«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Егін уақытында егілуі тиіс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде бірер күнде көктемгі егіс науқаны басталады. Қазіргі уақытта диқандар ылғал жабу жұмысын аяқтауға жақын. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, техника  дайын. Шаруалар литрі 250 теңге болатын дизель отынымен қамтамасыз етілді. Өңірге көктемгі дала жұмысына 57,6 мың тонна жанармай қажет. 54,5 мың тоннаға шарт жасалды, операторлар 41,5 мың тоннаны сатып алды.

“Биыл 4,5 млн. гектар алқапқа дақыл егіледі, оның 3,4 млн. гектарына  дәнді дақыл себілмек. 751 мың гектар жерге майлы дақыл, 379 мың гектарға жемшөп және 26,5 мың гектарға көкөніс, соның ішінде картоп отырғызылады. Тұқым жеткілікті. Биыл сортты жаңарту көрсеткішін 10 пайызға жеткізу жоспарланған.

Осы көрсеткішке қол жеткізу үшін облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары 48,5 мың тонна элиталық тұқым себуі қажет”, – делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Су тасқыны көктемгі егіс науқаны барысына әсер етпейді. Қазір шамамен 1200 гектар жер су астында, су ақырындап кетіп жатыр, қажет болған жағдайда оның орнына парға қалдырылған алқаптар қолданылмақ.

Егіс науқанын мерзімінде атқаруға 12,7 мың трактор, 14 мың астық сепкіш, 1,5 мың заманауи егіс кешендері, 5805 жүк көлігі тартылмақ. Облыс аумағында 219 машина-трактор шеберханасы бар, олардың барлығы штаттық режімде жұмыс істейді.

“Ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау аясында биыл 60,8 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы саласын дамытуға – 20,4 млрд. теңге: тұқымға – 1,8 млрд. теңге, пестицидтерге – 11,3 млрд. теңге, тыңайтқыштарға 7,4 млрд. теңге жұмсалмақ. Мал шаруашылығына – 10 млрд. теңге, басқа бағыттарға – 30,4 млрд. теңге бағытталған. Бүгінгі таңда бұл қаражаттың 24,3 млрд. теңгесі игерілген. Қаржы институттары көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға 62 млрд. теңге, оның ішінде “Кең дала” бағдарламасы бойынша – 22 млрд. теңге, “Азық-түлік корпорациясы” АҚ форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 14 млрд. теңге, “ҚазАгроҚаржы” АҚ 26 млрд. теңге бөлді”, – дейді басқарма мамандары.

Бұдан бөлек, көктемгі егіс жұмыстарын несиелеуге “Даму” қорының кепілдігімен 5 пайыз мөлшерлемемен “Кең дала – 2” бағдарламасы бойынша қосымша 84 млрд. теңге бөлінді.

Көктемгі егіс науқанын бақылау үшін жедел штаб құрылған.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp