Петропавлда бесінші қабаттан секірмек болған 20 жастағы бойжеткенді патрульдік полиция батальонының қызметкерлері аман алып қалды.
Оқиға жексенбі күні кешке Петропавлдағы Амангелді көшесінде болған. Полицияның жедел арнасына осындағы бес қабатты үйдің жоғары қабатындағы балконнан қыздың секіруге оқталғандығы туралы хабарлама түседі.
Оқиға орнына полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Бақтияр Дощанов пен оның әріптесі Азамат Темірханов жіберілді. Полицейлер жағдайды бағалап, жедел әрекет етті.
“Пәтерге жүгіріп кіріп, балконның екінші терезесі арқылы далаға шықтым. Әріптесім бұл кезде үйдің ішінде тұрды, қызды пәтерге аман-есен кіргіздік. Төменде ешқандай сақтандыру болмады, жедел қимылдауға тырыстық”, – дейді полиция капитаны Бақтияр Дощанов.
Мән-жайды анықтау үшін 20 жастағы қыз жедел-тергеу тобының қызметкерлеріне тапсырылып, полиция басқармасына жеткізілді.
34 жастағы полиция капитаны Бақтияр Дощанов 2010 жылдың көктемінен бастап патрульдік полиция батальонында қызмет етеді. Үйленген, екі қыз тәрбиелеп отыр. Бақтияр өзінің іс-әрекетін ерлік деп санамайды, азаматтық міндетім деп біледі.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының аға инспекторы.