«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жекпе-жек — батылдардың спорты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары елімізде аралас жекпе-жек спорты қанатын кеңге жайып келеді. Сөзімізге отандық файтерлердің халықаралық аренада атой салып, “М-1” және “UFC” сынды турнирлерде жеңіске жетулері дәлел. Петропавлдағы “Қызылжар” спорт клубының бапкерлері отандасымыз Шавкат Рахмонов сияқты атақты спортшы тәрбиелеу үшін барын салып жұмыс істеуде. Клубтың басшысы әрі бапкері Жалғас Тортуловпен сұхбатта осы және өзге де жайттар туралы айтылды.

– Жалғас Аққозыұлы, бі­луімше, өзіңіз бірнеше спорт түрін меңгергенсіз. Бокспен, кейін қоян-қолтық ұрыспен шұғылдандыңыз. Қазір ара­лас жекпе-жекте жүрсіз. Осы спорт түрлерінің бәрін қай уақытта меңгеріп жүрсіз?

– Иә, мен өзім бірнеше спорт түрін меңгердім. Бокспен де шұ­ғылдандым. Отан алдындағы бо­рышымды өтеп жүрген кезде жауынгерлік жекпе-жек, қоян-қолтық ұрысты меңгеріп алдым. Бала күнімнен жұдырықтасуды жақсы көрдім. Кейін күресте қол­данылатын қылқындыру, ауырту тәсілдерін игердім.

Әскерден оралған соң ара­лас жекпе-жекпен айналысуды ұйғардым. Бірнеше турнирге қа­тыстым. Әрине білікті бапкер болу үшін саланы меңгеріп алға­ның жөн. Кейінгі жылдары түрлі турнирлерде төреші болып қыз­мет ете бастадым. Өзгелердің тәжірибесін меңгеріп, әріптестеріме қарап, бой түзедім. Осы­лайша “Қызылжар” клубын аш­тым. Қазір өзім де шәкірт тәрбиелеп жүрмін.

– Біздің облыста аралас жекпе-жек спорты қаншалықты дамыған?

– Жекпе-жек – ұлттық спорт түрлерінің бірі. Бағзы замандарда батырларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елі­мізді қорғаған. Солардың батыл­дығының арқасында халқымыз қазір егемен ел болып, бейбіт өмір сүріп жатыр. Менің ойым­ша, жекпе-жекті біз әрмен қарай дамытып, өскелең ұрпаққа жеткі­зуге міндеттіміз.

Төрт жылда бір рет өтетін ұлт­тық спорт түрлері бойынша фес­тиваль бар. Осы жарыста өңі­ріміз бірнеше жүлделі орынға ие болды. Жерлестеріміз жекпе-жектен командалық есепте бі­рінші орын иеленді.

– Аралас жекпе-жек түрле­рімен айналысып жүргендер­дің жас ерекшеліктері қан­дай?

– Мен жекпе-жек үйірмесіне балаларды 7-жастан бастап қа­былдаймын. Ал талап бойынша бұл спортпен айналысуға 9 жас­тан асқандарға ғана рұқсат бе­ріледі. Әрине кішкентай балалар бірден спарингқа қатыспайды, жарыстарға бармайды. Алды­мен бұлшықеттерін жетілдіреді, күреседі, соққы жасауды үйре­неді. Араға 1-2 жыл салып, қала­лық және облыстық турнирлерге қатыса бастайды.

“Қызылжар” клубында ара­лас жекпе-жек тәсілдерін ере­сектерге де үйретеміз. Оларды жарыстарға дайындаймын. Жас­өспірімдер, жастар және ере­сектер арасында түрлі турнир­лерде жеңіске жеткендер көп. Мәселен, шәкірттерімнің ара­сында спорт шеберіне үміткерлер жиырма шақты. Жалпы 170-ке жуық шәкіртім бар.

– Түрлі жарыстарға қаты­сады дедіңіз, нақтылай кетсеңіз, ол қандай жарыстар?

– Жыл сайын ел біріншілігі мен Қазақстан кубогы өтеді. Сон­дай-ақ республикалық деңгейде 2-3 турнир ұйымдастырылады. Оған жасөспірімдер мен жастар да қатысады. Әрине әрқайсысы өз жас санаттары мен салмақ­тарында бақ сынайды. Бұдан бө­лек, аралас жекпе-жектен клуб­тар арасында сайыстар өткізіліп тұрады. Біздің клуб мүшелері Көк­шетау, Астана, Қостанай, Қарағанды, Балқаш, Павлодарға барып, тәжірибе алмасады. Жы­лына ұзын саны он шақты жарыс өтеді. Қалыс қалмауға тырыса­мыз.

Петропавлда да жекпе-жектен үш жарыс, ал аралас жекпе-жектен екі турнир өтті. Биыл жас­өспірімдер арасында іріктеу сайысын ұйымдастыруды жос­парлап отырмын. Бұл сында же­ңіске жеткендер облыс намысын республикалық сындарда қор­ғау­ға мүмкіндік алмақ.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan” .

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp