«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ БАҚЫЛАУДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Вице-премьер Қанат Бозымбаев, Kazakhmys Holding директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай, Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким және KAZ Minerals Management басқарма төрағасы Эльдар Мамедов   өңірде қолға алынған  қалпына келтіру жұмыстарымен танысты, сонымен қатар жергілікті тұрғындармен кездесті.

Су тасқыны басталғалы облыста 3898 үйді су басқан. Саяжай аумағында 6597 учаске айтарлықтай зардап шекті. Облыс әкімдігінің мәліметінше, су басқан тұрғын үйлердің 40 пайызға жуығы одан әрі тұруға жарамсыз болуы мүмкін.

Үйсіз қалғандар уақытша жатақханаға орналастырылды. Вице-премьер эвакуацияланған азаматтармен кездесуде мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық қолдау шараларын еске салды. Қазірдің өзінде 3383 отбасы 100 АЕК көлемінде бір реттік жәрдемақы алды.

Сондай-ақ  KAZ Minerals, Kazakhmys Holding және Kaspi.kz компаниялары Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендерге 60 млрд теңгеге дейін қаражат бөлгені, қаржы негізінен осы облысқа бағытталатыны туралы айтылды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мен үш ірі компанияның басшылығымен және акционерлермен бірге осы өңірге келдім. Жалпы сомасы 60 млрд теңге су тасқынынан зардап шеккендерге пәтер сатып алуға және үй салуға бағытталады»,  – деді вице-премьер халықпен кездесуінде. Сондай-ақ облыс әкімдігіне екі апта ішінде тұрғын үйлерді бағалап, оларды қалпына келтіру жұмыстарын бастау тапсырылды.

«Мұндай жағдай елімізде бірінші рет орын алып отыр. Бұл нағыз апат екенін өз көзіммен көрдім. Ешкім бейжай қарамауы керек. Үкіметпен бірге қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз», –  деді Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким.

«Солнечное-2»  шағынауданында  100 үйдің құрылысы басталып кетті. Оған 10 мердігерлік ұйым жұмылдырылды. Жоба облыс әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоры арасында қол қойылған меморандум аясында бастау алды. Бұл шағынауданда баспана құрылысын  жаздың ортасына дейін аяқтауға мүмкіндік беретін қажетті инженерлік инфрақұрылым мен коммуникациялар бар.

Бұдан кейін Қанат Бозымбаев өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев пен мердігерлердің қатысуымен кеңес өткізді.

«Өнеркәсіп және құрылыс министріне өңірді қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуді, олардың бағасын үнемі қадағалап, қымбаттауына жол бермеуді тапсырамын. Әр теңгеге сұраныс болатынын мердігерлер мен әкімдікке тағы да еске саламын. Өңірлерді қалпына келтіру үдерісіне құқық қорғау органдары жұмылдырылып, жағдайды мұқият қадағалап отыр. Күн суығанша зардап шеккендердің барлығын қоныстандыруымыз керек», –  деп түйіндеді вице-премьер.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің баспасөз  қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp