«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Зылыйха БИМАҚАНОВА: “Қазақстан тарихы пәнін “Қазақ тарихы” деп өзгертетін уақыт жетті”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Зылиха , Президентіміз жыл басында алаштанушы Дихан Қамзабекұлына берген сұқбатында биыл Жошы ұлысының 800 жылдығы ел көлемінде аталып өтілетінін айтты. Әңгімеміздің әлқиссасын осы тақырып төңірегінде бастағанды жөн көріп отырмын.

– Бұл тақырып бұған дейін де көтерілген болатын. Атап айтар болсақ, 2019 жылы тамыз айында Жезқазған өңірінде ұйымдастырылған «Ұлытау – 2019» халықаралық туризм форумында Мемлекет басшысы Алтын Орданың негізін қалаған Жошы хан есімін ұлықтау мәселесіне ерекше тоқталып: «Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалар аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алу керек», – деген еді. Бұл дегеніміз Жошы хан өмір сүрген дәуірді тереңінен зерделеу деген сөз. Жошы ұлысының тарихы өткен оқи­ғалардың хронологиялық бая­ны­нан тұрмайтыны хақ. Мысалы, ұлыстың әкімшілік басқару тетігі, этностар бірлігі, ел қорғаудағы әскери-жауынгерлік қуа­ты, көрші ұлыстармен, тіпті Еуропа мем­лекеттерімен дип­ломатиялық қа­рым-қатынасы, жазу-сызу мәдениеті, қол­­өнер һәм диқан­шылық кәсіптің ұйымдастырылуы, ұлыстың діни және рухани бірлік ұстындарының жүйесі, оқу-тоқу, ғылым-білімге қатысты қоғамдық сананың жетістігі сынды тақырыптар жүйел түрде зерттелсе, болашақ үшін пайдалы болары сөзсіз. Қазақ қоғамы Жошы ұлысының 800 жылдық тарихын атап өте отырып, соның аясында ұлттық құндылықтарды түгендеуге зор мүмкіндік туып отыр. Соның бір саласы – Жошы ұлысы негізінде бір­шама мемлекеттің пайда болуы, яғни Ашина әулетінен кейінгі біздің мемлекеттік ұстынның қайта жаңғыруы болса керек. Сондай-ақ Жошы ұлысы­ның құрамында болған 120-дан астам қала мәдениетінің маңыздылығы жеке зерттеуді қажет етері анық. Осы қала­лар­дың 21-інде заманауи мәдени сауда-саттық ісін жүргізу үшін теңгелер со­ғылуы, ақша сарайларының пайда болуы қатарлы оқиғалар мемле­кет­тіліктің қайта жаңғыруының негізі шарттары саналады.

– Сіз өміріңізді тарих ғылымына, шәкірт тәрбиесіне арнаған жансыз? Ұстаздық ету кейде жалықтырмай ма?

– Ұстаздық – менің өмірім десем қателеспегенім болар. Шәкірт тәрбиелеу ісін  1977 жылдан бастап қолға алыппын.  Алғашқы еңбек жолымды мектепте бастадым. 1990 жылдың басынан бастап бұрынғы Торғай облысының Арқалық қаласындағы педагогикалық институтта студенттерге сабақ бердім.  1997 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне жұмысқа орналастым. Отыз жылға жуық уақыттан бері бір мекемеде еңбек етудемін. Осы уақыт ішінде ешқандай шаршау, қажу болған жоқ. Керісінше жастармен бірге жұмыс істеу маған үлкен екпін, күш-қут беріп, серпілтіп отырды.  Жастардың ортасында өз бойыңдағы артық ойлардан арылып, ғылымды меңгеруге деген құлшынысың оянады. Менің түсінігімде  мұғалім  мамандығы жасандылықты қаламайды. «Жастар біздің болашағымыз» деген сөзді жиі айтамыз, сол үшін уақыт талабынан тыс қалмай, ілгері басып, сапалы білім нәрін сіңіруге ұмтылу маңызды. Бұл әрбір ұстаздың ұрпақ алдындағы бұлтартпас борышы деп білемін. 

– Сіз  еңбек жолыңызды егемендіктің елең-алаң жылдарында бастадыңыз. Қазіргі уақытпен салыстырғандай қандай айырмашылықты сезінесіз?

– Біздің кездегі білім  марксизм мен ленинизм ілімдеріне негізделген оқу тәрбие жұмысымен ұштастырылып берілді. Ол заманда жастардың білімімен қатар  тәрбиесіне зор мән берілді. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы» деген қанатты сөз іс жүзінде жүзеге асты. Кеңестік білімнің бір артықшылығы осында жатыр. Ата-анамның мені қазақ мектебіне оқуға бергеніне шексіз ризамын. Қазақша оқығаным үшін көптеген мүмкіндіктерге ие болдым. Өз ұлтымның тұғырлы тілін, төл тарихымды  білдім. Мектеп бітіріп,  Қарағанды униерситетіне түскеннен кейін барып, орыс тіліне деген қажеттілік артты. Ол уақыттарда біздің елде Алматы мен Қарағандыда ғана жоғары оқу орны болды және олар орыс тілінде ғана сабақ беретін. Қажырлы еңбек, тоқтаусыз ізденіс және өзіме қойған қатаң талаптың арқасында  орыс тілін де меңгеріп алдым. Біздің кезімізде  жастардың көбі  кітапханадан шықпайтын,  кітап тапшы болғандықтан кезек күтіп оқитынбыз. Кезегіміз келгенше бос отырмай, өзге де әдеби  туындыларды ақтарамыз.

Қазіргі жастар интернеттің игіліктерін молынан  пайдалауда.  Үйден шықпай, кітапханаға бас сұқпай-ақ кітап оқуға болады. Ғаламторда не көп, ақпарат көп. Қайсысының шын, қайсысының жалған екенін білмейсің. Қазақта еті өліп кеткен деген сөз бар.  Негативвке, жалғандыққа толы ақпараттардан сусындаған жастардың соған еті өліп кете ме деп қорқамын.  Мысалы, қазіргі уақытта қоғамда зор резонанс тудырған Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырыстары онлайн режімде тікелей эфирлерде көрсетілуде.  Осындай дүниелерді көрген жандар кісі өлтіруді қалыпты құбылыс ретінде қабылдамауына кім кепілдік береді?  Кей жастардың «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүретіндері жанды ауыртады.  «Алма піс, аузыма түс» дейтін еріншек жандардың да саны басым.

– Бүгінде мектеп қабырғасындағы кейбір жастардың ұстаздарға құрмет көрсетудің орнына оларға мінез танытып, беттен алып, төске шабатындары жиі айтылады. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

– Бұл мәселенің себебі мен салдары көп. Мен оның негізгі себебі қоғамда әке рөлінің төмендеп кетуінен деп айтар едім. Халқымыздың әлімсақтан келе жатқан тәрбиесін алайық. Әке ұлын қабағымен тәрбиелемеп пе еді? Ізіне ертіп жүріп, дана кісілердің батасын алғызған. Қазір көп отбасында ана «бастық». Әке де, шеше де болып отырған әйелдер бар. Әкенің қатқыл тәртібін көрмеген бала тәртіпсіздікке бой алдырады.  Баланы  тәрбиелемес бұрын, ата-ана алдымен өзін тәрбиелеуі тиіс. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әйел заты үшін балаға берген тәрбие, әлемге берген тәрбиемен тең. Өйткені бала жастайынан бойына сіңірген әдетін, басқа ортаға барғанда да  көрсетеді. Әйел мен ер тең құқықты, бірдей деген әңгімелер желдей еседі. Осылай дейтіндерге: «қарақтарым-ау, әйел мен ер ешқашан тең бола алмайды. Олардың жаратылыстарының  өзі екі бөлек емес пе!  Екеуінің өз миссиясы бар», – деп айтар едім. Біз «ер адам табыс табушы, әйел ұқсатушы, жаратушы» деген қағиданы жоғалтып алдық. Соның кесірінен ұрпақ тәрбиесі ақсауда. Оқушылардың ұстаздарына мінез көрсетуі мәселесінің бір ұшы осыған тіреледі.

Ұстаз ең алдымен шәкіртін түсінуі, онымен дос болуы, сенім арта білуі керек. Әр жастың бойындағы қасиеттерді байқап, жүрегіне жол тауып, түсіне алуы қажет.

–Сіздің бабалар мұрасын жаңғыртып жүргеніңізді білеміз. Осы тақырып аясында жазылған ғылыми зерттеулеріңіз бен мақалаларыңыз аз емес.  Ғылыми еңбекпен айналысқысы келетін жастар нені талғам таразысына салып зерттеуі керек?

Оқу материалдары мен оқыту әдістері өзгеріп отыратыны белгілі. Бірақ та­рихты оқытудың басты қағидасы – фактілерге сүйену өзгермейді. Сондықтан, оқулық пен мамандарды дайындауда тарихшылар бірігуі тиіс.Халқымыздың тарихын зерттеуді қолға алған шәкірттерім аз емес. Мен ұстаздық етіп жүргенде  Қазақстан тарихы пәнінен сабақ бердім. Бұл пән қазір де солай аталады. менің ойымша, соны қазақ тарихы деп өзгертетін уақыт жетті.  Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов ұлтының ұлылығына, халқының қа­дір-қасиетіне сүйсінген бір тұста: «…Шал­қайса – тарих шыңы бар, еңкейсе – иен елі бар», деген екен. Шынында, бізді төрткүл дүниеге танытып отырған сол тарих пен тәуелсіздік. Кеңестік кезеңде тарих кө­бінесе коммунистік идеологияның ық­па­лында болып, көп нәрсе сол тұр­ғы­да жазылды. Егемендігімізбен бірге біз өзіміздің шынайы тарихымызды қалыптастырдық. Оқу материалдары мен оқыту әдістері өзгеріп отыратыны белгілі. Бірақ та­рихты оқытудың басты қағидасы – фактілерге сүйену өзгермейді. Сондықтан, оқулық пен мамандарды дайындауда тарихшылар бірігуі тиіс.

Ғылыми жұмыс жазғанда ұлттық құндылықпен тәрбие жұмысын ұштастырып, өзара байланыстыра жазуға тырысу маңызды болмақ.

 –Соңғы бірнеше жылда ашаршылық тақырыбы кеңінен қозғалуда. Қуғын көрген қаншама жан ақталды. Өңірлерде осы мақсатта құрылған арнайы комиссия жұмыс істеуде. таихшы ретінде, олардың жұмысына қандай баға берер едіңіз?

Ашаршылық қазақ халқының ғана басына түскен нәубет емес, ол – барша адамзаттың алапат гуманитарлық қасіреті деп айтуға болады. Сол себепті, ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, ең алдымен, оған ғылыми тұрғыдан қарағанымыз абзал. «Бұл тақырып, ең алдымен, тәуел­сіз­дігімізді нығайту үшін қажет. Өйткені қазір әлемдік ахуал өте күрделі және құ­былмалы екенін көріп отырмыз. Күн өткен сайын қарама-қайшылықтар терең­деп, түрлі қақтығыстар қарқын алып тұр. Еліміздің егемендігіне де төнетін сын-қатерлер жоқ емес. Дәл осындай жағдайда тәуелсіздігімізді мызғымастай берік ету – басты міндетіміз. Сол үшін оның қадіріне жете білуіміз қажет. Ал Тәуел­сіздікті қадірлеп, ұлықтау төл тарихымызды және оның шешуші кезеңдерін терең танудан басталады», – деген болатын бір сұқбатында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев. Ашаршылық тақырыбы тарихтан тағылым алу үшін де қажет. Біз ең алдымен осыны түсінуіміз керек.  Біздің жүріп өткен тарихымыз – өрлеген кезеңдермен бірге тақсіретке де толы тарих. Сондықтан оның ащы-тұщы тағылымы мол. Осы мақсатта құрылған комиссия жұмысын үнемі қадағалап отырамын. «қызыл патшаға» тәуел­ді болған алғашқы 15 жыл ішінде қазақ көрген дозақты еске алайық. Яғни 1918 жылдан бастап 1933 жылға дейін қазақ елі бастан кешкен 3 ашаршылықты еске алайық. Бірінші ашаршылық 1918-1919 жылдары қазақ ауылы ақ-қызыл болып шайқасқан азамат соғысының табанында қалды. Билікке келген қызылдар кон­трибуция дегенді ойлап тауып, халық­тың қолындағы наны мен малын тартып алды. 1919 жылы өткен Түркістан кеңес­терінің төтенше съезінде Тұрар Рысқұлов осы 1918-1919 жылдары қырылған қазақтардың саны 1 млн 214 мың адам болды деп мәлімдеген. Бұл бір ғана мысал. жалпы қазақ тарихы ақтаңдақтарға толы. Оны бір ғана комиссияның жұмысы арқылы зерттеу аздық етеді. Тарих институттарының жұмысын бір жолға қою керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

 Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp