Заңды күшіне енген сот актілері, өкімдері, сондай-ақ соттар мен судьялардың сот төрелігін іске асыру кезіндегі талаптары, тапсырмалары, шақырулары, басқа да өтініштері Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында барлық жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік органдар үшін орындалуға міндетті. Осы талаптар орындалмаған жағдайда сот процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.
Процестік мәжбүрлеу шаралары құқық бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу және кінәлі адамды жауапкершілікке тарту дегенді білдіреді. Әкімшілік рәсімдік процестік кодекстің (ӘРПК) 124-ші бабында айқындалғандай, процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану сот отырысының хаттамасына енгізіледі. Сот осы кодекстің 123-ші бабының 3-ші тармақшасында көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы ұйғарым шығарады. Осы ұйғарымға шағым жасау процестік мәжбүрлеу шараларының орындалуын тоқтатпайды. Ақшалай өндіріп алуды қолдануға жекеше шағым беруге қолданылған өндіріп алу орындалғаннан кейін жол беріледі және де адамды белгіленген тиісті міндеттерді орындаудан босатпайды. Егер сот отырысы тәртібін бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері байқалса, сот материалдарды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау туралы мәселені шешу үшін прокурорға жібереді.
Процестік мәжбүрлеу шараларына ескерту, сот отырысы залынан шығарып жіберу, ақшалай өндіріп алу жатады.
Төрағалық етуші сот отырысының залында тәртіп бұзушы адамға ескерту жариялауға құқылы. Сонымен бірге төрағалық етуші тәртіп бұзушылық қайталанған жағдайда, оған қатысты неғұрлым қатаң мәжбүрлеу шарасын қолдануы мүмкін екендігін түсіндіреді. Ал әкімшілік процеске қатысатын адам өзіне жасалған ескертуден соң сот отырысының залында тәртіп бұзса, төрағалық етуші оны әкімшілік істі қараудың барлық кезеңінде немесе оның бір бөлігінде шығарып жіберуге құқылы. Тәртіп бұзушы, басқа да қатысушы адамдар сот отырысында төрағалық етушінің өкімімен оларға алдын ала ауызша ескерту жарияланбастан шығарып жіберілуі ықтимал. Сот осы кодексте белгіленген жағдайларда ақшалай өндіріп алуды қолданады. Ақшалай өндіріп алу жеке тұлғаға, лауазымды адамға, заңды тұлғаға не оның өкіліне он айлық есептік көрсеткіштен бастап бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде салынады. Сот ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы ұйғарым шығарады, оның көшірмесі ақшалай өндіріп алу қолданылатын адамға табыс етіледі. Ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы мәселені қарау өзіне қатысты мәжбүрлеу шарасы қолданылатын адамға алдын ала хабарлана отырып, сот отырысында жүргізіледі.
Сотты (судьяны) құрметтемеу туралы айқын куәландыратын іс-әрекеттер (әрекетсіздіктер) үшін, оның ішінде соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны, келмегені, сотқа уақытылы хабарламағаны, кері қайтарып алуды дер кезінде ұсынбағаны, төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбағаны үшін сот 20 АЕК-ке дейінгі мөлшерде жаза кесуге құқылы. Азаматтық-әкімшілік кодекстің 127-ші бабы 3-ші және 4-ші тармақтары бойынша сот актісін немесе сот талабын орындамау 10 АЕК-ке ұлғайтылған мөлшерде қайта ақшалай өндіріп алуды қолдануға әкеп соқтырады. Сот шешімін, татуласу, медиация туралы келісімді бекіту және дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы сот ұйғарымын орындамағаны үшін сот 1 айдан аспайтын төлем мерзімін көрсете отырып, жауапкерден 50 АЕК мөлшерінде ақшалай айыппұл өндіреді. Төлем республикалық бюджеттің кірісіне ұйғарым тапсырылған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде түсуі тиіс. Ұйғарымның орындалуын төлеуден босату, мөлшерін азайту, кейінге қалдыру және бөліп төлеу туралы өтініштер өтініш берушінің қатысуымен сотта қаралады. Осылайша мәжбүрлеу шараларының сотқа және судьяға құрметпен қарауға, сот төрелігін қамтамасыз етуге ықпалы зор.
Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты былтыр әкімшілік процеске қатысушыларға ақшалай жаза қолдану туралы 20 ұйғарым шығарды, оның ішінде мемлекеттік мекеме басшылары – 6, ауылдық округ әкімдері – 3, мемлекеттік қызметкерлер – 15, жеке сот орындаушылары – 4, талапкерлердің өкілдері – 9, сот шешімін орындамағандар – 2. Жіберілген бұзушылықтар бойынша 42 жеке ұйғарым рәсімделді.
Рита ОРАЗЫМБЕТОВА,
облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы.