Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.
«Бүгінгі таңда Агенттік қызметінің басты бағыты қоғамды жегідей жеген індеттің салдарымен емес, себебімен күресі болып табылады. Оның ішінде азаматтардың өмір сүру сапасына кері әсер ететін келеңсіз құбылыстарға ерекше назар аударылады»,–деген Айдос Жаппарұлы 17 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталғанын жеткізді. Мәселен, “Қызылжар” ФК-да қаржылық шығыстарға бақылаудың болмауы салдарынан мемлекеттік сатып алуды жүргізу рәсімдерінің, баламалы коммерциялық ұсыныстарды зерделеудің, қаражатты мақсатты жұмсаудың талаптары, спортты басқаруды бақылау бойынша бекітілген нормалар сақталмаған. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына есеп беруді қажет деп таппаған.
Бармақ басты, көз қысты оқиғаларды бірі орманды пайдалану саласында тіркелген. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда Ақан сері орман шаруашылығының директоры үш жыл ішінде кесілген 64 мың текше метр отынның көп бөлігін (77,1 пайыз) кәсіпкер әйеліне босатып отырған. Осылайша мекеме басшысы өз құқығын асыра пайдаланған. Ал отынды тұрғындардың қымбат бағаға сатып алуына тура келген. Мұндай фактілер Мамлют орман шаруашылығында да орын алған.
Департамент қызметкерлері тауарлардың жасанды түрде қымбаттауының алдын алу үшін мемлекеттік сатып алу жүйесіне күнделікті мониторинг жүргізеді. Оның барысында қалалық әкімдіктің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 4 бөлмелі пәтерді 63,8 млн теңгеге, яғни екі еселенген бағаға сатып алмақ болмақ. Ведомоство араласқаннан кейін пәтердің құны 35,1 млн. теңгеге дейін азайтылды.
«Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-нің бір литр жазғы дизель отынын 450 теңгеге сатып алмақ әрекетінің жолы кесілді. Бағасы 263 теңгеге түсіріліп, 243,1 млн. теңге бюджет қаражатының талан-таражға түсуінің жолы кесілді. «Бірыңғай терезе жүйесі» арқылы қадағалаудың нәтижесінде 27 тауарды сатып алу құны 505 млн. теңгеге төмендетілді. 22 мемлекеттік орган тарапынан бағаны қолжетімді ету бойынша тиісті шешімдер алынды.
Жан АЙМАҒАМБЕТОВ,
облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы.