Облысымызда спорт тоғыстырған отбасылар қатары аз емес. Үйде де, түзде де үнемі бірге жүретін жандардың өмірі көпшілік үшін қызық. Сұлтан мен Сәния кекушинкай каратэмен айналысады. Екеуі де – қара белбеу иегері. Осыдан бес жыл бұрын некелерін қиған. Сол уақыттан бері жұптары жазылған емес.
– Менің ата-анам да – спортқа жақын адамдар. Олар бала күнімдемені түрлі спорт үйірмелеріне жаздырды. соңында таңдау каратэге түсті. Жапондық кекушинкай каратэмен кәсіби түрде 16 жастан бастап айналысып келемін. Бұл спорт менің мінезімді қалыптастырып, физикалық жағынан дамытты. Каратэ ой-санамды оң арнаға бұрып, үлкен жеңістерге жетуге көмектесті. Тағдырдың жазуымен жолдасыммен осы спортта жүріп кездестім, – деген Сәния Жақан алғаш рет 2013 жылы кекушинкай каратэден жарыста танысқанын айтады.
Осыдан 11 жыл бұрын Қызылжар ауданында өткен турнирлердің бірінде татамиге жас қыз шығады. Жекпе-жекке төрешілік еткен Сұлтан Жақан оның болашақ зайыбы болатынын ойлаған да жоқ. Бұл кездесу кейін махаббат отынының тұтануына себеп болды.
– Сәнияның жақсы қасиеттерінің бірі – қайсарлығы. Ол алған бағытынан таймайтын, жарыста жеңіліп бара жатса да, мінезінің арқасында жеңіске жететін еді. Ал үйде өте мейірімді, барлық мәселені ақылмен шешетін парасатты келіншек, – дейді Сұлтан.
Әдеттегі отбасының күнделікті өмірі кофе мен таңғы астан басталатыны мәлім. Ал Жақан әулеті жаңа күнді таза ауадағы таңғы жүгіру мен жаттығулардан бастайды. Кекушинкай үйірмесінде қалыптасқан бұл әдетті әлі де тастамай келеді.
Бүгіндері Сұлтан күштік құрылымдардың бірінде қызмет етеді. Бос уақытын отбасына және спортқа арнайды. Ал Сәния декреттік демалыстан кейін кекушинкай каратэ үйірмесіне оралып, жас спортшыларға білгенін үйретіп жүр.
– Облысымызда кекушинкай каратэден бірнеше филиалымыз бар. Солардың бірі Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназияда орналасқан. 100-ге тарта бала жаттығады. Жас спортшылардың қатарында Жапонияда өткен халықаралық жарыстардың жүлдегерлері мен әлем чемпионатының қатысушылары бар, – дейді Сәния.
Бапкер балаларды каратэ өнеріне баулып қана қоймай, өзі де ересектер арасындағы жарыстарға қатысып тұрады. Айтуынша, шәкірттеріне үлгі көрсету үшін жаттықтырушының өзі татамиден кетпеуі керек.
– Каратэ спортында ката мен кумите деген бағыттары бар. Катада каратэшілер үйренген айла-тәсілдерін көрсетсе, кумитеде қарсыласпен жекпе-жекке шығады. Жарыстар қос бағыт бойынша өтеді, – дейді жас жаттықтырушы.
Каратэ үйірмесіндегі балалар Сәнияны «семпай» деп атайды. Жапон тілінен аударғанда бұл сөз «жол нұсқаушы», «жолдас» деген мағынаны білдіреді. Осы атақты берілу үшін де аянбай тер төгу қажет екен.
Сұлтан мен Сәния кіндіктерінен тараған екі ұлға тәлімді тәрбие беріп отыр. Сәл өскен соң балалары да каратэмен айналысса деген тілектері бар.
Аманжол НҰРТАЗИН,
«Soltüstık Qazaqstan».