Облыстық қуыршақ театрында “Степной ноктюрн или между закатом и рассветом” атты қойылым сахналанды. Туындының авторы – ресейлік режиссер Евгений Ибрагимов. Қойылымды қазақ халқының тарихына жасалған қызықты саяхат деуге болады.
Қараңғы зал. Қасқырдың дауысы, құстардың сайрағаны, шыбын-шіркейдің сыбдыры, ат тұяғының дүбірі естіледі. Актер Нұрсұлтан Қалқабекке сахнадағы қараңғылық біраз қиындық тудырған.
– Әртіске қараңғыда ойнау оңай емес. Біз ұзақ дайындалдық. Режиссердің таңдауы бойынша, көрерменге қойылымды ғана көрсетпей, оларды өзімізбен бірге алып жүруіміз керек. Сәтті ойнап шықтық, – дейді ол.
Қойылымның тағы бір ерекшелігі актерлер сахнада бір-бірлерімен мүлдем сөйлеспейді. Әртістер ым-ишара мен әуенге сүйене отырып 40 минут бойы өнер көрсетті.
– Бұл спектакльді мәдениет саласының қызметкерлері, театр өкілдері тамашалады. Қойылымнан кейін Халықаралық театр күніне орай бірқатар өнер иесін Алғыс хаттармен марапаттадық, – дейді облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Айбол Қасым.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.