«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ҰМТЫЛЫС – ЖЕТІСТІКТІҢ БАСТАУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында алдымызға  біртіндеп  жаңа экономикалық үлгіге өту міндетін қойды. Басты мақсат – шын мәнінде  халықтың тұрмыс сапасын жақсарта отырып, әділдік, инклюзивтік және үнемшілдікті басты бағдарға айналдыру. Осындай  аса маңызды  шақта  зор экономикалық серпіліс жасауға  еліміздің толық мүмкіндігі бар. Президент атап өткендей, Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің  бәсекелік  артықшылықтарын тиімді пайдалануға және  өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді. Қасым-Жомарт  Кемелұлы  тарихи құжатта экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі тұстарына тоқтала келіп, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыруды және  экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жетуді, ол үшін  бірқатар жобаны жүзеге асыруды айрықша атап көрсетті. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл–біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек. Осы орайда импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін жергілікті өнім үлесі жоғары  өндіріс кешенін құру басты талап екеніне назар аударды. Біздің ауданның әлеуетін көтеретін негізгі бағыттардың бірі ауыл шаруашылығы өнімдерін сапалы өндіру, инфрақұрылымды талапқа сай дамыту және тұрғындардың өмір сапасын  жақсарту болып табылады. Бұл мақсатқа қол жеткізуде  инвестиция тартудың және халықтың табысын арттырудың мәні айрықша. Былтыр негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 15 млрд. теңгеден асты. Орташа еңбекақы көлемі 22,6 пайызға өсті. Егістік алқабы 400 мың гектарға жуық, 98 ЖШС, 203 шаруа және фермер қожалықтары тікелей егіншілікпен шұғылданады. Былтыр ауыл шаруашылығы саласында 77,9 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, ауа райының қолайсыздығына қарамастан қамбаға  375,1 мың тонна дәнді және 24,3 мың тонна майлы дақыл құйылды. Жергілікті агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті зор екенін ескере отырып, биыл дәнді дақылдар алқабын– 291,7 мың, майлы дақылдарды– 68,0 мың, жемшөп дақылдарын– 24,5 мың, картопты– 0,5 мың, көкөністі 0,2 мың гектарға жеткізуді межелеп отырмыз. Егістік өнімділігін сапалық жағынан жақсартудың жолдары көп.  Биыл 332 мың гектар жерге 23,2 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыштар енгізілді. Шаруашылықтар 5,8 млрд. теңгеге 263 техника сатып алып,  машина-трактор паркін жаңарту 6,2 пайызды құрады. Жыл аяғына  дейін  тағы 235 техника бірлігімен толығады.

Президент алдағы үш жыл ішінде  агроөнеркәсіптегі  өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу талабын қойды. Шаруаларды  жер жағдайы немесе ауа райы емес,  инновациялық  амал-тәсілдер табысқа жеткізері күмәнсіз. Бұл орайда, заманауи ғылымға сүйену маңызды. Мәселен, суды үнемдейтін технологияларды қолдану арқылы дақылдардың өнімділігін едәуір молайтуға болатыны тәжірибеде айқын байқалып отыр.  “Агро Елецкое” ЖШС 1 млрд.теңгеге суару жүйесі жобасын жүзеге асырды. 2 жыл ішінде суармалы жерлердің аумағын 1093 гектарға дейін ұлғайту жоспарланған,  онда картоп пен көкөніс дақылдары өсірілетін болады. “Исағали” ЖШС  суармалы жемшөп дақылдарының көлемін 1400 гектарға жеткізбек. “Константиновка–2004” ЖШС де жаңа технологияны қолданбақ.

Жолдауда  Қызылжар өңірінде  салынып жатқан ірі тауарлы-сүт фермалары үлгі етілгені белгілі. Ауданда осындай 3 кешен жұмыс істейді. “Арна” шаруа қожалығы  Даниядан 158 бас сүтті сиыр тұқымын әкелді. Бұдан бөлек, 240 тоннаға шақталған сою пунктінің құрылысы жүргізілуде. “Әдемі Астық” ЖШС тауарлы  фермасын кеңейту жоспарлап отыр. Жобаның жылдық  қуаттылығы 1500 тоннаға лайықталған. Кирилловка ауылында 600 басқа арналған кешен  салынады. Мал өсірумен айналысатын фермерлерге жеңілдетілген несие арқылы мемлекеттік қолдау көрсетіледі.  “Айыртау Групп” шаруашылығы 1800 бас қой сатып алды.

Жолдауда  ет, сүт өнімдерін тереңдетіп өңдеу сияқты болашағы зор  өндіріске басымдық беріліп, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармау айтылды. Ауданда өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 6,1 млрд. теңгеге жуықтаса, 80 пайыздайы  ауыл шаруашылығына  тиесілі.  “Теzis” ЖШС тәулігіне 2 тонна ірімшік және оның 40-тан астам түрін  шығарады. 25 адам тұрақты  жұмыспен қамтылған. “Саумалкөл SUT” ЖШС  сүт өнімдерінің 5 түрін өңдейді. “Север Агро LTD” ЖШС құрғақ бие сүтін өндіретін ферма тұрғызбақ. Жоба құны– 3,2 млрд. теңге, оның  1,5 млрд. теңгесі «Солтүстік» ӘКК арқылы қаржыландырылады.  Бастапқы жылы 10-12 тонна құрғақ қымыз өндірілсе, кейін 40 тоннаға дейін ұлғайтылмақ.

Жолдауда кәсіпкерліктің  дамуын тежеп тұрған кедергілерді жоюға, билікпен арада сындарлы диалог орнатуға назар аударылды. Ауданда 1699 шағын және орта бизнес субъектілері құрылған. Оларға мемлекеттік қолдау тетіктері пәрменді түрде көрсетіліп, тауарлар мен қызметтердің өсімі мен  сапасының жақсарғаны байқалады. Өткен жылы бұл саладағы  бөлшек тауар айналымының көлемі 12,1 млрд.теңгеге жетті. 42 жұмыс орны ашылып,  568 млн. теңгенің  17 жобасы іске асырылды. “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында 243 млн.теңгеге 33 жоба қаржыландырылды. Биыл 26 адам 200 миллион теңге мөлшерінде несие алуға өтініш берді.

Мемлекет басшысы алдымызға  еліміздің туристік әлеуетін кеңінен пайдалану, серпінді жобалар қатарында болу, шетел және отандық қаржыгерлерді барынша тарту, барлық ішкі мүмкіндіктерді жұмылдыру  міндетін қойды. Өңіріміздің өн бойы–тұнған байлық. Пайдалы қазбаларға, кен орындарына мол, сонымен қатар тарихи көне  ескерткіштермен, сұлу табиғатымен де ерекшеленеді.  Туризм саласына инвестиция салу кең үрдіс алып келеді.  Оны жандандырудың арнайы бағдарламасы шеңберінде  соңғы  5 жылда 3 млрд. 750 млн. теңгеден астам инвестиция тартылды. Имантау, Шалқар көлдерінің маңындағы  демалыс орындарының инфрақұрылымы   қалпына келтіріліп, туристер көп келетін курорттық аймаққа айналдырылды. 2023 жылы 44 туризм объектісі  95 мың адамға қызмет көрсетті. “Изумруд”, “Әділ”,  “Имантау”, “Қазығұрт” “Солнечный вип”, “Тұрпан” демалыс орындары туристерді жыл бойы қабылдайды.  Инвесторларға туризм объектілерін салуға  22 жер учаскесі бөлінді, интернет байланысы  жақсартылды. Көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытудың жол картасы әзірленді. Автомобиль жолын төсеу және электр беру желісін жүргізу бойынша  «Көкшетау»  мемлекеттік ұлттық паркімен бірлескен қызмет туралы келісім-шарт жасалды.  Биыл Шалқар көліне дейін  ұзындығы 12,3 шақырым  автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізіледі. “Шалқар су” шипажайына бұрылыстан бастап “Сокол” балалар сауықтыру орталығына дейін  екі шақырым, Никольское ауылының кіреберісіне дейінгі 1,5 шақырым  жол қалпына келтіріледі. Жергілікті автомобиль жолдары желісін жаңартуға  былтыр 3,1 млрд. теңге бөлініп,  “Саумалкөл-Новоишим-Червонное” бағытындағы  жолдар жөнделді. Облыстық бюджет қаражаты есебінен 250 млн. теңгеге көшелер жарықтандырылды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде “Гусаковка” ЖШС 3,3 шақырым болатын кентішілік жолдарға 100 млн. теңге бөлді.

Әр Жолдау ауқымы, мазмұны жағынан бөлек, әрқайсысының арқалайтын жүгі бар, ол бір жылмен шектелмейді. Әркез биік мақсаттарға жетелеп, зор жауапкершілік жүктеп отырады. Осы бағытта  саяси және экономикалық рефомалардың үйлесімділігі негізінде жұмыс істеу басты парыз болып қала береді.

                                                                                                                  Ерболат БЕКШЕНОВ,

                                                                   Айыртау ауданының  әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp