«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Меруерт ҚИЯСБЕК: «ҚАЗАҚ ЖЕРІНІҢ ҚҰПИЯСЫН АРХЕОЛОГТАР ҒАНА АША АЛАДЫ»

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Меруерт Қиясбекқызы, Археология институты Солтүстік Қазақстан филиалының ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ.  Мекеме директоры ретінде археологияның ғылымдағы  рөлі туралы айтып берсеңіз…

            – Археология – қоғамның қалыптасып дамуы жайлы тарихи деректердi зерттейтін ғылым. Адамзаттың өткен тарихынан қандай да бір  мәлiмет беретiн кез келген зат дерек деп саналады.  Тарих ғылымында деректердi үлкен екi топқа бөлiп қарастыру қалыптасқан. Оның бiрiншiсi – жазба, екiншiсi – заттай деректер. Археология екiншi топқа жататын, яғни, заттай деректердi зерттеумен айналысады. Заттай дерек дегеніміз –қайсыбiр заманда адам баласының қолынан шыққан кез келген бұйым. Мысалы: еңбек құралдары, қару-жарақтар, тұрмыстық заттар. Осындай танымдық деректерден басқа, ғылымда археологиялық ескерткiштер деген түсiнiк бар. Олар – тұрақжайлар және жерлеу ескерткiштерi. Археологиялық ескерткiштердiң басым көпшiлiгi осы екi топқа кіреді. Өндiрiстiк құрылыстар мен рухани мәдениет жәдiгерлерi де ғылым назарынан тыс қалмақ емес. Бұлардың бiрқатары мекендердiң iшiнде (шеберханалар, мешiттер, храмдар т.б.), бiрқатары мекендерден тысқары жерлерде (суару жүйелерi, тастағы таңбалар, кен алған орындар т.б.) орналасуы мүмкiн. Археология ғылымының  зерттеу нысаны мен деректердi жинақтауда және зерттеуде өзiне ғана тән әдіс-тәсiлi бар. Осы тұрғыдан алғанда археология жеке ғылым болып есептеледi. Ол – гуманитарлық ғылымдардың ішіндегі ең жас ғылым. Қазақ жерінің құпиясын археологтар ғана ашады.

-Сіз бұл салаға кездейсоқ келген жан емессіз.   Таңдауыңыз неге ғылымның осы саласына түсті? Жалпы мекеменің жұмысы туралы жан-жақты айтып бересіз бе?

  – Мен – Алматы облысының тумасымын. Оқу бітіріп, ес білгелі Алматы қаласында тұрып, еңбек еттім. Бірінші мамандығым бойынша бастауыш сынып мұғалімімін, тарих пәнінің мұғалімі  – екінші мамандығым. 2003  жылы археология институтының Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы басшысының шаруашылық жөніндегі көмекшісі болдым. Экспедиция ұйымдастыру, мамандардың жұмысын үйлестіру жұмыстарымен айналыстым. Одан бөлек археологиямен айналысқан бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде үйлестіруші, менеджер, басшының көмекшісі, Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде тарихшы-археолог  қызметтерін атқардым.

    Әлкей Марғұлан атындағы археология институты Ғылым және жоғарғы білім министірлігі Ғылым комитетіне қарасты, археология саласында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізетін бірден бір мекеме. Институтта әр дәуірді зерттейтін бірнеше бөлім, антропологиялық, археозоологиялық зертханалар бар.  Институттың бір филиалы  Астана қаласында  орналасқан.  Осыдан бір жыл бұрын Солтүстік Қазақстан филиалы ашылды. Күні кеше Батыс Қазақстан филиалы ресми тіркеуден өтіп, өз жұмысын бастап кетті.  Мекеменің Қызылжардағы филиалын  ашу туралы ой 2022 жылдың 3 наурызында М. Қозыбаев атындағы СҚУ қабырғасында өткен республикалық тарих пәні мұғалімдерінің съезінде айтылған. 2022 жылдың қараша айында ресми тіркеуден өтіп, өз жұмысын бастады.  «Мәдени тарихи үрдіс контекстіндегі Солтүстік Қазақстан: тас дәуірінен бастап этнографиялық бүгінге дейін»  жобасын жүзеге асыру аясында онға тарта ғылыми қызметкер зерттеу жұмыстарына қатысты. Филиалдың негізгі міндеті 55-57 жылдық тарихы бар Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының жұмыстарын, жалпы өңірді зерттеу есептерін электрондық форматқа көшіру және археологиялық ескерткіштердің жүйесін қалыптастыру. Осы мақсатта археология институтының Солтүстік Қазақстан филиалы облыстық тарихи-өлкетану музейімен, тарихи-мәдени ескеткіштерді қорғау және пайдалану орталығымен тығыз байланыс орнатып, аталған мекемелердің қорларында, мұрағаттарда сақталған құжаттарды, ғылыми есептерді, ескерткіштердің паспорттарын сканерлеп, олардың тізімдемелерін жасаумен айналысуда. Бұл жұмыстар тек Солтүстік Қазақстан облысын ғана емес, Қостанай және Павлодар облыстарын да қамтиды. 2023 жылы 7 ауданда іздеу-барлау жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы бұл жұмыстар  қалған 6 аудан мен Петропавл қаласы маңында жалғасатын болады. Сондай-ақ облыстық тарихи-өлкетану музейінде археологиялық жәдігерлердің каталогын шығару жоспарланған.  Облыстағы 1 ауданның археологиялық ескерткіштерінің жинағын шығаруды да көздеп отырмыз.

            – Археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізгенде заманауи әдістерді қолданасыздар ма, әлде жұмыстарыңыз дәстүрлі қалыптасқан әдістер негізінде атқарыла ма?

             – Археологияның өзіндік арнайы зерттеу әдістері бар. Олардың ең маңыздысы: стратиграфиялық – адамның белгілі бір жерде ұзақ уақыт тұруы нәтижесінде шөгінді мәдени қабаттардың алмасып тұруын бақылау және бұл қабаттардың хронологиялық байланысын белгілеу. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттар  мынадай белгілер бойынша жіктеледі: заттың мақсаты, жасалған уақыты мен орны. Құралдардың мақсаты мен қызметін анықтау үшін олардағы жұмыс іздерін зерттеу әдісі қолданылады. Типологиялық әдіс хронологиялық классификация үшін қызмет етеді. Ал қазіргі таңда археология пәнаралақ зерттеулерді кеңінен қолдануда. Нақты археологиялық әдістерден басқа құрамындағы радиоактивті көміртегі С14 бойынша органикалық қалдықтарды, археологиялық ескерткіштерден табылған ағаштың өсу сақиналарынан салыстырмалы және абсолюттік мерзімдерді, күйдірілген саз өнімдері арқылы әр түрлі геологиялық мерзімдерін анықтау әдістері, ежелгі заттарды және оларды алу әдістерін зерттеу үшін спектрлік талдау, металлография, техникалық петрография,  және зооархеология, антропологиялық зерттеу, ГАЖ (географиялық-ақпараттық жүйелер) әдістері зерттелетін ескерткіштерден мол ақпарат алуға, зертханалық зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беруде.

   – Табылған құнды жәдігерлер қалай қорғалады?

              – Далалық археологиялық қазба жұмыстары басталарда құзырлы органдарды (жергілікті әкімшілік, ескерткіштерді қорғау, сақтау мекемелері) алдын ала хабардар етеміз. Ескерткіштер мемлекет қорғауында болғандықтан жәдігерлер тұрған жерлерге арнайы күзет қойылмайды. Табылған жәдігерлер ашық, қазылған қалпында қалмайды. Керамика сынығы болсын, құнды жәдігер болсын фотоға түсіріліп, сызбасы сызылып археологиялық әдіспен алынып, арнайы қалташаларға немесе сақтау контейнерлеріне салынады. Қажетті зерттеулер жүргізілген соң табылған аумақтағы тарихи-өлкетану музейлеріне актпен тапсырылады. 

   – 2019 жылы Уәлиханов ауданындағы Береке мен Қаратал ауылдарының маңынан табылған Қызыл оба ескерткішін ғалымдар  Жошы хан әулетiне тиесілі деп таныды. Ғылым мұны қалай дәлелдейді?

   – Ғалымдар тобы 2019 жылы Береке мен Қаратал ауылдарының маңынан XIV ғасырға жататын 7 кесененiң үйiндiсін тапқан болатын. Қызыл оба ескерткіші «Марғұлан зерттеу орталығының» директоры Тимур Смағұловтың жетекшілігімен, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті және Павлодар педагогикалық университетінің қызметкерлері, облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығының қызметкерлерінің қатысуымен ашылды. Қазба жұмыстары барысында төрт қабір табылған. Олардың екеуі ересек адамға, екеуі балаға тән. Солардың біреуінен Алтын Орда дәуіріне жататын төрт күміс ақша табылды.

     Танымал ресейлік нумизмат Павел Петров мұндай монеталардың XIV ғасырдың 30 жылдары жасалғанын дәлелдеген. Чеканкасы жақсы сақталған, 1337 жыл деп көрсетілген. Соған қарап оның сарайда, Өзбек хан тұсында жасалғанын білуге болады. Бұл – Алтын Орданың дәуірлеп тұрған кезі. Қазба жұмыстары кезінде алтын әшекей бұйымдар, кiрпiштi күйдiру пештерi мен шеберханалар, арықтар мен керамикалық ыдыстардың қалдықтары табылды. Табылған жәдігерлердің барлығы бұл жерде мәдениеттің болғанын, басқа шығыс мемлекеттермен экономикалық қарым-қатынас орнатылғанын, сауда-саттықтың, құрылыстың дамығанын көрсетеді. Міне осындай заттай деректерге сүйеніп Алтын Орда дәуiрiнiң мазарлары Жошы хан әулетiнiң өкiлдерiне тиесiлi деген болжам айтылды.

    – Қаламыздың «Солнечный 2» шағынауданында орналасқан ерте темір дәуіріне жататын Ақтау қалашығы туралы  көп айтыла бермейді?

   – Бұрынғы Новопаловка ауылы, қазір Петропавл қаласының аумағына жататын Ақтау қалашығы – ерте темір дәуіріне жататын археологиялық ескерткіш. Оны  1966 жылы Г.Б. Зданович жетекшілік еткен барлау отряды тауып,  зерттеу жұмыстары жүргізілген. 1978-1980 жылдары М.К.Хабдулина басқарған экспедиция қайта зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ескерткіш б.д.д. V-III ғғ. жататын ерте темір дәуірі тайпаларына тән. 6700-ден аса заттай деректер тіркелген. Олар негізінен керамика сынықтары, сондай-ақ сүйек пен тастан жасалған құралдар, қола және сүйек жебелер. Жәдігерлер облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы. Қалашықтан табылған ескерткіш толық зерттелгендіктен болар, ол туралы көп айтыла бермейді.

    – Археологияға жастарды тарту мәселесі қалай жүргізіліп жатыр?

   – Кадр даярлау өзекті мәселе. Осы ретте жергілікті университетпен меморандум жасалған. Отандық тарих, археология, ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан мәдениетіне арналған 50-ден астам ғылыми еңбек жазған Сержан Мұсатайұлы Ақынжановтың шығармашылығына арналған «Ақынжанов оқулары» конференциясы, тренингтерге студенттерді шақырып, қатыстырып отырамыз. Университеттің 2 курс студенті Ажара Сыздықова бізде 1 жылдан бері лаборант болып жұмыс істейді. Биыл тек техникалық жұмыстармен шектемей, оған  зерттеу тақырыбын беріп, ғылыми мақалалар жазуға бағыттап жатырмыз. Сәуір айының 24-26 күндері Алматы қаласында, археология институты қабырғасында жас ғалымдардың «Ақынжанов оқулары» ғылыми конференциясы өтеді. Солтүстік Қазақстан университетінен 5 студент мақала ұсынған болатын. Олардың екеуі конференцияға қатысуға шақырту алды.  Тарих мамандығында оқитын 1 курс студенттері міндетті түрде археологиялық практикадан өтеді. Жазғы практикадан соң ғылымға деген  қызығушылықтары оянуы мүмкін. Университет тарапынан археология бағыты бойынша магистратура, доктарантура ашу мәселесі қарастырылып жатыр.

            -Өңіріміздегі қазіргі ахуал барлығымызды алаңдатып отыр. Біраз үйлерді су шайып кетті.  Табиғи апат салдарынан қанша адам баспанасыз қалды?  Сіз табиғаттың тосын мінезі  туралы не айтар едіңіз?

-Биыл қар қалың болды. Қыс кезінде су басу қаупі төніп тұрғаны айтылды.  Облыс орталығындағы Ойқала шағынауданының су астында қалғанына көп адам сене алмай жүр. Осындайда неге біз алдын алумен емес, салдарын жоюмен айналысамыз деген ой келеді.  Апатты жағдай орын алып, елді мекендерге топан су жақындағанда қапқа күрекпен құм салып, қолдан қорған тұрғызу шарасыздықтан туған әрекет деп санаймын. Су тасып жатқанда емес, алдын ала білікті мамандар ғылыми тұрғыдан әрекет етсе, су қоймалары, бассейндер салынса мұндай жағдай болмас па еді?  Қазіргі ахуал ел басшысынан бастап үйі ғана емес салы суға кеткен жандарға соққы болып отыр. Алайда, біз жігерін ешқашан жасытпаған халықпыз. Бұл сыннан да аман шығармыз. Ең бастысы бірлігіміз жоғалмасын деп тілеймін.

   – Ашық әңгімеңіз үшін рахмет!

Әңгімелескен

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp