Кез келген мемлекетті ұйыстыратын бірінші фактор – ортақ тарих. Тарихын терең таныған, өткеннен тағылым алған ел ғана ертеңге нық қадам басып, іргелі мемлекетке айнала алады.
Осы орайда Тәуелсіздігін баянды ету жолына бет түзеген қазақ халқының да тарихтың “ақтаңдарын” ашып қарап, өткенге үңілгені маңызды. Ұлтымыздың кейінгі бірнеше ғасыр бойғы тарихының негізі бабаларымыздың азаттық жолындағы күресінен тұрады. Күштеп ұжымдастыру, ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін, екінші дүниежүзілік соғыс сынды қасіретті оқиғаларды айтпағанның өзінде қазақ даласында жүздеген көтерілістер мен толқулар орын алды. Соңғы уақытта төл шежіреміздің “ақтаңдақ беттерін” ашу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Ұлттық мүдде жолында өткенімізді тануға тарихшы ғалымдармен қатар ақын-жазушылар да өз үлесін қосуда. Өкінішке қарай, тоталитарлық жүйе кеңестік қаламгерлердің бұл тақырыптарға терең бойлауына мүмкіндік берген жоқ. Соған қарамастан өз шығармаларында өткір тақырыптарды көтерген авторлар табылып жатты. Еліміз Тәуелсіздік алған уақыттан бастап қатал цензура әлсіреп, зиялыларымыз ұлт үшін өзекті тақырыптарды еркін жазуға мүмкіндік алды. Осы жылдары жарыққа шыққан тарихи туындылар тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің үлкен жетістігі саналады. М.Мағауин, Т.Зәкенұлы, Қ.Жұмаділдаев, С.Елубай сынды қаламгерлер қазақ тарихының түрлі кезеңдері жайлы қалам тартты. Осы топтың ішінде қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған тұста ащы шындықты қаймықпай жазған Смағұл Елубайдың орны бөлек. Оның “Ақ боз үй”, “Мінажат”, “Жалған дүние” романдары бірнеше ғасырлық қасіретті сипаттап, ұлт басына төнген нәубетті бейнелейді. Аталған трилогияны оқығаннан кейін жазушы шығармашылығын терең тануға деген қызығушылық оянып, Алматыға барған сапарымызда қарымды қаламгермен кездесіп, ұлт тарихы, әдебиет, ұлттық мүдде туралы әңгімелесудің сәті түсті.
Талай алқалы топта сөз бастап, іргелі басылымдар мен ақпарат құралдарына сұхбаттары жиі шығатын жазушы біз сияқты жастардың ұсынысын қабыл алғанына қатты қуандық. Жайдары мінезді, қарапайым қаламгер бізді жылы қарсы алып, әңгімесін бастап кетті. Ол бізге өзінің тарихи романдарының қалай жазылғанын, қандай қиындықпен жарық көргенін, ондағы тарихи шындық туралы әңгімеледі. Біздің осы тақырыпқа қызығып, зерттеп жүргенімізді білген жазушы “Ақ боз үй” романының алғашқы қолжазба нұсқасын көрсетті. Оны қаламгер қалың дәптерге 2-ші курста түсіріп, “Адасқан ауыл” деп тақырып қойған екен. Демек Смағұл Елубай қазіргі біз сияқты жасында ұлтының ертеңіне алаңдап, 20-30 жылдардың зобалаңы туралы романының сұлбасын жасап қойған. Сөйтіп, студент шағынан күні бүгінге дейін шерлі тарихымызды зерделеп, ұлт мүддесіне қызмет етіп келеді. Жазушының күні кеше баспа бетін көрген балалық шағы туралы естеліктерін де автордың қолынан алып, тағы бір қазынаға кенеліп қалдық.
– “Ақ боз үй”, “Мінажат”, “Жалған дүние” романдары күштеп ұжымдастыру, ашаршылық және тоқырау кезеңіндегі бір отбасының тағдырын баяндайды. Онда жазылғанның бәрі – біздің ауыл адамдарының басынан өткен қиындықтары. Үш шығармада да ортақ желі бар. Алғашқы роман жарық көргенде әдеби ортада үлкен әңгіме болды. Алматыға оқуға түскеннен кейін кітаптарды оқып, ашаршылық жайлы жазылғанның бәрі жалған екенін көрдім. Ал біздің үлкендерден естіп өскен әңгімеміз мүлде басқаша еді. Сөйтіп, “Адасқан ауыл” деп өз ауылымның тарихы туралы жазуды қолға алдым. Мұндай тақырыптың студент үшін жеңіл жүк емес екенін кейін түсіндім. 1982 жылы Ақтөбедегі бұрынғы жайлауымызға барып, Смағұл атамыздың басына дұға оқыдық. Одан әрі ауылымыз көшкен Қарақалпақстан, Түркіменстанды аралап, сондағы зобалаң жылдардың куәгерлерін іздедік. Сөйтіп, тірнектеп жинағанымды осы үш романда баяндадым, – дейді жазушы.
1928 жылғы кәмпеске, күштеп ұжымдастыруға дейінгі қазақтың бар өмірі киіз үйде өтті. Сондықтан да жазушы ақ боз үй қазақтың ұлттық бренді екенін айтады. Өкінішке қарай, Голощекиннің асырасілтеушілік, ұр да жық саясаты Алаш баласын ақ боз үйінен шығарып, иен далаға қаңғытып жіберді. Жалған ұран, науқаншылдықпен жүргізілген саясат ашаршылыққа әкеп соқты. Смағұл Елубайдың осы тақырыпты алғаш болып зерттеуі, бірнеше роман жазып, қасіретті жылдарды қазақтың есіне салуы оқырманға ой салып, өткенге басқаша көзқараспен қарауымызға себеп болды. Ұлттық мүддені ту еткен осындай шығармалардың қазіргі жастарға берері мол.
Сөз арасында қаламгер өзінің Қызылжарда болғанын да айтып қалды. Мұндағы бірқалыпты, тыныш өмір туралы әсерімен бөлісе отыра өңірдегі ұлттық мәселелерге алаңдайтынын да жасырмады.
Аяулым ОРАҚБАЙ,
Аружан БЕКТУҒАН,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенттері.