«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың өңір тұрғындарына арнаған үндеуі             

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

                                                           Құрметті жерлестер!

       Өңірде су тасқыны жағдайы күрделі. Облыс орталығына үлкен су келе жатыр. Қиын сәтте ел басшылығы бізге қолдау білдіруде. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Премьер-Министр Олжас Абайұлы Бектенов облыста жұмыс сапарымен екі рет болды. Қазір өңірде  Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Васильевич Скляр тасқынға қарсы жұмыстарға басшылық етуде Тұрғындардың өмірін сақтау–біздің басты міндетіміз.

   Бүгінде  су тасқынына қарсы барлық қажетті шаралар қабылдануда. Бірінші кезеңде елді мекендерден еріген қар суын  бұру жұмыстары жүргізілді.  Қазір үлкен су Есіл өзеніне жинақталған. Сергеев су қоймасында рекордтық көрсеткіш тіркеліп, 4 метр 25 сантиметрге жетті. Бұл 2017 жылғы деңгейден  әлдеқайда көп. Мұның өзі Есіл өзенінің бойындағы елді мекендерге үлкен қауіп төндіреді. Шамамен бір-екі күннен кейін су облыс орталығына жетеді. Прибрежное, Тепличное  ауылдарын, Заречный  кентін қарғын су басу ықтималдылығы жоғары.  

   Осы күндері бөгеттерді салу шаралары үздіксіз жүргізілді. Ауыз суды үздіксіз жеткізу үшін сорғы станциясы айналасындағы қорғаныс нығайтылды. Елді мекендерді қорғау бойынша бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданды. Алайда, бұл жеткіліксіз болуы мүмкін.  Петропавлға қарай үлкен су ағыны келе жатқанын қайталап ескертемін. Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының тапсырмасымен үйлері су басу аймағында орналасқан Заречный кентінің тұрғындарын эвакуациялау жүргізілуде. Оған түсіністікпен қарауды сұраймын. Төтенше жағдайлар департаментінің, полиция мен қала әкімдігінің талаптары мінсіз орындалуы тиіс. Мұның жазғы  саяжай  тұрғындарына да тікелей қатысы бар. Менің тапсырмам бойынша Петропавл қаласының әкімі  атқарылып жатқан жұмыстармен қатар  халықты эвакуациялау қажеттілігі жөнінде бірнеше рет сөйледі.

    Азаматтардың қауіпсіздігі бәрінен қымбат. Президент тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың маңыздылығын бірнеше рет  атап өтті.  Тасқын судан зардап шеккендерге мемлекет тарапынан  қажетті көмек пен қолдау көрсетіледі. Өтемақы қарастырылған, материалдық шығындар толық өтеледі. Ешкім назардан тыс қалмайды. Аудан тұрғындарымен кездесулерде бұл жөнінде жете түсіндірілді.

  Биылғы су тасқыны – бәріміз үшін үлкен сынақ. Бірлік пен ынтымақтың арқасында барлық қиындықтарды жеңеміз. Қазір табиғи апатты еңсеруге   3 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Олардың арасында мердігер ұйымдар, құрылыс компаниялары, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, құтқарушылар, коммуналдық қызметтер, полицейлер, еріктілер,  қарапайым тұрғындар бар. Көмекке басқа аймақтардан құтқару қызметтері, Ұлттық ұлан мен Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері тартылған. Қиын сәтте ортақ іске атсалысып жатқан жандардың бәріне  алғысымды айтамын.

  Алда бізді үлкен сынақтар күтіп тұр. Ең бастысы – сабырлы болу және бір-бірімізге көмектесу. Су тасқынының ауқымын емес, жақындарымызды ойлайық. Егер сіздің үйіңіз немесе саяжайыңыз су басу аймағында болса, қауіпсіз жерге көшіңіз. Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Барынша сақ, қырағы  болайық. Бәріміз жақсылықтан үміттенеміз. Олай болса, адамдардың  қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және су тасқынының салдарын барынша азайтуға бар күшімізді салайық.  Баршаңызға  шыдамдылық пен сәттілік тілеймін!

                                                                                                        Ғауез  НҰРМҰХАМБЕТОВ,

                                                                                                     Солтүстік Қазақстан

                                                                                                    облысының әкімі.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp