Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Аққайың ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде өңіріміздегі үлгілі ауыл – Полтавка елді мекенінде болды. Жергілікті диқан Елтай Зікірин ауылды көркейтуге бар күш-жігерін салуда. “Полтавское” серіктестігі өз қаржысына балабақша, фельдшерлік-акушерлік пункт пен жұмысшыларына арнап үйлер тұрғызған. “Ақбөпе” балабақшасы екі жыл бұрын салынған. Бүгінде мұнда 34 бала тәлім-тәрбие алып жатыр. Балабақшаның жанында орта мектеп орналасқан. Білім ордасында 131 оқушы бар. Оларға 29 мұғалім сабақ береді. Мұнда балалар білім алумен қатар, қабілеттерін дамыту үшін шығармашылықпен де айналысады. Ал серіктестік салған үйлердің біріне қоныстанған Гүлжан Ілішеваның жұбайы агроқұрылымда механизатор болып еңбек етіп жүр. Жылы әрі жайлы үйге қолы жеткен отбасы алаңсыз жұмыс істеуге барлық жағдай жасалғанын айтты.
Қазір шаруашылық ауылда әкімшілік орталық салып жатыр. Онда округ әкімдігі, кеңсе, ардагерлер кеңесі және жас мамандарға арналған қонақүй орналаспақ. Яғни ауыл тұрғындарына қажет мекемелер бір жерге шоғырландырылған. Ауылда қоғамдық моншаның да құрылысы басталған. Сонымен қатар бюджет есебінен Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, балалар мен спорт алаңы орнатылады. Оған қоса, серіктестік басшылығы жаңа сүт фермасын салуды жоспарлап отыр. Бұл – ауыл тұрғындарына барлық жағдайды жасап отырған әлеуметтік бағыттағы бизнестің жарқын үлгісі.
Сондай-ақ өңір басшысы серіктестіктің астық қабылдау кешені мен сүт фермасына барып, егіс алқабында ауданның шаруаларымен кездесті. Қазір егіс науқаны қызу жүріп жатыр. “Полтавское” серіктестігі қызыл жасымық егуді қолға алған. Қазір диқандар экономикалық жағдайды жақсарту мақсатында қымбат бағаланатын ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге тырысады. Жасымық – сондай дақылдардың бірі.
Агроқұрылым басшылығы көктемгі егіс науқанында 1700 тонна минералды тыңайтқыш пайдалануды жоспарлап отыр. Күзде тағы 1000 тонна тыңайтқыш сіңірілмек. Өткен жылы серіктестік гектарынан 17 центнерден өнім алған екен.
– Облыстың егіс алқаптарында ылғал толық жабылды. Маңызды жұмыс облыстағы 4,5 миллион гектар жерде жүргізілді. Қазір бір жылдық шөптер егілуде. “Көктемнің бір күні – жылға азық” деп бекер айтылмаған. Аянбай тер төгу қажет. Көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде өткізуге мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілуде, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Байболат ҚҰЛТАНОВ,
журналист.