«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕНІҢ АТАМ — БАТЫР АДАМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бала күнімізде Жеңіс күні мерекесі жақындаса, біздің үйге мектеп ұстаздары мен оқушылар ағылатын. Олар соғыс майдангері болған атама құрмет көрсетіп, Ұлы Отан соғысының сұрапыл күндері жайында сұрайтын. Сол уақытта ерлігін елі бағалаған майдангердің немересі болғаныма мақтанатынмын. Әскери саланы таңдауыма да “ерлігі елге мұра” болған атамның тәрбиесі себеп болды. Ұлы Отан соғысының ардагері, атам – Сейполла Сәдуақасов  жайлы есімде қалған жақсы естеліктерді айтсам деймін.

Атам Сейполла Сәдуақасұлы 1942 жылы 18 жасында соғысқа аттанып, 1943 жылы Горький қаласында шоферлық қысқа курсты жедел оқып бітіріп, алдыңғы шепке қару-жарақ жеткізу, майдан даласынан жаралы жауынгерлерді госпитальға апару жұмыстарымен айналысқан. Сондай бір қиын-қыстау кезде сол аяғына гранатаның жарықшағы кіріп, ауыр жараланып ауруханаға түскен. Бірақ көп ұзамай, жарасы жазылысымен-ақ қайтадан майдан шебіне қосылған.

Ұлы Отан соғысы барысындағы аса ірі шабуылдың бірі – Берлинді алу операциясына қатысқан қатардағы жауынгер Сейполла атамның мына бір ерлігі ұрпақтарының аузында аңыз болып айтылып жүр. Берлиннің түбінде болып жатқан бір ұрыста жау жақтан ұшқан снарядтар атам басқарып келе жатқан көліктің алдындағы оқ-дәрілер тиеген жүк көлігіне түседі. Көз алдында өртеніп жатқан жүк көлігі жарылуға таяғанда, атамыз оны өз көлігімен соғып, көпірден құлатып жіберген екен. Жедел әрі дұрыс шешім қабылдап, көпір мен автокөліктер легін, жауынгерлерді аман сақтап қалған атамның көзсіз ерлігіне риза болған командирі сол мезетте кеудесіндегі орденін шешіп, атама тағыпты.

Атам қанқұйлы соғыс жайлы ашылып көп айтпаса да, барлық немерелерін өз халқын, туған жерін қорғауда ештеңеден тайсалмауға, қашқақтамауға шақырып, отансүйгіштікке тәрбиелеуден жалықпайтын. “Аспанымыз үнемі ашық болса екен. Сендер бейбіт өмірдің бақытты ұрпағы болыңдаршы! Біз көргеннің бетін әрі қылсын!” – деп тілеп отырушы еді. Қажеттілік туса қолға қару алып, елімізді табандылықпен, ерлікпен қорғауды санамызға сіңіріп отырды.

Соғыс жылдарындағы Сейполла атамның ерлігі жоғары бағаланып, “Сталинградты қорғағаны үшін”, “Варшаваны азат еткені үшін” және басқа бірнеше жауынгерлік медальдармен наградталған. Бейбіт өмір басталған 1946 жылдың күзінде туған ауылы – Бірлікке оралып, “Беларусь” тракторын тізгіндеген. “Ульянов” кеңшарының айтулы механизаторы Сейполла Сәдуақасовты тынымсыз еңбекқорлығы үшін ауыл адамдары ерекше сыйлаған. Өзіне жүктелген міндетті адал атқарған жан “Еңбек Қызыл Ту” орденінің иегері атанды, бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Атам еңбек еткен кеңшар директоры: “Кеңшардың барлық жұмысын тиянақты атқаруға қарамағымдағы екі-ақ жұмысшы жетіп жатыр”, – дейтін көрінеді. Сол екі жұмысшының бірі – менің атам Сейполла екен.

Атамның нағыз еңбек адамы болғаны ол зейнет демалысына шыққан уақытында да байқалып тұратын. Көп сөйлегенді ұнатпайтын, істің адамы үйде байыз тауып отыра алмай, сыртқа шығып, шаруаға араласып кететін.  Тіпті төсек тартып жатып қалғанға дейін шаруашылыққа араласты. Қолы шебер еді,  жылқыға ат әбзелдерін жасайтын. Өрген ноқта, жүгені көздің жауын алатын. Балта-балға саптаудың шебері болатын. Өте шапшаң еді, дойбы ойнағанда бәрімізді ұтып кететін.

Менің екі айлығымда торы бие құлындапты. “Өмірге атұстар келді! Аттың тізгінін ұстаса, ержеткенде ел басқарады! Жүген ұстайтын ер азамат болады!” – деп, жирен құлынды маған атапты. 4-5 жасымда жирен атқа мініп, 7 жасымнан бастап отын-су тасып, шаруашылыққа жегіп жатқанымда атам үнемі қасымда жүретін.

Атам өте шыншыл еді, бізге “Адал болыңдар, біреудің ала жібін аттамаңдар”, – деп өнегесін айтып отыратын. Қазір өзім әскери салада жүргендіктен, сондай бір қиын-қыстау кезде атамның ерлігі мен батыл шешімін, қайтпас қайсар мінезін есіме жиі аламын.

Кейінгі ұрпақ атам секілді майдангерлердің арқасында бақытты ғұмыр кешіп келеді. Өмірден өткен майдангер аталарымыздың өшпейтін өнегесі, жақсы есімі кейінгі ұрпақ – біздің есімізде мәңгі сақталады. Ұлы жеңіске үлес қосқан қайсар аталарымыздың рухы алдында басымызды иіп өтеміз.

Майор Нияз СӘДУАҚАСОВ,

Ұлттық ұлан академиясының магистранты.

СУРЕТТЕ: С.Сәдуақасов отбасымен.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp