Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Ойқала шағынауданында орналасқан штабта жедел кеңес өткізіп, тасқын зардаптарын жою бойынша жауапты ведомство басшылары мен осы учаскеге бекітілген аудан әкімдері орынбасарларының есебін тыңдады.
Бүгінгі күні Ойқала және Былғары зауыты шағынауданында арнайы құрылған механикаландырылған бригадалар 18 үйді жөндеуге жедел түрде кірісіп кеткен. Бұдан бөлек, аулалар мен жертөлелерден 79 жоғары өнімді насостар арқылы қарғын су сорылуда.
“Таза Қазақстан” акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылып, көшелерден күл-қоқыс шығарылды. Қайырымдылық шарасына жастар, еріктілер, мекеме қызметкерлері мен тұрғындар белсене қатысып, суағарларды, қираған баспаналарды тазалап, аулаларды ретке келтірді. Бағалау комиссиясының шешімімен су шайған үйлер жөнделуде. Ойқалада жұмыс іс-теп жатқан Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның жұмысшылары үш үйді қалпына келтірмек.
Өңір басшысы Заречный кентінде де болды. Мұнда су деңгейі әжептәуір төмендеген. 4 ауданнан келген бригаданың қимылы ширақ.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.