«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Су сапасы сағат сайын тексеріледі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қызылжар су” кәсіпорнының бірінші көтергіш сорғы станциясының электр қуатынан ажырап қалуына байланысты Петропавлды сумен қамту екі тәулікке тоқтатылған еді.  Мамандар облыс орталығына су беру үшін 24\7 режімінде жұмыс істеп, нәтижесінде балама су көзін іске қосты. Қазіргі уақытта пәтерлерде су ағып тұр.

“Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың тапсырмасы бойынша біз мұндағы энергияны қалпына келтірумен қатар екінші көтергіш сорғы станциясына су беру жұмыстарын жүргіздік. Бүгінде тіршілік көзі  екінші деңгейдегі станция арқылы берілуде. Біз балама ретінде суды Пестрое көлінен алып жатырмыз. Оған талдау жүргізіліп, судың  нормаға сәйкес келетіні белгілі болды.  Тұрғындар оны тек техникалық мақсатта ғана пайдалана алады», – деді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.

Екі күндік үзіліссіз жұмыс нәтижесінде мың метрге жуық құбыр тартылды. Бұл су құбыры арқылы көл суы “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тазартқыш резервуарына жеткізіледі, онда ол тазалаудың бірнеше кезеңінен өтіп, жарамдылығы сағат сайын тексеріледі.  

Балама су көзіне шұғыл түрде, қысқа мерзімде қосылу үшін “Қызылжар су” ЖШС бригадаларына көмекке құрылыс компаниялары келді.  Осы мақсатта екі күннің ішінде 100-ден астам адам және 25 техника жұмыс істеген. «Қызылжар су» ЖШС-нің бас директоры Жеңіс Сұлтановтың сөзінше, бұл су қайнатып ішуге жарамды.

«Біз бүгінгі таңда су мәселесін шештік. Жұмыс өте қысқа уақыт ішінде жүргізілді. Қор жеткілікті деп ойлаймын.  Бұл мәселені шешуге көмектескен серіктес компанияларға алғыс айтамын.  Жалпы, қауіп сейілген соң жағдай бұдан да жақсы болып, енді қалада су тапшылығы болмайды деп сенемін», – деді Жеңіс Сұлтанов.

Петропавл қаласының санитарлық қызметі инфекциялық аурулардың өршуіне жол бермеу үшін жедел іс-қимыл жоспарын әзірледі. Мамандар күн сайын таза су резервуарынан, сорғы және суды тарату желісінен су сынамаларын алып, тексереді.

«Серіктестікте аккредиттелген зертхана бар. Біз күн сайын және әр сағат сайын ротавирустар, сібір жарасы, тырысқақ, паразитологиялық зерттеулерге өндірістік бақылау аясында сынама алып,  вирусологиялық зерттеулер және радиологиялық көрсеткіштерге, санитарлық-химиялық зерттеулер – органолептикаға, түсіне, тұнбасына, РН хлоридтерге, қалдық хлорға зерттеу жүргізіп, алюминий, нитрат, нитриттің болуын тексереміз.  Су сынамалары санитарлық-химиялық және бактериологиялық көрсеткіштерге, гигиеналық нормативтердің талаптарына сәйкес келеді», – дейді Петропавл қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Галина Шарипова.

Маманның айтуынша, халық техникалық суды тек техникалық қажеттіліктер үшін пайдалануы қажет. Санитарлық ыңғайлылық үшін, ыдыс жуғаннан кейін оны  қайнаған сумен шайған жөн. Қазіргі уақытта жіті ішек инфекциялары мен жұқпалы аурулар бойынша  қаладағы эпидемиологиялық жағдай  тұрақты.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp