«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМДЫҚ КЕСЕЛМЕН КҮРЕС – ОРТАҚ  ІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты қоғамның сұраныстарына қарай және де ұлттық, сонымен қатар шетелдік тәжірибені ескере отырып, үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда іс-қимыл шараларының бірыңғай жүйесін құру, қоғамдық кеселдің кез келген көрінісіне төзбеушілік иммунитетін қалыптастыру, оған қарсы күреске  азаматтарды белсенді түрде тарту, сындарлы әріптестік орнату, басқару қызметінің үйлестіруші әлеуетін күшейту атап көрсетілді. Осылайша  командалық ауысулар үшін жасалатын жағдайлар азайтылып,  мемлекеттік қызметшілердің  тиімділігін бағалаудың әдіс-тәсілдері  қайта қаралды. Жергілікті және орталық мемлекеттік органдарда  әдеп жөніндегі уәкілдер институты құрылды. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға құзыреттілік берілген, оларға теңестірілген адамдарға  және олардың отбасы мүшелеріне  қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты  сыйлықтарды алуға, сыйға тартуға толық тыйым салынды. Аталған адамдардың жақын-туыстарымен, жұбайларымен және жекжаттарымен  бірге  қызмет (жұмыс)  істеуіне жол бермеу туралы нормалар күшейтілді. Қаржылық бақылау шаралары жетілдіріліп,  мемлекеттік қызметшілер, оларға  теңестірілген тұлғалар, олардың жұбайлары  жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде  өздерінің  барлық активтерін тіркеп, «кіріс» декларацияларын ұсынуға міндетті. Әкімдердің қызметін бағалау «сыбайлас жемқорлық деңгейі» нысаналы индикаторымен толықтырылып, өңірлік өлшеу әдістемесі бекітілді. Судьяларды іріктеу және бағалау жүйесі жақсартылды. «Татуластырушы судья» лауазымы енгізіліп,  бұл соттарға жүктемені үш есе азайтты. Десек те, сыбайлас жемқорлық алғышарттарын жоюға мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор әркез  мүдделілік таныта бермейді. Ішкі талдау «өзін-өзі тазартудың» пәрменді құралына айнала алған жоқ.  «Тұрмыстық» сыбайлас жемқорлық іс жүзінде көптеген салаларда сақталып отыр. Негізгі себептер–әкімшілік кедергілер, екіұдай мағыналы және дискрециялық нормалар,  мемлекеттік органдардың жеткіліксіз ашықтығы, баламалы (қағаз) негізде  көрсетілетін мемлекеттік қызметтер  үлесінің  басымдығы.  Бұдан бөлек, цифрлық шешімдердің бір бөлігінің сапасыз  немесе жартылай іске асырылуы да жемқорлық тәуекелдерін туындатады. Мұндайда лауазымды адамдар «жалған»  цифрландыруды пайдалана отырып, қылмыстық әрекеттерін жалғастырса,  азаматтар мен кәсіпкерлер  өз мәселелерін шешудің заңсыз жолдарын іздеуге мәжбүр болады.

Президент «Халық бірлігі және жүйелі реформалар– ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында  Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары  аясында сыбайлас  жемқорлықпен тиімді күресті жалғастыру қажеттігін айта келіп, құзырлы агенттікке жыл соңына дейін  орта мерзімді  кезеңдегі  іс-қимылымызды айқындайтын  стратегиялық құжатты  бекітуге тапсырма берді. Бұл ретте  «тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты»  еңсеруге айрықша назар аударылды. Осы негізде «Қазақстан Республикасында 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа тұжырымдамасы» бекітіліп, тұрмыстық жемқорлық,  мемлекеттік және жеке секторлардағы жемқорлық тәуекелдері,  бюджет қаражатын бөлу үдерісінің жоғары сыбайлас жемқорлық осалдығы, сатып алулардың ашықтығының жеткіліксіздігі, мемлекеттік экономикаға қатысуының жоғары деңгейі сияқты түйінді проблемалар атап өтілді. Құжатта  қоғамдық сананы өзгерту, жемқорлық пен  непотизмнің кез келген нысандарын қабылдамау, алдын алу шараларының басымдығы, мемлекеттік органдардың транспаренттілік және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу  қағидаты бойынша халықпен  ынтымақты іс-қимыл форматына көшу маңызды.   Әртүрлі нысаналы топтар деңгейінде  декомпозицияланған коммуникациялық шаралар кешенін қабылдау  қоғамдық сананың сыбайлас жемқорлыққа қарсы  негізгі рөл атқаратынын күнделікті  қызмет барысында  көз жеткізіп жүрміз. Биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінде өткен  ведомствоаралық кеңесте  спорт  саласына қатысты сыртқы талдау  қорытындылары  талқыланып, жыл басынан 39  қылмыс тіркелгені әшкереленді. Қылмыстық жауапкершілікке бұрынғы  вице-министр, комитет төрағасы, дирекция басшысы сияқты лауазымды тұлғалар тартылған. Соңғы 6 жылда 1,4 трлн.теңге бөлінгеніне қарамастан халықаралық рейтингте көп төмендеп кеткен. Цифрландыру технологиясын енгізу кенжелеп қалған. Соңғы 3 жылда футбол клубтарына лимиттен тыс 30 млрд. теңге төленген. Департамент жұртшылықтың  арыз-шағымдары бойынша  жергілікті кәсіби спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіп, 17 фактіні әшкерелеп,  тиісті орындарға 19 ұсыным жолдады. Техникалық ерекшеліктерді, мемлекеттік сатып алуды жүргізу рәсімдерін, баламалы коммерциялық ұсыныстарды зерделеу, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын зерделеу кезінде  қаржылық  шығыстарға бақылаудың жеткіліксіздігі салдарынан бюджет кодексінің 32 бабының талаптары өрескел бұзылғаны анықталды. Атқарылған жұмыстарға жалпы шығыстарды ғана дәйектейтін  жалпылама акт  толтырыла салған.

Бармақ басты, көз қысты  әрекеттердің тамырына балта шабу еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі  саналатындықтан, ведомство ерекше кез келген құқық бұзушылықтың тамырын кесуге мүдделі. Қоғамдық дертті болдырмау–өз қолымызда. Тиісті шара қолданудың бір ұшығы азаматтардың белсенділігіне келіп тіреледі. Көпшіліктің көмегіне сүйене отырып, жемқорлықтың салдарымен емес, оны тудыратын себептерін таразылаудың мәні айрықша. Құқықтық актілерді түсіндіру, қызметте автоматтандырылған жүйені қолдану, адамдарды мәселелерді шешудің заңсыз жолдарын іздеу қажеттілігінен қорғануына мүмкіндік беру, жас ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу,  олардың бойында адалдық, заңдылық, жаман дағдыларға төзбеушілік көзқарасын сіңіру– мұның бәрі  қоғамдық жегіге қарсы саясатты дамытудың негізгі қағидаттарына үйлестіріліп отырады.  Көшіліктің күтетіні –баршаның заң алдындағы теңдігі, қоғамға есеп берушілік, қылмыстарды алдын алудың басымдығы, мемлекет пен  азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, нәтижелілік, жауапкершілік бұлтартпастығы. Бұл орайда уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіруге баса назар аударылады. Былтыр облыстық тексеру комиссиясының мүшесі мен халықты әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының сыбайлас жемқорлық үшін бірінің сотталып, екіншісінің миллиондаған айыпұл төлегені тұрғындар арасында үлкен қоғамдық резонанс тудырғаны белгілі. Іс материалдарынан белгілі болғандай, ревизор бірқатар заң бұзушылықтарға көз жұма қарап, «қызметіне» сыйақы  талап еткен. Ол мұнымен шектелмеген. Тағы бір мекемені тексеру кезінде жемсауы бүлкілдеп, 300 литр бензинге талон түрінде пара дәметкен. Оған жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ұйым жетекшісі  өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденгені үшін кінәлі деп танылды. Осы оқиғаға орай  басқа да мемлекеттік органдардың қызметіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдама жүргізіліп, белсенді жұмыстар атқарылды. Өңірде  «Бизнеске жол» жобасы аясында  4 обьектіге  1,4 млрд. теңге қарастырылды. Жарты мыңға жуық кәсіпкердің мүддесі қорғалды. Қайтарылған қаражат–267 млн. теңге. Алайда мемлекет  мүддесін жеке бас пайдасына жаратқысы келетіндер жоқ емес. «Аграрлық кредит корпорациясы» АҚ жергілікті филиалының басшысы «Бизнеске жол»  жобасын жүзеге асыру шеңберінде  мол былыққа батқаны үшін тұтқындалды. Ол 2021-2025 жылдарға арналған  агроөнеркәсіпті дамытудың ұлттық бағдарламасы бойынша  мәселелерді дұрыс шешіп беремін деген желеумен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден жүйелі түрде 100-500 мың теңге мөлшерінде пара алып отырған.  Қалалық  тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы бөлімі 2019-2022 жылдар аралығында мемлекеттік сатып алудың үштен бірін ғана  портал арқылы рәсімдеген. Келісім-шарттардың 70  пайыздан астамы бір көз арқылы жүзеге  асырылған. «Коммунхоз» кәсіпорны 14 млрд. теңгені субмердігер ұйымдарға заңсыз төлеген. 365  келісім-шартта баға асырып көрсетілген. 3 жылдың ішінде бөлім жетекшісінің міндетін уақытша орындаушы 8 рет  жауапкершілікке тартылып,  айыппұлмен құтылып отырған. Қалалық әкімдік есебіндегі 1,5 мың пәтер бойынша өрескел заңбұзушылықтар дереу түзетілді. Жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың тізімнен еш негізсіз шеттетілген  1360 оқиғасы тіркелді. Оларға тиесілі 70 пәтер баспана кезегінде жоқ әлдекімдерге берілген.  Былтыр аудандық оқу бөлімінің есепшілері бюджеттің қаражатын «өлі жандарға» және өздерінің жеке есеп-шоттарына аударып, 90 млн. шығын келтірген. Жемқорлыққа тәуекелдің 20 фактісі тіркелген.

Жыл басынан бері «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің  680-ші бабымен (Мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы) әкімшілік жауапкершілікке екі басшы тартылды. Олар мамандарды жұмысқа активтер мен міндеттемелер туралы декларациясыз қабылдап,  426100 теңге айыппұл төлеулеріне тура келді. Тауарлардың бағасын ( 505 млн. теңге ) жасанды түрде көтерудің жолы кесілді. 63,1 млн. теңгенің сатып алу күші жойылды. 

                                                                                                                     Айдос ЖҮНІСОВ,

Сыбайлас жемқорлыққа

                                                                                    қарсы  іс-қимыл агенттігінің  облыстық  департаменті

                                                                                     басшысының бірінші орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp