«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫНТЫМАҚ БАР ЖЕРДЕ ЕЛДІК НЫҒАЯДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыз ежелден “береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік” деген қағиданы берік ұстанып,  “ырыс алды – ынтымақ” екенін ұмытпаған, ұрпағына аманаттап отырған. Егемендігіміздің елең-алаң шағынан бастап бүгінгі күнге дейін жүріп өткен жолымызға шолу жасасақ, қандай қиындықтарға кездессек те, азаттығымыздың айшықты белестері арман-мақсаттарымызды бір арнаға тоғыстырып, болашаққа тың серпін берген қадамдарымызға титтей де қылау түсіре алмағанын берік сеніммен айта аламыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында осынау толағай табыстардың бәріне халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында жеткенімізді жоғары бағалаған болатын. Қазақстан – көпэтностық сипатымызды артықшылығымызға айналдырып, ынтымағы жарасқанның қашанда ұпайы түгел екенін әйгілеп келе жатқан мемлекет. Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне қоныстанған әртүрлі этнос өкілдері Қазақстанды отаны, туған жері санайды. Ұлтаралық келісім саясаты халқымыздың өзара достығына, жарасымды ауызбірлігіне негізделген.Жеке мақсат-мүддеміз қоғам игілігімен үндесіп жатса, тәуелсіздігіміз баянды бола түсері сөзсіз. Оның жарқын үлгілері аз емес. Соның бірі мысалы, көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат кезінде барша қазақстандықтардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, бір ел, бір халық болып, жұмыла кірісіп, су тасқынын еңсере білуі дер едік. Мемлекет басшысы атқарушы органдар жіберген олқылықтарды тез арада түзеу үшін шұғыл тапсырмалар беріп, қажетті шаралар қабылданды. Республикалық және жергілікті штабтар құрылып, барлық құтқару шараларын Қасым-Жомарт Кемелұлы тікелей бақылауына алды.

Біздің ауданда да су тасқыны төндірген қауіп ескеріліп, күндіз-түні жұмыс істеуге тура келді. Барлық ауылдық округтерге нақты тапсырмалар беріліп, басты назар адамдардың өмірі мен мүлкін сақтауға аударылды. Бірінші кезектегі іс-шаралар жоспары қабылданып, елді мекендерден қар шығару, су бұру жүйелерінің инфрақұрылымын дамыту, алдағы су тасқыны белгілеріне мониторинг жасау күшейтілді. Еріктілердің атсалысуымен эвакуациялау ережелері туралы үгіт материалдары таратылып, тұрғындар барынша сақтандырылды. Есіл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты төтенше жағдай жарияланып, бес елді мекен, атап айтқанда, Жарғайың, Бірлік, Петровка, Покровка, Николаевка ауылдарын су басқандықтан, адамдар мен жануарларды эвакуациялау жөнінде шешім қабылданды. Осылайша Николаевкада – 75, Жарғайыңда – 38, Бірлікте – 85, Петровкада 68 адам қауіпсіз жерлерге көшірілді. Балаларды эвакуациялау кезінде олардың қауіпсіздігі, психологиялық жай-күйі, денсаулық, өмір сүру жайлылығы және оқу үдерісін ұйымдастыру мәселелерін жіті бақылауға алу міндеті қойылды. Аудан бойынша барлығы 114 үйді су шайғаны анықталды (Николаевкада – 24, Петровкада – 21, Покровкада – 68, Өрнекте – 1.) Қаңтар айынан бастап ауданның жоғары дайындық режіміне көшірілуі өз жәрдемін тигізді. Алдын ала 300 тонна инертті материал әзірленді. Жағдай тұрақты бақылауға алынып, күн сайын талдау жасалып отырылды. Жарғайың ауылынан 38 адам Өрнек орта мектебіне орналастырылды, 8 адам Явленка және Ильинка ауылдарындағы туыстарын паналады.

Жерлестеріміз зардап шеккен ауылдастарына жаппай қол ұшын созып, бірі-біріне шынайы жанашырлық көрсетті.  Мәселен, “Данияр-Агро”, “Ильинское” серіктестіктері, “АМANAT” партиясының өкілдері азық-түлікпен көмектесті. Еріктілер гуманитарлық жүк таратты. Болат Әбілмәжінов, Асхат Барлыбаев, Қуаныш Бердіғұлов сияқты шаруашылық басшылары сын сағатта бірге болды. “Николаевское” астық қабылдау пунктінің басқарушысы Нұрлан Оспанов техникамен қамтамасыз етті. Николаевка мектебінің директоры Әмина Оспанова мен интернат меңгерушісі Айгүлім Ескендірова эвакуациялық пунктке орналасқан отбасыларға барлық жағдайды жасады. Жастар ресурстық орталығының еріктілері мектеп ұжымымен және жергілікті жастармен бірлесіп, бөгеттер тұрғызуға жаппай жұмылды. Бірлік ауылынан көшірілген отбасылар Петровка ауыл шаруашылығы колледжінің жатақханасында ұйымдастырылған эвакуациялық пунктке жайғастырылды. Колледж директоры Ерлан Салмұқанов, мектеп директоры Айбек Закирин эвакуацияланған балаларға оқу үдерісін барынша оңтайландырды. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр мен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов келіп, Петровка, Покровка, Николаевка елді мекендерінің тұрғындарымен кездесіп, мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалып жатқанын, ешкім де назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Ерлік Есләмбеков бастаған аудандық полиция ұжымы жеделдіктің, үйлесімділіктің үлгісін көрсетті. Олардың қатарында полковник Бейбіт Жұмағазин, сержант Дәулет Бекболатов, полиция майоры Ренат Сәдуақасов және басқалары алғы шепте жүрді.

Су тасқынына қарсы күреске ауылдық округтердің әкімдіктері түгел тартылып, келтірілген мүліктік залалдар зерттелді. Төтенше жағдай қызметінің бригадалары су сору жұмыстарымен айналысты. Үй маңындағы аумақтар тазартылды. Николаевка ауылдық округінен қоқыс шығарылды. Ауылды абаттандыруға тұрғындар, еріктілер, мұғалімдер мен балабақша қызметкерлері өз еріктерімен келді. Александр Бардин жеке көлігін пайдалануға берді. Петровка ауылдық округінде су тасқынынан зардап шеккендерге “Тілеп-Нан”, “Есіл-Петровка” ЖШС-лары жәрдемдесті. Еріктілер қозғалысын жандандыруға Айбек Закириннің ықпалы зор болды. Педагогика саласының ардагері Валентина Моложенко аудандық газетте жарияланған мақаласында “бұрын-соңды болмаған табиғи апат бәрімізді біріктірді, отаншылдық сезімімізді оятты, ортақ іске жігерлендірді. Бәріміз жұдырықтай жұмылсақ, кез келген қиындықты жеңуге болады”, – деп жазды. Педагогтар Ирина Татаренко, Айболат Таласпаев, Дамир Жаналин, Қадыр Нұрболат, Иван Ильиных, Асхат Оспанов, сондай-ақ 9-сынып оқушылары Артем Викторов, Лидер Вильгельм еріктілер қатарынан табылды. Ардагерлер кеңесінің төрайымы Тамара Иговцоваға алғысымыз шексіз. Петровка ауыл шаруашылығы колледжіндегі еріктілер қозғалысына кітапханашы Айгүл Томпышева жетекшілік етті.

15 сәуірден бастап Петровка, Покровка, Жарғайың, Өрнек, Николаевка ауылдарында су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды бағалау бойынша арнайы комиссия өз міндетіне кіріскен. Гуманитарлық көмекті қабылдау және тарату шаралары талапқа сай ұйымдастырылды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, кәсіпкерлер мен жекелеген адамдар киім-кешек пен азық-түлік өнімдерін көптеп әкелді. Комиссия және қоғамдық штабтың мүшелері Покровка, Петровка, Николаевка ауылдарына барып,  өтемақы төлеу жөнінде түсініктемелер берді, өтініштер мен құжаттарды қабылдады. Гуманитарлық көмектер Астана, Алматы, Қарағанды, Қызылорда қалаларынан да жеткізілді.

Алда бірталай міндеттер тұр. Ең күрделісі – жолдарды жөндеу, электр желілерін қалпына келтіру. Бүгінде экономикалық талдау жүргізіліп, шығын көздері белгіленді. Қаржылық әлеует жеткілікті. 40 миллион теңге мөлшеріндегі біржолғы өтемақы 114 адамға төленді.

Басты мақсатымыз –  жойқын су тасқынынан бұзылған үйлерді қалпына келтіру, зардап шеккен тұрғындардың қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз ету. Президент атап өткендей, мұның бәрі өзара жанашыр және тілеулес болудың, ел бірлігін іс жүзінде орнықтырудың арқасы екенін аудан тұрғындары жақсы түсінеді.

Мереке МҰХАМЕДИЯРОВ,

Есіл ауданының әкімі.    

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp