«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Құжаты барларға өтемақы беріледі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізге екі күндік жұмыс сапарымен “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлік палатасы басқарма төрағасының орынбасары Гүлнәр  Бижанова келді. Ол алдымен  облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаевпен кездесті. Осыдан кейін бөгеттерді нығайту орындарында болып, аталған жұмысқа тартылған әскерилермен, еріктілермен әңгімелесті. Сондай-ақ өңірдің бизнес қоғамдастығымен кездесіп, төтенше жағдайда туындайтын түйінді мәселелер жайында сөйлесті.

Гүлнәр  Бижанова кәсіпкерлерді  су тасқынынан зардап шеккендерге материалдық қолдау көрсетуге және гуманитарлық көмек жинауға қатысуға шақырды.  Осындай күрделі міндеттерді шешуде бизнес тарапынан қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті.

“Еліміздегі су тасқынының алғашқы күндерінен бастап палата кәсіпкерлер үшін барлық қажетті консультациялық көмекті ұйымдастырды. Бізде зардап шеккен кәсіпкерлерге кеңес беретін 1432 call-орталығы бар. Осы күндері бізге 300-ге жуық бизнес субъектілері тосын жағдайға қатысты анықтама беру туралы  өтініммен жүгінді. Бұл анықтамаларды сыртқы сауда палатасы береді.  Біз өз тарапымыздан бұл үдерісті барынша жеңілдеттік, кәсіпкерлер оларды дереу алатын болады. Қазір Ұлттық экономика министрлігімен бағалау және залалды өтеу ережелеріне өзгерістер енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз”, –  деді «Атамекен»  ұлттық кәсіпкерлік палатасы басқарма төрағасының орынбасары Гүлнәр Бижанова.

Бұл ретте ол су астында қалуы мүмкін  аудандардың барлық ауылдық және қалалық бизнес өкілдеріне құжаттаманы сәйкестендіруді,  оны электронды алаңдар мен тасымалдағыштарда сақтау керек екенін ескертті.

“Егер қойманы немесе дүкенді су басса,   жоғалған өнімді  бағалау керек. Өйткені келтірілген залалды өтеу бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.   Бұл ретте растайтын құжаттар назарға алынып,  бюджеттік қаржы қатаң бақыланады.   Егер құжаттар болмаса, онда демеушілік  қаражат тартылады. Бұл қаржы жетпеуі де мүмкін.  Менің білуімше, өңірде су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін қор құрылған. Оған  кәсіпкерлер де қаржы аударып жатыр,  алайда қарқыны бәсең.   Сондықтан ірі және орта кәсіпкерлік субъектілеріне зардап шеккен тұрғындарға тек өз ресурстарымен ғана емес, сонымен қатар қаржылай көмек көрсету туралы өтініш білдіргім келеді”,  –   деді Гүлнәр Бижанова.

Кездесу барысында  кәсіпкерлер палатасының сарапшылары нысандары қауіпті аймақтарда  орналасқан кәсіпкерлерге су тасқыны салдарынан келтірілген мүліктік зиянды өтеу жөніндегі өтінішті  өңірлік комиссияның қарауына ұсыну үшін жылжымайтын мүлік пен тауарлық-материалдық құндылықтарға құжаттар жинау қажет екенін тағы бір мәрте ескертті.

Сонымен қатар  Гүлнәр Бижанова  кәсіпкерлермен агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы, білім беру, қайта өңдеу және құрамажем өнімдерін экспорттаудағы, шекараларды кесіп өтудегі  қиындықтарды және тағы да басқа мәселелерді талқылады.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының  баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp