«Халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеуді міндеттеріне айналдырғандар кімдер?» дегенде көз алдымызға бірден құтқарушылардың елестейтіні анық. Тосыннан болған апат кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің әрбір құтқарушысының өз басын өлімге тігіп, от пен судың ортасында қалған адамға «екінші» өмір сыйлайтынын ешкім де жоққа шығара алмайды.
Тасқын судың өтінде
Су тасқыны, өрт, апаттар, тіпті қарапайым тұрмыстық мәселелерде ең алдымен біз 112 нөмірін теріп, құтқарушылардың көмегіне жүгінеміз. Олардың қажеттіліктері өңіріміздің біраз ауданы мен облыс орталығының шеткері шағынаудандары су құрсауында қалған кезде қатты сезілді. Халық топан сумен арпалысып жатқан кезде құтқарушынының жұмысын жан-жақты бағдарлау мақсатында қауiптi, әр сәттерін тәуекелмен байланыстыратын мамандық иесі, облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағы құтқару бөлімшесінің басшысы Еділ Зікірин мен құтқарушы Самат Ахметжановтың қасында бір күн жүріп, қаламыздың суда қалған шағынаудандарын қайықпен араладық.
Еділ Серікұлының Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылжарға келген соңғы сапарында төтенше жағдайда атқарылған жұмыс барысын баяндап, Мемлекет басшысының қолынан сыйлық алғанын айта кеткеніміз дұрыс болар. Оның айтуынша, құтқарушылық қызметте жүргендер басқа мамандық иелері секілді дүйсенбі-жұманы жұмыс күндері, 09:00-18:00 аралығын жұмыс уақыты деп санайтын бір қалыпты кестемен жүре алмайды. Тәуліктің кез келген сағатында адам өмірін құтқарып қалу қажет қажеттігі туындауы мүмкін.
– Әр мамандықтың өзіндік артықшылығы мен қиын тұстары болады. Біздің жұмысымыз – су, от, дауыл, жел, жаңбыр, орман өрті сынды табиғаттың тосын құбылыстарымен тығыз байланысты, өзімізге лайық атмосфераны іздеуге мұрсат бермейтін қызмет. Суға батып бара жатқан адамның өмірін сақтап қалу үшін дәрігер, орманда адасып кеткен адамды ашық алаңға шығару үшін психолог болуымыз қажет, – дейді Еділ Серікұлы.
Эвакуациялау дегеніміз не?
Тасқын орын алғаннан бері суда қалған адамды эвакуациялауды басты мақсат еткен құтқарушылар судың шетінде отырып-ақ түскі, кешкі астарын іше береді. Себебі, су құрсауында қалғандарды құтқару керек болғанда дабыл қағылуы бек мүмкін. Сондай сәтте сақадай сай болу маңызды.
– Көп адамдардың пікірінше, эвакуациялау – үйлері жарамсыз деп танылған отбасыларды уақытша баспанамен қамтитын пункт. Бұл дұрыс емес. Біз су құрсауында немесе өрт ішінде қалғандарды қауіпсіз жерге шығарып, жауапты қызметкерлердің қолына табыстауды эвакуациалау деп атаймыз. Бұл әдіс кейде қарсыласқандарға мәжбүрлі түрде қолданылады, – дейді Самат Ахметжанов.
Су құрсауындағы «Ойқала»
Біз қайыққа отырып, «Ойқала» шағынауданын аралап шықтық. Жанымда екі құтқарушы отырса да, моторлы қайық жарты жолда тоқтап, судың ортасында қалатындай бойымды үрей билеп, жүрегім аузыма тығылды. Қолына диплом ала салысымен қызметке орналасқан жас маманның іштегі қорқынышын қалай жеңетінін тәжірибелі құтқарушыдан сұрадым.
– Бізге жас мамандар келсе, оларға үш айлық сынақ мерзімі беріледі. Үш айдың ішінде жүгіреді, ұзындыққа секіреді, турникке тартылады, суда жүзеді, 9-10 қабаттарға жіппен көтеріліп, түседі. Медициналық колледжге барып, апатқа түскен адамға алғашқы көмекті қалай беру керектігін түсіну үшін медициналық, сосын психологиялық дайындықтан өтеді. Кез келген оқиғада құтқарушы адамды құтқармас бұрын психологиялық тұрғыдан дайын болуы тиіс. Сынақ мерзімінен өткен маман жұмыс істеуге дайын деген сөз. Өйткені, апатты жағдайда әр секунд маңызды, – дейді Еділ Серікұлы.
Өңірде төтенше жағдай орын алғаннан бері олардың қанша тұрғынды құтқарғанын сұраған едік. Бұл сауалымызға жауап ала алмадық. Себебі, құтқарушылар өз жұмыстарына статистика жүргізбейді. Құтқарушының міндеті – өмір мен өлімнің арасында қалған адамның өмірін сақтап қалу. Есеппен жүрген маман ешқашан өз ісіне адал бола алмайды. Сондықтан есеп жүргізу міндеті басқа мамандарға сеніп тапсырылған.
Мамандардың айтуынша, құтқарушы боламын деген адамның физикалық жағынан мықты әрі кәсіби маман болуы жеткіліксіз. Өйткені, олардың тынымсыз қызметінде апат, зілзала, өрттен бөлек түрлі жағдайларда зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетуге де тура келеді. Жұмысына жауапкершілікпен қарап, талапшылдық пен адалдық танытатын мамандықты таңдағандар өздерін батыр санамауы керек. Қиын сәттегі кез келген әрекет – құтқарушының міндеті.
– Табиғи апаттың орын алатынын алдын ала ескерту – құтқарушылардың міндеттерінің бірі. Біз ең алдымен хабарландыру парақшаларын таратамыз. Түрлі оқиғалар кездеіп жатады. Бір үйге 4-5 рет бас сұғатын кездер кездеседі. Үй иелері кей жағдайда сөзімізді тыңдамай беттен алып, төске шауып, қуып жібереді. Басымыз салбырап, өзімізді кінәлі адамдай сезініп, кері қайтамыз. Су іргеге келсе де, үйінен шықпаған адамдар да болды. Бірде қос қабатты үйлердің бірінен өрт шығып, тілсіз жаумен күресуге аттандық. Екінші қабатта тұратын ерлі-зайыптыларды сыртқа зорға алып шыққанымыз бар. Пәтерлері отқа оранған бірінші қабаттың тұрғындары жоғарыда тұратындарды құтқару үшін ешқандай әрекет жасамаған, – деп қынжылысын білдірді Еділ Зікірин.
Жүректі ауыртқан жағдай
Біз құтқарушылармен бірге топан судың алдын алу шараларына қатысып, бөгет салу жұмыстарына атсалыстық. Ю.А.Гагарин атындағы №14 орта мектептің бірінші қабатындағы жиһаздарды білім ошағының екінші қабатына тасыдық. Содан кейін «Ойқала» шағынауданы тұрғындарын эвакуациялау жұмыстарын бастап кеттік. Құтқарушылардың түрлі келеңсіз жағдайларға тап болатыны шындық екен. Калюжная көшесінің бойында орналасқан үйлердің бірінде тұратын бейтаныс жігіттің кеудемізден итеріп, қуып жібергені жанымды ауыртты. Екі рет барғанымызда да сол оқиға қайталанды. Арада 10-15 минут өтпей, су үйінің қоршауына кіре бергенде әлгі адамның соңымыздан қалай зырылдап келгенін аңғармай қалыппыз.
– Оқыс оқиға орын алған жерге кемінде екі құтқарушы баруы қажет. Апаттық жерге жалғыз өзі барған құтқарушы жауапқа тартылады. Екі құтқарушы бір-бірлерінің өмірінің сақтаушысы. Бір құтқарушы «жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей қандай да бір жағдайға тап болса, екіншісі өз басымен жауап береді. Яғни, мен Еділ үшін, Еділ мен үшін жауапты, – дейді Самат Ахметжанов.
Тұрғындармен тілдесу
Төтенше жағдай кезінде жұмыстың дұрыс үйлестірілуі және ұжымның ауызбіршілігі аса маңызды. Батыл мамандар елдің кез-келген жеріне жедел көмекке баруға дайын. Адам өміріне қауіп төнген уақытта еш кідіруге болмайты туралы айтып отырғанымызда Иван Смирнов көшесінде төтенше жағдай орын алғаны жайлы дабыл түсіп, Самат пен Еділ ағаларымыз ішкелі отырған астарын тастап, оқиға орнына аттанды. Олар оралғанша қос құтқарушы эвакуациялаған тұрғындармен тілдесуге мүмкіндік туды.
– Мен Коминтерн көшесінде тұрамын. Шағынауданымызды су басқаннан бері құтқарушылар күн-түн демей, 24 сағат қызмет көрсетуде. Жұмыстарына дән ризамыз. Жұмыла көтерген жүк қашанда жеңіл емес пе? Мұндай жағдайда бір-бірімізге түсіністікпен қарағанымыз дұрыс. Билік өкілдері қажетті көмек көрсетіледі деп отыр. Құтқарушылар «Ойқаланы» су басатынын алдын ала айтты. Адам шығынының болмағанына қуанамын, – дейді қала тұрғыны Ерік Өтенов.
Біз кеш қарая арнаулы көлікпен республикалық маңыздағы «Петропавл-Жезқазған» жолының «Южный» бекетінде судың арғы бетінде қалған адамдарды бергі бетке өткізу жұмыстарымен айналыстық. Резеңке матадан тігілген киім киген олардың тасқын судың ортасында жүріп, адамдарды құтқару үшін жасаған қадамдары қандай құрметке болсын лайық.
Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді. Сол үшін де құтқарушылар қажетті құрал-жабдықтармен барынша жарақтандырылуы тиіс. Оны біз күні бойы жанында жүрген мамандар ра айтты. Құтқарушылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына қатысуға дайын болу үшін арнайы, медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады.
Түйін: Мықтылар ғана таңдайтын мамандық иелерінің бір күнін саралап түйгеніміз – құтқарушының жұмысы өмір мен өлімнің арасындағы арпалыс. Отқа да, суға да түсіп жүрген батырларымыздың ғұмырнамасы таразыға салынып, болашақ жастарымыздың санасына құйыла беруі қажет.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».