«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бала – ата-анаға аманат

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі таңда  өзекті мәселелердің бірі – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу.  Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандар арасындағы заңға қарсы әрекеттердің кез келген түріне қарсы  профилактикалық жұмыстарды күшейтуді бірнеше рет атап көрсетті.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының  2-тармағына сәйкес,  балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу  ата-ананың құқығы әрі міндеті болып табылады. «Неке және отбасы туралы» кодексте балаларды тәрбиелеудегі қатынастарды реттейтін  негізгі  нормативтік-құқықтық актілер нақты көрсетіліп,  балалардың әлеуметтік және материалдық құқықтарына басымдық берілген. Қазақстан балалардың құқықтарын қорғаудың халықаралық  жүйесі үдерісіне  белсенді түрде атсалыса отырып,  құқықтық мәдениетті арттырудың, азаматтық қоғам қалыптастырудың маңызын жақсы түсінеді. Кәмелетке толмағандардың  істері жөніндегі соттардың құрылуы  ювеналды әділет жүйесін дамытудағы жаңашылдық  қадам саналады. Осыған байланысты, кәмелетке толмаған бала құқықтарын қорғау мақсатымен  2023 жылдың  1 қыркүйегінен бастап Азаматтық процестік кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, бала құқықтарының қорғалу шегі кеңейтілді.   Бұдан былай   кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылар арасындағы некені бұзу, мүлікті бөлу туралы,  баланың тұрғылықты жерін айқындау,  соның ішінде  бала ата- аналарының біреуімен республикадан тыс жерлерде тұрақты тұру үшін кеткен кезде айқындау, ата-анасының, жақын туыстарының олардан бөлек  тұратын баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау, заңның негізінсіз басқа адамдардың  қолындағы баланы алып қою туралы,  ата-ана құқықтарынан айыру, оларды шектеу  және оларды қалпына келтіру, шектеулерді жою туралы,  бала асырап алу және оның күшін жою, бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы,  кәмелетке толмағандарды  арнаулы білім беру ұйымдарына немесе ерекше режімде ұстайтын білім беру ұйымдарына жіберу туралы  азаматтық істерді қарап, шешу облыстық  кәмелетке  толмағандардың істері жөніндегі  мамандандырылған ауданаралық  соттың құзыретіне берілген. Сондай-ақ біз кәмелетке толмағандарға қатысты  қорғаншылық мен қамқоршылықтан туындайтын даулар бойынша, әкесін анықтау  және алименттер өндіріп алу туралы, он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамның өз кірістеріне өз бетінше иелік ету құқықтартын шектеу немесе  олардан айыру туралы  арыздар бойынша, кәмелетке толмаған адамды  әрекетке толық қабылетті деп жариялау туралы, алименттердің  мөлшерін өзгерту туралы,  кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуга  алимент төлеуден, алименттер бойынша  берешекті  төлеуден босату туралы, кәмелетке толмағандардың  еңбек, мұрагерлік, тұрғын үй құқықтарын қорғау туралы, Қазақстан Республикасына  заңсыз алып келген немесе Қазақстан Республикасында  ұсталып отырған баланы  кері қайтару туралы немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған  халықаралық  шарттың негізінде осындай балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы істерді қараймыз.  Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттылығына  жатқызылған  істер кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдерінің өтініш хаты бойынша, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, облыс орталықтарының шегінде орналасқан аудандық соттардың соттылығына жатқызылған істерді қоспағанда,  баланың тұрғылықты болатын жеріндегі  сотта қаралуы немесе оған берілуі, өтінішхат істі сот талқылауына дайындау аяқталғанға дейін берілуі   мүмкін.

Статистикалық мәліметтерге жүгінетін болсақ, облыстық кәмелетке толмағандардың  істері жөніндегі сотқа  2022 жылы  456 талап арыз түсіп,  310 азаматтық іс, былтыр  1111 талап арыз түсіп, 642 азаматтық іс қаралды.   Жаңа өзгерістерге орай цифрлық көрсеткіштердің  күрт өскенін байқауға болады.  Мұның себептері көп. Оның бірі отбасы ұйытқысын ыдыратпауға бағытталған тетіктердің әлі де жеткіліксіздігін, әсіресе, ата-аналар тарапынан  көңіл бөлудің төмендігін,  құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша тиісті шаралардың аздығын көрсетеді. Қалай десек те,  бірінші кезекте  кәмелетке толмағандардың мүдделеріне басымдық беріледі.

Жасөспірімдер  құқықтарының сотта қорғалуының ерекшеліктері жоқ емес. Жаңадан енгізілген өзгертулерге байланысты  кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылар арасындағы некені бұзу туралы азаматтық істерді қарау кезінде сот мынадай  мән-жайларға баса назар аударатын болады. Атап айтқанда, баланың не әкесімен, не анасымен қай күндері қарым-қатынасын жасау туралы уәкілетті қамқоршылық, қорғаншылық органның шешімі міндетті түрде сотқа берілуі тиіс. Сондай-ақ ата-анасының тұрғылықты жері бойынша тұрмыстық-үй жай жағдайын анықтау туралы акт қоса тіркеледі. Ондағы мақсат – бала  құқығының бұзылмауына толық кепілдік беру. Тұрғылықты жері бойынша жағдай жасалмаса,  сот  тұрмысы әлеуетті ата-ананың бірінің  қарамағына қалдыра алады. Кәмелетке толмаған балалары бар ерлі-зайыптылардың некесін бұзуға қатысты істерді қарау барысында баланың тұрғылықты жерін анықтауға, ата-анасының біреуімен тұруды талап етуге қатысты  даулар жиі  кездеседі. Осы себепті сот   психологты міндетті түрде қатыстыра отырып, баланың жеке басының жай-күйін, психологиялық ерекшеліктерін, баланың әкесіне не шешесіне және отбасының басқа мүшелеріне қатынасын, сондай-ақ қалыптасқан жанжалдың ахуалға, психикалық жай-күйіне әсер етуін, ата-анасына бауырмалдық  деңгейін және әрқайсысымен қарым-қатынас қажеттілігін анықтау мақсатында психологиялық  талдау жүргізіледі. Онда әр ата-ананың психикалық жай-күйі, психологиялық ерекшеліктері, ұстанымы мен тәрбиелеу жайы барынша ескеріледі. Оның қорытындысы бойынша баланың ата-анасының қайсысына бауырмал, етене жақындығы анықталады. Егер ата-ананың біреуі алкоголді ішімдікке тәуелді болып, баладан  сұрау кезінде қорқатын белгілері  байқалса, материалдық және психологиялық тұрғыдан әлеуеттісіне беріледі.  Бір сөзбен айтқанда, баланың  денсаулығы мен өміріне қауіп төнетін жағдайлардың бәрін сот егжей-тегжейлі қарастырады.

Егер бұрын аудандық соттармен тек некені бұзу мәселесі қаралып келсе, қазіргі уақытта  қорғаншылық, қамқоршылық органның қатысуы міндетті. Осындай өзгерістер бала құқығын қорғауда маңызды орын алары сөзсіз. Дауды өршітпей, былайша айтқанда, баланың психикасы мен ой-санасына кері әсер тигізбейтіндей етіп  өзара бітімгершілік, татуласу,  медиация тәртібімен шешкен әлдеқайда тиімді.

  Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарын толық қамтамасыз ету, түрлі заңбұзушылықтан қорғау қашанда басты міндет болып қала береді.

                                                                                                  Арай ӘБІЛМӘЖІНОВА,

                                                                                    облыстық кәмелетке толмағандардың

                                                                   істері жөніндегі мамандандырылғын

                                                  ауданаралық сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp