«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМЗАТҚА ОРТАҚ ЖЕҢІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жеңістің 79 жылдығына орай қаладағы “Мәңгілік алау” мемориалы мен қалалық мәдениет және демалыс саябағында орналасқан Даңқ ескерткішіне гүлшоқтары қойылды. Іс-шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері де қатысты. Биыл су тасқынына байланысты мерекелік шаралар легі қысқартылғанымен, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етуге, оларды бір минут үнсіздікпен еске алуға жиналғандардың қарасы қалың болды.

“Құрметті ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, жерлестер! Баршаңызды Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын. Бұл – ерлік пен бірліктің, даңқ пен батырлықтың күні. Бүгін майдан даласында қалған жауынгерлерді еске алып, ардагерлерге құрмет көрсетеміз. Аға буынның жасаған ерліктері ешқашан ұмыт болмайды. Жастар бірлік пен тыныштықтың бағасын біліп өсуі керек. Аталары аман алып қалған кең даламызды, елімізді дамыту – бүгінгі ұрпақтың парызы. Еліміз әрқашан көркейе берсін”, – деді шара барысында облыс басшысы Ғауез Торсанұлы.

Бұл күні жұртшылық Жеңіс саябағындағы стеллаға гүл-шоқтарын қойды. Сұм соғыс басталғанда жүз мыңнан астам солтүстікқазақстандық майданға аттанып, қасық қаны қалғанша жаумен күресті. Жат жерде жер жастанғандары қаншама?! Қан майданда ерлік көрсеткендердің 55-і Кеңес Одағының Батыры атанса, 11-і – “Даңқ” орденінің толық иегері.  Ал елге оралғандарының бүгінде төртеуінің ғана көзі тірі. 

Айтулы күнге орай өңір басшысы облыс орталығында тұратын ардагерлер Федор Щеглов, Дмитрий Сергеев, Василий Макиенко және Валентина Волкодавтың үйіне барып, Мемлекет басшысының құттықтау хатын тапсырды.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp