Соңғы жылдары елімізде аралас жекпе-жек спорты қанатын кеңге жайып келеді. Сөзімізге отандық файтерлердің халықаралық аренада атой салып, “М-1” және “UFC” сынды турнирлерде жеңіске жетулері дәлел. Петропавлдағы “Қызылжар” спорт клубының бапкерлері отандасымыз Шавкат Рахмонов сияқты атақты спортшы тәрбиелеу үшін барын салып жұмыс істеуде. Клубтың басшысы әрі бапкері Жалғас Тортуловпен сұхбатта осы және өзге де жайттар туралы айтылды.
– Жалғас Аққозыұлы, білуімше, өзіңіз бірнеше спорт түрін меңгергенсіз. Бокспен, кейін қоян-қолтық ұрыспен шұғылдандыңыз. Қазір аралас жекпе-жекте жүрсіз. Осы спорт түрлерінің бәрін қай уақытта меңгеріп жүрсіз?
– Иә, мен өзім бірнеше спорт түрін меңгердім. Бокспен де шұғылдандым. Отан алдындағы борышымды өтеп жүрген кезде жауынгерлік жекпе-жек, қоян-қолтық ұрысты меңгеріп алдым. Бала күнімнен жұдырықтасуды жақсы көрдім. Кейін күресте қолданылатын қылқындыру, ауырту тәсілдерін игердім.
Әскерден оралған соң аралас жекпе-жекпен айналысуды ұйғардым. Бірнеше турнирге қатыстым. Әрине білікті бапкер болу үшін саланы меңгеріп алғаның жөн. Кейінгі жылдары түрлі турнирлерде төреші болып қызмет ете бастадым. Өзгелердің тәжірибесін меңгеріп, әріптестеріме қарап, бой түзедім. Осылайша “Қызылжар” клубын аштым. Қазір өзім де шәкірт тәрбиелеп жүрмін.
– Біздің облыста аралас жекпе-жек спорты қаншалықты дамыған?
– Жекпе-жек – ұлттық спорт түрлерінің бірі. Бағзы замандарда батырларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елімізді қорғаған. Солардың батылдығының арқасында халқымыз қазір егемен ел болып, бейбіт өмір сүріп жатыр. Менің ойымша, жекпе-жекті біз әрмен қарай дамытып, өскелең ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз.
Төрт жылда бір рет өтетін ұлттық спорт түрлері бойынша фестиваль бар. Осы жарыста өңіріміз бірнеше жүлделі орынға ие болды. Жерлестеріміз жекпе-жектен командалық есепте бірінші орын иеленді.
– Аралас жекпе-жек түрлерімен айналысып жүргендердің жас ерекшеліктері қандай?
– Мен жекпе-жек үйірмесіне балаларды 7-жастан бастап қабылдаймын. Ал талап бойынша бұл спортпен айналысуға 9 жастан асқандарға ғана рұқсат беріледі. Әрине кішкентай балалар бірден спарингқа қатыспайды, жарыстарға бармайды. Алдымен бұлшықеттерін жетілдіреді, күреседі, соққы жасауды үйренеді. Араға 1-2 жыл салып, қалалық және облыстық турнирлерге қатыса бастайды.
“Қызылжар” клубында аралас жекпе-жек тәсілдерін ересектерге де үйретеміз. Оларды жарыстарға дайындаймын. Жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында түрлі турнирлерде жеңіске жеткендер көп. Мәселен, шәкірттерімнің арасында спорт шеберіне үміткерлер жиырма шақты. Жалпы 170-ке жуық шәкіртім бар.
– Түрлі жарыстарға қатысады дедіңіз, нақтылай кетсеңіз, ол қандай жарыстар?
– Жыл сайын ел біріншілігі мен Қазақстан кубогы өтеді. Сондай-ақ республикалық деңгейде 2-3 турнир ұйымдастырылады. Оған жасөспірімдер мен жастар да қатысады. Әрине әрқайсысы өз жас санаттары мен салмақтарында бақ сынайды. Бұдан бөлек, аралас жекпе-жектен клубтар арасында сайыстар өткізіліп тұрады. Біздің клуб мүшелері Көкшетау, Астана, Қостанай, Қарағанды, Балқаш, Павлодарға барып, тәжірибе алмасады. Жылына ұзын саны он шақты жарыс өтеді. Қалыс қалмауға тырысамыз.
Петропавлда да жекпе-жектен үш жарыс, ал аралас жекпе-жектен екі турнир өтті. Биыл жасөспірімдер арасында іріктеу сайысын ұйымдастыруды жоспарлап отырмын. Бұл сында жеңіске жеткендер облыс намысын республикалық сындарда қорғауға мүмкіндік алмақ.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan” .