«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жол маманы тапшы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жол – экономиканың күретамы­ры. Елімізде жыл сайын қыруар қар­жы бөлініп, жол са­лынғанымен, көп жағдайда олардың сапасының сын көтермейтіні жасы­рын емес.

“Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” республикалық мемле­кет­тік кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, қазіргі таңда еліміздегі жолдардың ұзындығы 157 мың шақырымды құрайды. Қазақстан әлемде жолдардың ұзындығы бо­йын­ша 32-орында тұр, сапасы жағы­нан қандай деңгейде екенін тап ба­сып айту қиын. Оған, ең бірінші осы са­ладағы мамандардың жетіспеушілігі себеп болып отыр.

Бүгінде елімізде кәсіби жолшы­лар­ды даярлайтын 8 жоғары оқу орны ғана бар. Атап айтар болсақ, Гончаров атындағы қазақ автомобиль-жол институты, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техника­лық университеті, Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу уни­верситеті, Қазақ қатынас жолдары университеті, Қарағанды техника­лық, Дулати атындағы Тараз өңірлік және Торайғыров мемлекеттік университеттері. Осы жоғары оқу орындарында ғана білікті кадрлар даярланады.

Жол активтерінің сапасы ұлттық ор­талығы мамандарының айтуынша, қазіргі таңда жол құрылысымен айна­лысатын компанияларда инженер­лер жетіспейді. Бұған қоса зертхана­шы­лар, арнайы техника жүргізуші­ле­рі де жоқтың қасы. Бұл өз кезегінде жол­дың сапасына кері әсер етуде. Жалпы еліміздегі жол құрылысы бағытында 1500 адам еңбек етсе, солардың тек 10 пайызы ғана арнайы мамандыққа ие.

Жоғары оқу орындары берген мә­лі­метке сүйенсек, бүгіндері “Жол және аэродромдар құрылысы” ма­мандығы бойынша барлығы 670 сту­дент білім алып жатыр. Олардың 646-сы – бакалавр, 24-і – магистрант. Ал “Кө­­пір және тоннель құрылысы” ма­мандығы бойынша 84 студент оқып жүр. Олардың 4-еуі ғана магистрату­рада. Тағы бір айта кететін жайт, соң­ғы 10 жылда елімізде жол құрылысы мамандығы бойынша небары 253 адам ғана магистр атанған. Ал докторантураға бірде-бір мемлекеттік грант бөлінбепті.

Петропавл қаласына келер бол­сақ, гуманитарлық-техникалық кол­лед­ждегі “Автомобиль жолдары және аэродромдар құрылысы” мамандығы жастар тарапынан сұраныс­тың жоқтығынан 2021 жылы жа­бы­лып қалған.

“Биылдан бастап елімізде “Көлік құрылысы” білім беру топтары құры­лып, оған автокөлік жолдары мен аэродромдар, темір жол және көпір­лер, транспорттық тоннельдер, газ-мұнай құбырлары құрылысы маман­дықтары енгізілді. Бұл – жолшылар көп­тен күткен жаңалық. Біздің Ұлттық ор­та­лық мамандары осы мәселені ұдайы көтеріп келген еді. Тек респуб­ликалық деңгейде ғана емес, өңір­лерде де филиал мамандары мектептердегі жоғары сынып оқушыла­рымен жүздесіп, осы мамандықты таң­дауға шақыруда”, – дейді “Жол ак­тивтері сапасының ұлттық орталығы” республикалық мемлекеттік кәсіпор­ны облыстық филиалының директоры Жолдыбай Тентеков.

Филиал қызметкерлері Петропавл қаласының және облыс аума­ғын­дағы мектептердің жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беріп, жолшы мамандығының қыр-сырын жеткізуде. Бұған қоса өңірдегі ар­наулы білім беретін мекемелердің сту­денттерімен де кездесулер өткіз­ген. Бірнеше рет “Ашық есік күндері” ұйымдастырылып, оқушылар мен студенттер зертхана жұмысымен танысыпты.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp