәсіпорнында алты адам жұмыс істейді. Мұндағы орташа жалақы – 150 мың теңге. Кәсіпорынның негізгі тұтынушылары – жергілікті тұрғындар мен Қостанай облысының шекаралас аудандары.
Бұл күні аудан орталығында “Жас қыран” дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Жамбыл аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Станислав Полевничийдің айтуынша, аталған ұйымда 6-18 жас аралығындағы 486 оқушы тәрбиеленіп жатыр. Олар спорттың 10 түрі бойынша жаттығады. Атап айтсақ, қазақ күресі, еркін, грек-рим күрестері және ауыр атлетика, баскетбол, волейбол бар. Кешенде асық ату, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және қазақ күресінен ашық турнирлер өткізілді.
Сондай-ақ Ғауез Нұрмұхамбетов Қожаберген жырау атындағы жалпы орта білім беретін мектепке барды. “Қазақстан халқына” қоғамдық қорының қаржыландыруымен аталған білім ордасына 250 млн. теңгеге жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Мұнда оқу кабинеттері жаңартылып, заманауи білім беру сапасына сәйкес жабдықталған. Жаңадан сатып алынған құралдардардың қатарында интерактивті тақта, онлайн сабақтар мен шеберлік сағаттарын жазып алуға арналған телестудия да бар. Алайда мектептің төбесінен су ағып тұр. Алдағы уақытта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шатыры ауыстырылмақ.
Жамбыл орталық аудандық ауруханасына да 93 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген. Аурухана директоры орынбасарының міндетін атқарушы Еркегүл Сүйіндікованың айтуынша, желдеткіш, есік, терезелер толық ауыстырылған. Барлық кабинеттерге жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Қазіргі таңда ауруханада 25 дәрігер мен 124 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Өткен жылы 91 млн. теңгеге қажетті құрал-жабдық сатып алынған. Сонымен қатар ауруханада телемедицинаға арналған құрылғы да орнатылған, оның көмегімен дәрігерлер науқастарға онлайн кеңес бере алады. Аудандық бюджет қаражатына Святодуховка ауылында медициналық пункт салынған.
Кәмила ХАМИДУЛЛИНА,
журналист.