«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗУШЫМЕН ЖҮЗДЕСУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кез келген мемле­кет­ті ұйыстыратын бірінші фактор – ортақ тарих. Тарихын терең таныған, өткеннен тағылым алған ел ғана ертеңге нық қадам ба­сып, іргелі мемлекетке айнала алады.

Осы орайда Тәуелсіздігін баянды ету жолына бет түзеген қазақ халқының да тарихтың “ақтаңдарын” ашып қарап, өт­кенге үңілгені маңызды. Ұлты­мыздың кейінгі бірнеше ғасыр бойғы тарихының негізі баба­ларымыздың азаттық жолын­дағы күресінен тұрады. Күштеп ұжымдастыру, ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін, екінші дүниежүзілік соғыс сынды қа­сіретті оқиғаларды айтпаған­ның өзінде қазақ даласында жүз­деген көтерілістер мен тол­қулар орын алды. Соңғы уақыт­та төл шежіреміздің “ақтаңдақ беттерін” ашу үшін жүйелі жұ­мыс жүргізіліп жатыр. Ұлттық мүд­де жолында өткенімізді тануға тарихшы ғалымдармен қатар ақын-жазушылар да өз үлесін қосуда. Өкінішке қарай, тоталитарлық жүйе кеңестік қа­ламгерлердің бұл тақырып­тар­ға терең бойлауына мүмкіндік берген жоқ. Соған қарамастан өз шығармаларында өткір тақы­рыптарды көтерген авторлар табылып жатты. Еліміз Тәуел­сіздік алған уақыттан бастап қа­тал цензура әлсіреп, зиялыла­ры­мыз ұлт үшін өзекті тақырып­тарды еркін жазуға мүмкіндік алды. Осы жылдары жарыққа шыққан тарихи туындылар тә­уелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің үлкен жетістігі са­налады. М.Мағауин, Т.Зәкен­ұлы, Қ.Жұмаділдаев, С.Елубай сынды қаламгерлер қазақ тари­хының түрлі кезеңдері жайлы қалам тартты. Осы топтың ішін­де қызыл империяның қылы­шынан қан тамып тұрған тұста ащы шындықты қаймықпай жаз­ған Смағұл Елубайдың ор­ны бөлек. Оның “Ақ боз үй”, “Міна­жат”, “Жалған дүние” романда­ры бірнеше ғасырлық қасіретті сипаттап, ұлт басына төнген нәубетті бейнелейді. Аталған трилогияны оқығаннан кейін жа­зушы шығармашылығын те­рең тануға деген қызығушылық оя­нып, Алматыға барған сапары­мызда қарымды қаламгермен кездесіп, ұлт тарихы, әдебиет, ұлттық мүдде туралы әңгімеле­судің сәті түсті.

Талай алқалы топта сөз бастап, іргелі басылымдар мен ақпарат құралдарына сұхбат­тары жиі шығатын жазушы біз сияқты жастардың ұсынысын қабыл алғанына қатты қуандық. Жайдары мінезді, қарапайым қа­ламгер бізді жылы қарсы алып, әңгімесін бастап кетті. Ол бізге өзінің тарихи ро­мандары­ның қалай жазылға­нын, қандай қиындықпен жарық көргенін, ондағы тарихи шын­дық туралы әңгімеледі. Біздің осы тақырып­қа қызығып, зерт­теп жүргені­міз­ді білген жазушы “Ақ боз үй” ро­манының алғашқы қолжазба нұс­қасын көрсетті. Оны қалам­гер қалың дәптерге 2-ші курста түсіріп, “Адасқан ауыл” деп та­қырып қойған екен. Де­мек Сма­ғұл Елубай қазіргі біз сияқты жа­сында ұлтының ерте­ңіне алаң­дап, 20-30 жылдардың зоба­ла­ңы туралы романының сұлба­сын жасап қойған. Сөйтіп, сту­дент шағынан күні бүгінге дейін шерлі тарихымызды зер­де­леп, ұлт мүддесіне қызмет етіп ке­леді. Жазушының күні ке­ше баспа бетін көрген балалық шағы туралы естеліктерін де автордың қолынан алып, тағы бір қазынаға кенеліп қалдық.

– “Ақ боз үй”, “Мінажат”, “Жал­ған дүние” романдары күш­теп ұжымдастыру, ашаршылық және тоқырау кезеңіндегі бір отбасының тағдырын баяндай­ды. Онда жазылғанның бәрі – біз­дің ауыл адамдарының басы­нан өткен қиындықтары. Үш шығар­мада да ортақ желі бар. Алғаш­қы роман жарық көргенде әдеби ортада үлкен әңгіме бол­ды. Ал­матыға оқуға түскеннен кейін кітаптарды оқып, ашар­шылық жайлы жа­зыл­ғанның бәрі жал­ған екенін көрдім. Ал біздің үл­кендерден естіп өскен әңгімеміз мүлде бас­қаша еді. Сөйтіп, “Адасқан ауыл” деп өз ауылым­ның та­ри­хы туралы жа­зуды қол­ға алдым. Мұндай та­қырыптың студент үшін жеңіл жүк емес еке­нін кейін түсіндім. 1982 жылы Ақтөбедегі бұрынғы жайлауы­мызға барып, Смағұл атамыз­дың басына дұға оқы­дық. Одан әрі ауылымыз көш­кен Қарақал­пақстан, Түркі­мен­станды ара­лап, сондағы зо­ба­лаң жыл­дар­дың куәгерлерін іздедік. Сөйтіп, тірнектеп жина­ғанымды осы үш романда баян­дадым, – дейді жазушы.

1928 жылғы кәмпеске, күш­теп ұжымдастыруға дейінгі қа­зақтың бар өмірі киіз үйде өтті. Сондықтан да жазушы ақ боз үй қазақтың ұлттық бренді екенін айтады. Өкінішке қарай, Голо­щекиннің асырасілтеушілік, ұр да жық саясаты Алаш баласын ақ боз үйінен шығарып, иен да­лаға қаңғытып жіберді. Жалған ұран, науқаншылдықпен жүргі­зілген саясат ашаршылыққа әкеп соқты. Смағұл Елубайдың осы тақырыпты алғаш болып зерттеуі, бірнеше роман жазып, қасіретті жылдарды қазақтың есіне салуы оқырманға ой са­лып, өткенге басқаша көзқарас­пен қарауымызға себеп болды. Ұлттық мүддені ту еткен осын­дай шығармалардың қазіргі жастарға берері мол.

Сөз арасында қаламгер өзінің Қызылжарда болғанын да айтып қалды. Мұндағы бірқа­лыпты, тыныш өмір туралы әсе­рімен бөлісе отыра өңірдегі ұлт­тық мәселелерге алаңдайты­нын да жасырмады.

Аяулым ОРАҚБАЙ,

Аружан БЕКТУҒАН,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенттері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp