Жуырда тұлғатану курсы бойынша Смағұлтануға елеулі үлес қосатын үш жинақ қолымызға тиді. Үшеуін де Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты шығарған. Жинаққа мақалалары енгендер елімізге танымал тарихшы, әдебиетші ғалымдар мен өлкетанушы, зерттеушілер. Бірінші жинақ – «Смағұл Сәдуақасовтың мемлекеттік, қоғамдық және ғылыми-педагогикалық іс-әрекеті» (құжаттар жинағы), екіншісі – 2023 жылы Алматыда болған «ХХ ғасырдағы Қазақстан мен Орта Азия тарихындағы ұлттық құндылықтар мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жасалған баяндамалар, ал үшіншісі – жаңадан табылған архив және жазба дереккөздерінің негізінде құрастырылған «Смағұл Сәдуақасовтың мемлекеттік, қоғамдық және ғылыми-педагогикалық іс-әрекеті» деп аталады. Бір өкініштісі, ішіндегі кейбір материалдар болмаса үшеуі де орысша. Деректердің негізінде мақалаларын жазып, жинақты құрастырғандар – Г.Мұқанова, З.Қабылдинов, З.Байжұманова, Д.Қамзабекұлы, Ш.Бұлғауов, С.Жұматай.
Үш кітаптың әрқайсынан Смағұл Сәдуақасовтың өмірі мен шығармашылығына, мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі қырларына қосымша деректер табуға болады. Өркениеті озық елдерде Смағұлдай жарқын тұлғасына қатысты барлық дүниелерді қалдырмай зерттейді. Қазақ қоғамы да сол сатыға көтеріліп келе жатқан сияқты. Аталмыш кітапта С.Сәдуақасовтың өмірі мен еңбегін ғана емес, ата-баба, зәу-затынан да көптеген мағлұматтар келтірілген. Бұрын Смағұлдың Ақжар ауданындағы Жарқын ауылында туғанын ғана білетін болсақ, енді оның әкесі Сәдуақас туралы да мол мағлұматтарға қанықтық.
Смағұлдың әкесі Сәдуақас осы өңірде 1872 жылы туған екен. Өз кезінде ол Уфаның «Ғалия» медересесін бітіріп, ауылда молда болып, бала оқытыпты. Жарқын ауылының ақсақалдары мен туыстары жинақта Смағұлдың 7 атасын да таратып берген. Жетінші атасы Керейдің Малайынан тарайды. Осы Малайдан Бабыс, одан Көтібақ, одан Жиенқұл, одан Жантемір, одан Жусан, одан Турабай туады. Смағұлдың әкесі Сәдуақас Турабайдың баласы.
Смағұлдың анасының есімі Мәжікен. Смағұлдың өзінің жазуына қарағанда, ол 1879 жылы туған екен. 1933 жылы сүйікті баласы Смағұлдың қайтыс болғанын естігенде қайран ана қайғыдан арыла алмай, күні-түні жылайды. Осы жылаудан оның көзі көрмей қалады. Ал 1937 жылы күйеуі Сәдақасты Смағұлдың әкесі болғаны үшін ғана қандықол өкімет айыптап, түрмеге салғанда ауыр қайғыдан бас көтере алмаған Мәжікен ана фәниден бақиға аттаныпты.
Марқұм 18 құрсақ көтерген екен, солардың ішінен Смағұл мен Орынбасар деген қызы ғана аман ержетеді. Алайда Смағұлдың өзі «Центросибирь» атты кооперативтік бірлестікке қызметке кірерде өзінің екі қарындасы мен бір інісі бар екенін жазады. Бірақ мұндағы бір бала мен бір қыз Сәдуақастың інісі Әлімнің балалары екен. Еншісі бөлінбеген ағайындылар бірінің баласын екіншісі бауырына басып, өз балам деп атай берген. Ондай салт қазақтың барлық жерінде бар. Аса бауырмал болып келетін қазақтар өздерінің балалары мен аға-інісінің балаларын да айырмай, бәрін өз балам дейтін болған. Шын мәнінде Смағұлдың бір анадан туған қарындасы Орынбасар ғана. Смағұлдың атасы Турабайдан Сәдуақас пен Әлім туған. Әлімнің бір баласы Ароннан Рахымжан туады. Смағұлдың қарындасы осы Рахымжанның отбасында 1990 жылы Омбының Любин ауданындағы Капустин ауылында дүниеден өткен.
Жаңа деректерден Смағұл өскен ортаның білімге, ағартушылыққа құштар болғанын көруге болады. Жергілікті байлардың қолдауымен өңірге татар, орыс мұғалімдері шақырылып, жәдид мектебі ашылған. Смағұл 12 жасында оны бітіріп, Жарқыннан 50-60 шақырым жердегі Полтавка деген қыстақта үш жылдық орыс-қазақ мектебінде оқиды. Алғыр бала осы мектепте жүріп, орыс тілін еркін меңгеріп алады. Ең қызығы Смағұлдың бұл мектепті бітіргенде алған бағалары қойылған құжат табылған. Жалынды жастың мектепті қалай бітіргенін біз де айта кетейік: «Дисциплина – 5; Божий Закон – освобожден; Русский язык – 5; Арифметика – 5; География – 5; Геометрия – 5; История – 5; Естествознание – 5; Черчение и рисование- 5;» деп жазылыпты құжатта. Осының өзінен-ақ Смағұлдың бала жасынан ширақ, топжарғпн екенін көруге болады. Өйткені ауыл баласының барлық сабақты беске игеруі некен-саяқ болатын жағдай.
Жинақтардан Смағұлдың өмірі мен қайраткерлігіне байланысты көптеген жаңа деректер табуға болады. Ол жас Қазақстанның ең ұшар басында тұрған ірі қызметтерді атқарды. Соның ішінде мемлекеттік жоспарлау комитетін басқарып, 1923 жылы Қазақстанның үш облыстан қалыптасуы керек екенін айтқан. Соның ішінде Шығыс Қазақстан – орталығы Омбы; Батыс Қазақстан – орталығы Орынбор; Оңтүстік Қазақстан – орталығы Ташкент болуы керектігін ұсынған. Өкінішке қарай кейін Қазақстан осы үш қаладан да айрылып қалды. Алайда оның күш салуымен бұрын Сибревкомға (Ресей) қараған Ақмола мен Семей облыстары, Бөкей ордасының жері, Жетісу мен Сырдария (Түркістан автономиясы) Қазақстанға қосылды.
Қазақстанды патша заманындағыдай шикізат базасы етуге болмайды. Біз фабрика-зауыт салып дайын өнімдер шығаруымыз керек деп қанішер Голощекинге (Қужақ) қасқайып қарсы тұрған жап-жас жігіттің ел деп, жер деп соққан жарқын жүрегі ешқашан ұмытылмайды. «Жыланның аяғын көрген» сұрқия қу болса да Қужақ оның көзін құрта алмай, тек оқуға жібереміз деген сылтаумен ғана құтылғаны белгілі.
Смағұл Сәдуақасовтың жарқын өмірі, ұлтына жаны ашыған күрескерлік келбеті, батырлығы мен батылдығы қазақстандық патриот жастарға әрқашан үлгі болары сөзсіз.
Жақсыбай САМРАТ,
журналист.