«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Баспана жөндеуге жарамаса, жаңасы салынады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласында орналасқан  эвакуациялық пункттерді аралап, тұрғындармен тілдесті.

Қазіргі уақытта облыс орталығында 12 пункт бар. Оның бірі № 4 мектепте орналасқан. Мұнда Заречный, Тепличный, Былғары зауыты және  Ойқала шағынаудандарынан 44 адам жайғасқан. Оларға барлық қажетті әлеуметтік жағдай жасалған. Түрлі психологиялық көмектер мен құқықтық кеңестер  көрсетіледі.

«Ешкім назардан тыс қалмайды. Тұрақты  мекен жайы болмаған жағдайда  100 айлық есептік көрсеткіш төлемі саяжай тұрғындарына да беріледі. Оның мөлшері 360 мың теңгеге жуық. Құжаттарды рәсімдеуден көмектесеміз. Өңір бойынша  тасқыннан зардап шеккен 2 мың адам біржолғы төлемге өтініш берді. Бір мыңнан астам адамға  400 млн. теңге мөлшерінде өтемақы тағайындалды. 1178 адам мүліктерін қайта рәсімдеуге өтінішпен қайрылды. Мүлік шығынын өтеуге қатысты комиссия  бағалау жұмыстарын жүргізуде. Құжаттар мен өтініштерді қарау және төлем шарттарын түсіндіруде кідіріс жоқ», – деді облыс әкімі.

№43 мектептегі  эвакуациялау пунктінде   31 адам тұрады. Төртеуі – балалар. Роман Скляр мен Ғауез Нұрмұхамбетов табиғи апаттан зардап шеккендердің қараусыз қалмайтынын айтты. Арнайы комиссия құрылып, шығындарды есептеуге кіріскен. Баспананы қайта қалпына келтіру мүмкін болмаса, жаңасы беріледі.  Солтүстік Қазақстан гуманитарлық-техникалық колледжінің жатақханасына 39  адам орналастырылған.   

«Тасқыннан зардап шеккендерге пәтер ұсынылады немесе үй салынады. Жақсы жиһаздалған үйлер де қарастырылады. Әрқайсысы 80 шаршы метр жекеменшік баспаналар Солнечный кентінде тұрғызылады. Оны  4-5  ай күтуге тура келеді», – деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр. 

Бұдан кейін  Ойқала шағынауданындағы су тасқынының ауқымы бағаланды. Шағынауданның негізгі бөлігі  әлі суда тұр. Қарғын  суды сору үшін мотопомпалар мен  арнайы құрылғылар әкелініп,  іске қосылады.

Облыс орталығында  бесмыңнан астам адам  тасқын судан зардап шекті. Жағдайдың ептеп оңалуына байланысты 645 адам үйлеріне оралды. Халыққа қызмет көрсету орталығы жергілікті филиалының  мамандары қосымша  қызмет көрсету түрлерін көбейтті. Мобильдік топтар эвакуациялық  пункттерге барып, түрлі анықтамалар алуға, рәсімдеуге, құжаттарды қалпына келтіруге, өтініштер қабылдауға  төрт мың  азаматқа көмектесті. Петропавлдықтар үш айға дейін коммуналдық төлемдерді төлеуден босатылды.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары мен облыс әкімі  Пестрое көліне барды. Мұнда резервтік сорғы станциясы орнатылып, тұрақты қызмет көрсетпек.  Роман  Скляр  бірінші сатыға көтеру сорғысы тасқын су астында қалғанын айта келіп, енді негізгі суды көлден алу үшін монтаждау жұмыстарын тезірек аяқтауды тапсырды.  Тасқынның  беті қайтып, жағдай тұрақталғанша осында тұратын болады. Резервтік су алу көзі  реттелген. Бұл шараларды «Қызылжар су» ЖШС-нің мамандары  қысқа мерзім ішінде атқарып шыққан. Екінші паром өткелі Прибрежное ауылына қойылмақ.

Су деңгейінің төмендеуіне байланысты  Петропавл-Жезқазған республикалық маңызы бар жол бойындағы Южный бақылау-өткізу бекетінен және Петропавл айналма жолынан шектеу алынып тасталып, көлік қатынасы қалыпқа келтірілді.

Су тасқыны басталғаннан бері 14 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Петропавл су торабында су деңгейі 27 сантиметрге дейін төмендеді. Керісінше Сергеев су қоймасында 18 сантиметрге  артқан. 22 сәуірге таман тасқынның екінші кезеңі басталады деген болжам бар.

                                                                                                                              Өмір ЕСҚАЛИ,

                                                                                                                  «Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp