Халықаралық театр күніне орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Көрермен назарына “Сараң” спектаклі ұсынылып, үздік деп танылған мамандар марапатталды.
Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев пен мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Гүлнәр Қасымова өнер иелерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, театр – халықтың жаны, рухани айнасы екенін айтты. Өнер ордасының бас есепшісі Зейнеш Сабырова, үй күтуші Гүлмира Көшербаева мен дарынды актриса Мақпал Серкебаева “Еңбек даңқы” төсбелгісімен марапатталды. Театрда 20 жылдан аса қызмет атқарып келе жатқан Ақтілек Балқыбекова, Самал Емелева, Гүлназ Гайнулиналарға “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісі табыс етілді. “Театр жанашыры” аталымында Бекзат Сәрсекей, “Үздік қызметкер” аталымында Елена Рейзвих, “Театрға қосқан үлесі үшін” номинациясында Әсел Джимбекова үздік деп танылды. Ботагөз Ахметоваға “Шығармашылық жетістіктері үшін” аталымы, Ислам Жақсылыққа “Үздік эпизодтық рөл” аталымы берілді. “Үмітті” Дильназ Қабдырова, “Көрермен көзайымын” Эланар Кенжебеков, “Екінші пландағы үздік актрисаны” Құртқа Мусина иеленді. “Екінші пландағы үздік актер” аталымында Ернұр Аралтаев, “Ең үздік актрисада” Жанар Насырова, “Ең үздік актер” номинациясында Асылхан Разиев топ жарды.
– Халық арасында “театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер” деген қағида жиі айтылады. Өмірдің шынайы бейнесін сахнадан көрсетуді мақсат тұтқан актерлердің еңбектері ерен. Театр – халықтың ар-ұяты. Біз жанашыр көрермендерімізді қуантудан жалықпаймыз, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаров.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.