Петропавл қаласының тұрғыны Тілеуберген Баязитов тасқын сумен күрестің өзіндік жолын ұсынып отыр. Оның әдісін қолдану арқылы көлден электр қуатын да алуға болады.
Тілеуберген Баязитовтың ұсынып отырған әдісі – физикаға, соның ішінде гравитация заңына негізделген. Оны іске асыру үшін көп қаражаттың қажеті жоқ.
“Тасқынның алдында, мәселен қала маңына бөгеттер салынғанымен су оның үстінен өтіп кетіп, қаншама үй тұруға жарамсыз болып қалды. Су бөгеттен кері өте алмай, шұңқырда қалып қойды. Міне сол кезде менің әдісімді қолдануға болады. Ол үшін диаметрі шамамен 50 сантиметрлік құбыр керек. Оның бір басын сорылуы тиіс суға салып, бөгеттің бойымен жүргізіп отырып, екінші басын арғы жағына шығарамыз. Кейін екі басын уақытша бітеп, үстінен тесіп, құбырдың ішін суға толтырамыз. Оны кейін дұрыстап бекітіп, екі құбырдың басын бір мезетте ашқанда жаңағы сорылуы тиіс суымыз гүрілдеп келесі бетке аға жөнеледі”, – дейді Тілеуберген Баязитов.
Бұл әдісті ол әскерде жүргенде қолданып көрген. Әскери бөлім суға кете жаздағанда сарбаздар бір түн ішінде құбырлардан қажетті қондырғыны жасап, судың арнасын бұрып жіберген. Содан бері 50 жылдан астам уақыт өткен.
Тілеуберген Баязитов – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Болашақ ветеринарларды даярлауға атсалысып жүр. Айтуынша, көпшілік ветеринария ілімін тар бейінді сала деп ұғады, алайда ол басқа ғылымдармен сабақтасып жатыр.
“Маған көп адамдар “Сен ветеринарсың, физика ғылымы туралы айтуға қақың жоқ” дейді. Бұл – қате ұғым. Жақсы ветеринар маман болу үшін тек физика ғана емес, экономика, құрылыс, математика, генетика, биология, медицина, тағы басқа ілімдерден хабарың болуы керек. Заман талабы да сондай. Ал жаңағы әдіске келер болсақ, оны көлдерде қолданып, электр қуатын өндіруге болады. Ол үшін тек турбина қою қажет. Мен бұдан пайда көрейін деп отырған жоқпын, сондықтан патент те алмадым. Бар мақсатым – қолданысқа еніп, халыққа пайдасы тисе болғаны”, – дейді Тілеуберген Баязитов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.