«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өткеннен сабақ алмаудың салдары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Су тасқыны әлем жұртшылығын да үлкен әбігерге салып қойды. Мәселен, Италияда  төпелеп жауған нөсер жаңбырдың соңы алапат қарғын су мен лай көшкініне ұласқан. Салдарынан  тасжолдар байланысы үзіліп, көліктерді топан су ағызып әкеткен. Көптеген ғимараттарға  зақым келген. Эквадор астанасы Кито қаласын су басуының негізгі себебі–нөсер жауын.

Экологтар  климаттың өзгеруінен Колумбия, Перу, Мексика тағы басқа мемлекеттердің қатты зардап шегіп отырғанын, соңғы жылдары су тасқыны мен қуаңшылық сияқты табиғат апаттардың  жиілеп кеткенін алға тартады. Өркениетті елдер  айтып келмейтін жойқын апаттың салдарын барынша азайту үшін көбіне заманауи қорғаныс жүйелеріне жүгінеді. Нидерланды Солтүстік мұхитпен көршілес жатқандықтан, басты табиғи қауіп саналатын су тасқынына қарсы ауқымды шаралар қабылдайды. Оның бірі–«Дельта» деп аталатын құрылым. Голландия да су тасқынымен күресудің жаңа тәсілін ұстанады. Төтенше жағдайды алдын ала болжап,  соған сәйкес  жедел шешімдер қабылдап отырады.  Малайзия қауіпті аймақта орналасқандықтан,  ел астанасы  Куала-Лумпурды қорғау мақсатымен ұзындығы 9,5 шақырым болатын «SMART»  тоннелін салған. Жапония  жаңбырлы және тайфун маусымында су тасқынына бейім. Осыған орай  ықтимал апаттардың алдын алу үшін  әлемдегі ең үлкен  коллектор орнатқан.

Биылғы көктем елімізге оңай соқпай тұр, соңғы жылдардағы ең ірі су тасқынына  кезікті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты жариялаған Үндеуінде республика аумағында күрделі ахуал қалыптасып отырғанын, бұл көлемі жағынан  соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат екенін, он аймақта төтенше  жағдай жарияланғанын, атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзетуге шұғыл түрде  нақты тапсырмалар берілгенін, барлық құтқару жұмыстары тікелей бақылауында екенін айтты. «Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы–азаматтардың амандығы»,–деп атап көрсетті. Еріген қар мен жауған жаңбырдың салдарынан еліміздің бірқатар елді мекендерін қарғын су басып қалды. Су тасқынынан үлкен зардап шеккен облыстардың бірі–Ақтөбе. Ойыл ауданында  340 үйді су басқан,  49 үй әлі су астында тұр. Тұрғындарды  залал келтірілген баспаналардың өтеу тетігі, оны әділ бағалау, өз бетінше үй салу немесе ақшалай өтемақы алу мүмкіндігі  секілді мәселелер толғандырады. Батыс Қазақстан облысында  Орал қаласы арқылы өтетін  Жайық, Шаған өзендерінің су деңгейі күрт көтеріліп, эвакуациялау орталықтарына  бір мыңнан астам адам  жеткізілген. Былтыр Жайық өзеніндегі су деңгейі 557 см. болса, биыл 703 см-ге дейін көтерілген. Оның басты себебі–Ресей Федерациясында орналасқан  Ирикла мен Приузен су қоймаларынан судың қарқынды түрде тоқтаусыз жіберілуі. Су тасқыны салдарын жою шаралары жөніндегі республикалық кеңесте азаматтық қорғау қызметтері 85 мыңнан астам адамды, оның ішінде 30 мыңға жуық баланы құтқарып, эвакуациялағанын, 8349 адам  уақытша  орналастыру пункттеріне жайғастырылғанын, 8 мыңдай тұрғын өз үйлеріне оралғанын мәлімдеді. 8 млн. текше метрден астам су сорылып, 1,192-мыңға жуық инертті материалдар төселген. Дәл қазіргі уақытта 16 мың адам, 2500 техника, 441 су айдау құрылғысы,  131 су көлігі  қауырт жұмыстарға жұмылдырылған. Өңірлерде 29 жергілікті төтенше жағдай тіркелген. Жедел желіге 1129 қоңырау түсіп,  76 жедел психологиядық көмек көрсетілген. 20 облыста  республикалық және облыстық штабтар құрылған.  Жиында Премьер-Министр Олжас Бектенов вице-премьер бастаған әлуметтік блок министрліктеріне тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетуді жүктеді.

«Эвакуациялау–мәжбүрлі шара. Үйлері жарамсыз деп танылған отбасылардың барлығын уақытша баспанамен қамту қажет. 130-дан астам мектеп қашықтан оқыту форматына көшірілді, бірақ эвакуация аймақтарындағы балалардың оқу үдерісі үзіліп қалды. Оқу-ағарту министрлігіне мектеп оқушыларын ағымдағы емтихандар мен сынақтардан босатуды тапсырамын. Өңірлерде  су тасқыны жағдайы  тұрақталғаннан кейін аумақтарды тазарту және дезинфекциялық, су құбыры жүйелері мен құрылыстарын, орталықтандырылмаған сумен жабдықтау жүйелерін тазарту және дезинфекциялау бойынша  кешенді шаралар жүргізу қажет»,–деді Үкімет басшысы.      

Жақында Instagram парақшасында Қасым-Жомарт Кемелұлының  су тасқынына қарсы күресте көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін қазақстандықтарға және шет мемлекеттердің  басшыларына  ризашылық білдірген жазбасы жарияланды. Онда «менің тапсырмам бойынша  Премьер-Министр бастаған республикалық штаб  төтенше жағдайдың салдарын барынша азайтудың пәрменді шараларын қабылдап жатыр. Зардап шеккен барлық азаматқа  қажетті көмек көрсетілуде. Олардың бүкіл шығындары өтеледі. Бірде-бір адам назардан тыс қалмайды», делінген. Индустрия және құрылыс министрлігі  жергілікті бюджеттен, кейін республикалық қазынадан  қаражат бөлінетінін хабарлады. Бір үйдің құны 22 млн. теңгеге бағаланған. Бұл–80  шаршы немесе 2 бөлмелі пәтердің құны. 1 шаршы метрі  281 мың теңгені құрайды. Ал су тасқынынан жарамсыз деп танылған баспаналарды қалпына келтіру жұмыстарының көлемін анықтау мақсатымен әкімдіктер техникалық тексеру өткізеді. Сосын келтірілген шығын есептеледі.

Облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев жергілікті коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  өтемақы алуға өтініштер түсе бастағанын, оның алғашқы легі Тайынша ауданының тұрғындарынан қабылданғанын жеткізді.  

Облысқа келген соңғы жұмыс сапарында  Премьер-Министр О. Бектенов әлі  күрделі жағдай қалыптасып отырғанын айта келіп, су тасқынымен күреске барлық күшті жұмылдыру міндетін қойды. Үкімет басшысына өңірдегі жағдай баяндалды. 219 елді мекенде су басу ықтималдығы жоғары. 2017 жылы Сергеев су қоймасында судың жалпы көлемі 5 млрд. текше метр болған. Су тасқыны басталғаннан бері 1,5 млрд. текше метр су босатылған. Қазір сыйымдылығы  182 пайызды құрап, 3 аудан мен Петропавл қаласына  қауіп төніп  отыр. 

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов  су тасқыны  кезінде  азық-түлік  таппшылығы болмауы тиістілігін тиісті башыларға қатаң ескертті.  «Солтүстік» ӘКК» АҚ басқарма  төрағасы Жақсылық Есдәулетовтың баяндауынша,   сақтандыру қорында 367 тонна күріш,  1333 тонна қант,  421 тонна тұз, жергілікті жерде  өндірілген  493 тонна тауық еті,  838 мың литр күнбағыс майы,  5,6 млн. дана жұмыртқа жинақталған. Өңірдің кез келген елді мекеніне тасып-жеткізумен 4 «Газель» көлігі айналысады. 

«Қазгидромет» РМК СҚОФ директоры  Қымбат Мерғалиеваның айтуынша, мекеменің қызметі  тәулік бойғы жұмыс режиміне ауыстырылған. Негізгі міндетпен бірге  болжамды және ақпараттық қызметтер қосылған. Өңірдегі 19 гидрологиялық обьектіге бақылау жүргізіліп,  Ақанбұрлық, Бабықбұрлық, Шарық  сияқты шағын өзендер деңгейінің тұрақты төмендеуі байқалған. Су тасқынының  алғашқы толқыны облыс орталығына 12-14 сәуір аралығында  келіп, 23 сәуірге дейін жалғасады  деп күтілуде. Оның уақыты мен қауіпті белгілері анықталып, соған орай тиісті шешімдер алынды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерімен хабарласқанымызда Бірлік, Жарғайың ауылдары тұрғындарының қауіпсіз жерлерге көшірілгені, 11 электр бағанасының  зақымдануы салдарынан 6 ауылдың жарықсыз қалғаны, «Севказэнерго» АҚ мамандары ақауды жедел түрде  қалпына келтіргені жайлы  деректермен бөлісті. Новоишим кентіне су кіріп, кей жерлерде биіктігі екі метрге дейін жеткен. Қазір жағдай тұрақталған. 50 орынды эвакуациялық пункт  денешынықтыру және спорт ғимаратында шоғырланған. Петровкада да эвакуациялау шаралары жүргізілді. Семиполатное тұрғындары   қауіпсіз жерлерге  көшірілді. Николаевка, Покровка ауылдарын ішінара су басты.

Бірінші вице-премьер Роман Склярдың тапсырмасына сәйкес, Заречный кентінің тұрғындарын шұғыл түрде эвакуациялау басталып кетті. Өйткені, үлкен судың ағыны қарқынды. Дүлей күшпен лап берсе, инженерлік құрылыстар мен бөгеттердің шыдас беретініне ешкім кепілдік бере алмайды  132 тұрғын үйді су шайып кетуі мүмкін. Осыған орай қала әкімі Серік Мұхамадиев тұрғындарға үндеу тастап, барынша қырағы, жинақы болуға шақырды. Бас шаһарда төтенше жағдайдың жариялануы тектен тек емес. Аса қауіпті аймақтарда  екі мыңнан астам тұрғыны бар Заречный, Былғары зауыты, Ойқала шағын аудандары мен 29 саяжай қауымдастығы   орналасқан. 40 орынды эвакуациялық пункттердің бірі № 13 мектепте  әзірленген.

Ел басына түскен қиын кезеңде  волонтерлер мен құтқарушылар да бір кісідей жұмылып, тыным табар емес. ҚР Қарулы күштері құрлық әскерлері бригадаларынан 300 әскери қызметкер  Астана қаласынан келген. Ұлттық ұлан академиясының 400 курсанты да алғы шепте. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының, «Көмек», «Ауыл жастары» қозғалысының, «Жастар қанаты» ұйымының, «Birgemiz» фронт-кеңсесінің  300-ге жуық еріктілері ерекше белсенділік танатып, іс-шаралардың бел ортасында жүр. Полицейлер  22 үйден  64 адамды  алып кетуге, мал айдап әкетуге  көмектескен. 30 адам эвакуациялауға тартылған.  Басты міндет–бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, ауыр зардаптардың алдын алу. Жан-жақтан гуманитарлық көмектер келе бастады. Алғашқылардың қатарында  «Асар Уме» қайырымдылық қоры құтқару желеттерімен, резеңке қайық және етіктермен, су соратын помпалармен, азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Президент халыққа арнаған Үндеуінде  алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығару, яғни жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алу мәселесін қозғады. Өкінішке қарай, ондай сабақтар аз емес. Оған мысал ретінде алдын алу жұмысындағы  кемшіліктерді, су шаруашылығы мамандарының тапшылығын, табиғатқа немқұрайдылық танытуды айтуға болады. Осындайда  «Қазгидромет» РМК бас директоры  Данара Әлімбаеваның  су басуы мүмкін аймақтар туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдарға қыста жібергенбіз деген уәжі ойға оралады. Желтоқсаннан бастап Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарына  су  тасқыны қауіп төндіріп тұрғаны хабарланған. Оның үстіне  наурыздан бері  ауа райы туралы 100-ден аса ескерту жасалған. Депутаттар да қарғын су жайын Парламент қабырғасында бірнеше рет көтеріп, алаңдаушылық білдірген. Оған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бақылауда деген жалпылама жауаппен ғана  шектелген.

Қазақстан «тіршілік нәрі» тапшы ел қатарына жатса  да, қарғын суды  кәдеге жарату мәселесі әлі күнге дейін жете ескерілмей келеді. Облыстық су шаруашылығы саласында көп жылдар еңбек еткен осы саланың ардагері Мұрат Жантілеуовтың көктемгі еріген қар суын арнайы қоймаларда жинап, егіншілікке қолдануға болар еді, деген ұсынысы ойлантады. Бірақ бардың өзін ұқсата алмай отырған жоқпыз ба? Еліміз бойынша 537 гидротехникалық  маңызды нысан тозған, күрделі жөндеуді қажет етеді. 200-ге жуық су қоймасы тіркелмегендіктен, техникалық қауіпсіздігі анықталмаған. Жаhандық жылынуға байланысты  алдағы уақытта  қуаңшылық пен су тасқынынан келетін  шығын ішкі жалпы өнімнің 1,3 пайызын құрамақ. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 30 пайызға дейін кемімек. 2050 жылға таман Сырдария мен Әмударияның су деңгейі 15 пайызға азаяды деген болжам бар.

Мұның бәрі Президент атап көрсеткендей, су тасқынына қарсы жоспарланған іс-шаралардың тиісті деңгейде атқарылмайтынын, мемлекеттік қызметте  жүйелі кемшіліктердің қордаланып қалғанын, кәсіби талапқа  сәйкес еместігін  көрсетеді.

                                                                                                                               Өмір ЕСҚАЛИ,

                                                                                                                    «Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp