«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Адал адамдар сыйақы алды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңіріміздегі  сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет былтыр жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 5 адамға жалпы сомасы 1,1 млн. теңге сыйақы берді.

Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адамдарды көтермелеу – жемқорлықпен күресте тиімді тетіктердің бірі. Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған немесе қылмыспен күресте жәрдемдескен адамдарға біржолғы ақшалай сыйақы беру, грамотамен марапаттау немесе алғыс жариялау қарастырылған. Параның немесе келтірілген залалдың сомасы бір мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын немесе залал келтірілмеген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық болса, 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай сыйақы тағайындалады.

Онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмысқа 40 айлық есептік көрсеткіш, ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмысқа 50 айлық есептік көрсеткіш, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы хабарланған жағдайда 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы беріледі. Ал аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс туралы дерекке 100 айлық есептік көрсеткіш қарастырылған.

Егер пара немесе келтірілген залал сомасы немесе ұсынылған жеңілдіктер немесе көрсетілген қызметтер құны 1000 айлық есептік көрсеткіштен асып кетсе, онда факті туралы хабарлаған адамға соманың 10 пайыз мөлшерінде, бірақ 4000 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сыйақы беріледі.

Сыйақы айыпты адамға қатысты айыптау үкімі немесе әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы заңды күшіне енген соң ғана беріледі. Өңір тұрғындары сыбайлас жемқорлық фактілері туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің call-орталығына 424 нөмірі бойынша тегін хабарласа алады немесе Петропавл қаласы, Интернациональный  көшесі, 60 мекенжайы бойынша аумақтық департаментке жүгінуіне болады.

Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp