ЕРІГЕН ҚАР ЕСТІ ШЫҒАРДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шапса аңның тұяғы, ұшса құстың қанаты талатын қазақтың кең-байтақ жерінде жұртшылықты әбден әуре-сарсаңға салып,  есін шығаратын ағайынды жеті жұттың ішінде ең қатерлісі – топан су. Оның бірі, яғни  жайылым-шабындықтардың тоң болып қатып, мұздаққа айналуынан төрт түлік малдың жүдеп, пышаққа ілінуі, арам қатуы   жөнінде газетіміздің биылғы  7 наурыз күнгі санында жарияланған «Көтерем мал көктемге аман шықса игі» атты мақаламызда жазылған болатын.  Бүгінде қар мен жауын-шашынның мол түсуі және  жер асты су деңгейінің күрт көтерілуі салдарынан өзендер мен айдын көлдердің  арнасынан асып,  сел мен тасқыннан зор зардап шегіп отырған елді мекендер мен мал-жан аз емес.

    Табиғаттың құбылмалы ауа райы мен тосын әрекеттері айтып келмесі белгілі. Сондықтан оның аса қауіптілігін күні бұрын болжап,  алдын ала қам-қарекет жасаудың мәні айрықша. Әсіресе, қоян жылының қытымыр қысының қос өкпеден қысқандай   алабөтен мінезі сабақ болса игі еді. Әрине, бұл бағытта өңірлерде атқарылып жатқан кешенді іс-шаралардың ауқымды екені рас, оны ешкім  де жоққа шығармайды.  Алайда,  туындаған төтенше жағдайға тиісті ведомостволар мен барлық деңгейдегі атқарушы билік органдарының толыққанды дайын болмай шығуының негізгі себебі   жағдайды терең бағаламауға, проблемаға жете үңілмеуге, әбден үйреніп қалған қағазбастылыққа тірелетін сияқты. Президент шұғыл түрде  өткізген кеңесте  аймақтардағы қалыптасқан ахуалға, адамдарды құтқару және су тасқынының салдарын жою бағытында қабылданып жатқан жұмыстарға  қанағаттанарлықсыз бағаның берілуі осы ойымызды дәйектей түседі. Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет пен әкімдердің жұмысын немқұрайлы және кәсіби міндетіне сәйкес келмейтінін,  Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында жүйелі байланыс орнатылмағанын өткір сынға алды. Зардап шеккен тұрғындардың шығыны үлкен көлемде өтелетінін, барлық азаматқа көмек көрсетілетінін қадап айтты. Мемлекет басшысы  жағдайды қалыпқа келтіру үшін шұғыл шаралар тізбегін қабылдаумен қатар жүйелі жұмыс қажет екенін атап өтіп, барлық жерлерде су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту, ең бастысы, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берді. Мемлекеттік құрылымдарға табиғат апаты салдарынан болған шығын көлемін анықтау және алдағы уақытта осындай тосын жағдайлардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдау міндеті жүктелді.

   Үкімет жетекшісі Олжас Бектенов төрағалық еткен   су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық кеңес отырысында Төтенше жағдайлар министрі  Шыңғыс Әріновтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша,   11306 адам эвакуацияланған. Уақытша орналастыру бекеттеріне 5456 адам жайғастырылған. Су шайып кеткен 40 автожолды, көпірді және  39 жол төсемін қалпына келтіру бақылауға алынған. Қажетті  азық-түлік пен дәрі-дәрмектің тиісті қорлары жеткілікті. Әкімдіктермен бірлесіп, 2,3 млн.текше метр ағынды су шығарылған,  162 мыңнан астам құм толтырылған қапшық  және  31587 тонна инертті материал төселген. Апаттық-құтқару жұмыстарына  6349 адам,  2192 техника,  689 сорғы құралы, сондай-ақ жүзу, әуе кемелері  жұмылдырылған. Бір қызығы, ведомоство басшысы 20 ақпандағы Үкімет отырысында да осы деректерді тізбелеп шыққан. Республикада су тасқыны бойынша жағдай тұрақты деп мәлімдеген. Өңірлердегі алаңдатарлық жайттар, жедел түрде шешімін табатын шетін мәселелер боямасыз шындықпен айтылудың орнына  адамдардың қыл үстіндегі жанталасқан өмірі құрғақ статистикалық мәліметтер астында көміліп қалған тәрізді. Өйткені Премьер-Министр  «бұл соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны. Қазір бастысы– адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту», – дей келіп, кейін жекелеген лауазымды тұлғалардың өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарауының ықтимал фактілерін анықтау мақсатында  егжей-тегжейлі тексеру жүргізілетін қатаң ескертті.

            Министрдің  су қоймалары мен өзендердегі жағдайға мониторинг жүргізілуде. Қазіргі уақытта Ақтөбе, Сазды, Ащысу, Жартас су қоймалары транзиттік режімде жұмыс істеп тұр, деуі де ақиқат ауылынан алыс жатыр-ау деп пайымдайсың. Біріншіден, мониторингтің жылы кабинеттерде ұйымдастырылатыны айтпаса да түсінікті. Осы себепті  ешқайда бармай-ақ, облыстық деңгейдегі  ұйымдардың  фактілеріне жүгіне салған  тәрізді. 41 ауылмен қарым-қатынастың мүлдем үзілгені туралы жақ ашпайды. Жағдай ол баяндағандай болса, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Абай, Ұлытау, Ақмола облыстары бойынша  жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялана ма? Шұғыл байланыс желілеріне күніне жүздеген  қоңырау келіп түсе ме? 7 облыста 8811 адам, оның ішінде 3183 бала шұғыл түрде қауіпсіздік аймақтарға шығарыла ма? Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай  Ақтөбе облысы Қобда ауданының тұрғындарымен кездесіп, су басқан елді мекендерге барған. Фейсбуктағы парақшасында «Жағдай қиын. Берсиев сияқты ауылдарды қызыл су толық шайып кетті. Үйі суға кеткен ағайындардың қасында жүрміз.  Адамдар мектептің екінші қабатында отыр. Тікұшақ қонатын жер жоқ. Адамдар әуе көліктеріне қайықпен жеткізіледі»,–деп нақты ахуалды еш бұрмалаусыз сипаттайды.  Ойыл, Байғанин, Темір аудандарында  бірқатар елді мекен  малымен бірге суға кеткен. Жолдар мен көпірлер істен шыққан. Әйтеке би, Мұғалжар аудандарын су басу ықтималдығы өте жоғары. Қар суының шамадан тыс көп жиналуынан Ақтөбе су қоймасы  толып кеткен.  «Ақтөбе облысында қырдан аққан қызыл су республикалық маңызы бар жолды шайып кетті. Мамандар түннен бері трассаның екі бетін бөгеп үлгірмей жатыр»,–делінген әлеуметтік желідегі ақпаратта. Ұлытау облысында  күн күрт жылынып, қар тез ери бастаған кезде су өткізгіш құбырлардың қауқары жетпей қалған. Қоскөл, Қорғасын, Терісааққан, Сарлық ауылдарына баратын жолдарда көлік қозғалысы тоқтатылған. Қостанай облысының әкімдігі жылдағыға қарағанда биыл қардың көп жауғанын, жердің тоң болып қатып қалғанын біле тұра жайбасарлыққа салынған секілді. Оған  коммуналдық меншіктегі 10 гидротехникалық құрылым сапасының  мүлдем төмендігі дәлел. Олардың бесеуінде  жергілікті хабарлау жүйесі қойылмаған. Мұның өзі су басқан ауылдарда тез әрекет етуге кедергі келтірері сөзсіз. Арқалық қаласында, Амангелді және Жанкелдин аудандарында қарғын су  мал-жанды үлкен әбігерге салып, төтенше жағдай енгізуге тура келген.   Ақмола облысының әкімі  Мәжіліс депутаттарымен кездескенде Қылшақты өзеніндегі су деңгейінің бір метрге дейін төмендегенін, Көкшетауда  тасқын судың сейілгенін жеткізіпті. Соған қарағанда алқаптардағы қардың толық еріп кетпегенін ескермеген  тәрізді. Осы өңірдегі Қоянды ауылының тұрғындары жандары қысылғандықтан, республикалық маңызы бар  трассаны жауап тастауға дейін барған жоқ па?

  Синоптиктер еліміздің төрт облысында су тасқыны қаупі әлі сақталатынын болжап отыр.   Оның бірі – өзіміздің Қызылжар өңірі.    Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына сүйенсек, Ғабит Мүсірепов атындағы, Шал ақын, Айыртау, Тимирязев аудандарында  қар әлі ери қойған жоқ. Ақжар, Тайынша, Уәлиханов аудандарында да күрделі жағдай қалыптасқан. Астана мен Ақмола облысы су қоймаларынан су көп мөлшерде келсе,  кептеліс орын алуы ықтимал. Еріген қар суы Тайынша ауданы Аққұдық ауылы маңынан өтетін республикалық трассаны шайып кеткен. Бүгінде өңірде 5 мыңнан астам тұрғыны бар  87 елді мекенді су басу қаупі туындап отыр. Тұрғындарды эвакуациялауға арналған 10 өтімді техника,  6 жол талғамайтын көлік, 7  жүзу құралы, 78 мотопомпа, 370 су өткізбейтін костюм, 21 шатыр,  242 жатын орын дайын. 468 кентішілік су өткізгіш құбыр,  8,6 мың  шақырым арық-каналдар тазартылған.  2 млн. текше метр қар шығарылған. 21972 текше мет су сорылған. Уәлиханов ауданына  қосымша құтқару тобы жіберілген. Осындағы қауіпті жерлерде жарты мыңдай адам тұрады. 12 эвакациялау пункті бір мезетте 1300-дей адамды қабылдай алады. Сілеті қоймасынан төнетін қатерден Қаратал мен Қулыкөл ауылдары жылда зардап шегетіндіктен, 30-дан астам техника, инертті материалдар әзірленген. Ғабит  Мүсірепов атындағы  ауданда 12 ауылды су шайып кетуі мүмкін деген болжам бар. Мұнда 9 құтқару тобы құрылып, мұз жару жұмыстары жүргізілген. Шарық өзенінде және Ақанбұрлық өзені бойында орналасқан көпір тұсында  мұздың көбесі сөгілген. Қызылжар ауданында 15 ауылды су басуы ықтимал. Онда екі мыңға жуық адам тұрады. Оның 332-сі–балалар. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бекітілген. Төтенше жағдай бола қалса,  адамдарды орналастыратын 13 эвакуациялық пункт қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, 165 эвакуациялық және инженерлік техника тұрғындарды тасымалдаумен шұғылданады. Қарғын суды сорумен 28 бірлік техника, оның ішінде 2 ассенизатор машинасы, 18 мотопомпа айналысады Наурыз айынан бері 102 мың текше метрден астам қар сыртқа шығарылыпты. 258 су өткізгіш құбыр тазартылған.

      Облыс орталығындағы Жұмысшы кентінің тұрғындары қызыл судың зардабын өте-мөте сезініп отырған сыңайлы. Өйткені, үйлердің көбі төмен орналасқан. Украин көшесіндегі барак типтес 254-ші үйде тұратын тұрғындар қайда шағынарын білмей дал. Москва  көшесінің тұрғыны Күлпаш Төлебаева баспананың ішінде  етікпен су кешіп жүр.

  «iKomek» орталығына күніне ондаған өтініш түседі. «109» телефонында да тыным жоқ. Суды сорып алуға 100-ден астам маман,  60-тай техника,  40 мотопомпа тартылған, олар уақытпен санаспай еңбек етуде», – деді хабарласқанымызда қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

   Алдағы уақытта  өңірде қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады деп күтілуде. Осыған орай  барлық жауапты мекемелер күшейтілген жұмыс режіміне көшірілген. Соған қарағанда арқаны кеңге салып, жағаны жайлауға жіберіп, босаңсуға әсте болмайды.

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА: Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел ақпараты  (31.03.) қолымызға тиді: Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері  4,2 млн. текше метр еріген қар суы (тәулігіне 474 мың текше метр) сорылды,  263 мыңнан астам қапшық (тәулігіне 38 мың және  403 мың тонна инертті материал, тәулігіне  6 мыңнан астам) төселген.  Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан Түркістан, Алматы, Павлодар, Ұлытау, Абай облыстарында  12701  адам, оның ішінде 4728 бала құтқарылып, эвакуацияланған. «Жедел жәрдем» телефондарына  592 қоңырау келіп түскен. 299  жеке тұрғын үй мен 673 аула аумағынан су шығарылған.  Бұл ретте  1267 жеке  тұрғын үй мен  486 аула  аумағы су астында қалып отыр. Су шайған  39 автожол, 1 көпір,  38 жол төсемі бақылауға алынған. 53 елді мекен көлік қатынасынсыз қалған.  Авариялық-құтқару жұмыстарына  6930  адам,  1895 техника  772 су айдау құралы,  68 жүзу құралы,  8 әуе кемесі жұмылдырылған.  

                                                                                                                               Өмір ЕСҚАЛИ,

                                                                                                                   «Soltustik Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp