«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҰРАЖАЙ – ТАРИХ ҚОЙМАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Теріскей өңірінің тарихымен танысып, өмір өткелдерінен сыр ұққысы келетін әрбір адам қаламыздағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне ат басын тірейтіні анық. Мәдениет ошағының ашылғанына биыл 100 жыл толды. Осы мерейтойға орай және   18 мамыр – Халықаралық музей күніне байланысты руханият ордасының директоры Гүлнар Мұқышевамен әңгімелескен едік.

– Гүлнар Ботанқызы, алдымен бір ға­сырлық жолдан өткен музей­дің тарихына тоқталып өткен жөн шығар.

– Облыстық тарихи-өлкетану музейінің негізі 1924 жылдың қаң­тарында қаланған. Бастапқыда ол Караван (қазіргі К.Сүтішев кө­шесі) көшесіндегі шағын үйде ор­наласқан. Мұражайдың алғашқы директоры – мұғалім, өлкетану­шы Иван Дьячков. Губерниялық атқару комитетінің шешімі бо­йын­ша мұражайға Коммунист (қазіргі Мағжан Жұмабаев көше­сі) көшесінен үй берілді. 1925 жыл­дың жазында И.Дьячков экспедицияға қатысып, мұра­жайға бірқатар этнографиялық және геологиялық материалдар әкелген. Мұражай қызметкерле­рі экспонаттарды жинаумен қа­тар қала өміріне де белсенді қа­тысуға тырысқан. Мамандар 1925 жылы бес мыңнан астам адам қатысқан ауыл шаруашы­лығы көрмесін сәтті ұйымдас­тырған.

1926 жылдың қазан айында мұражайда өңір тарихынан ха­бар беретін 1182 экспонат бол­ды. 1928 жылы Щучинск ауданы­ның Бармашино шатқалынан 2 ша­қырым жердегі тас карьерден салмағы 40,5 центнер плитаның астынан адамның бас сүйегі, қола қазан, мыс пышақ, 11 жебе­нің ұштары, 15 алтын пластина табылған. Олар сол жылы жан-жақты зерттеу үшін мемлекеттік орыс мұражайына жіберілді. Бұл жұмыспен белгілі Ленинград ар­хеологы Бернштам айналысқан. Өткен ғасырдың 30-шы жылда­ры мұражай сөресі сәукелелер­мен, дворян грамотасымен, үй жабдықтарымен, тоқыма стано­гы­мен, фотосуреттермен, қару-жарақтармен толықты. Алғашқы мұражай коллекциялары экспе­дициялар нәтижесінде (археоло­гия, этнография, табиғи-био­логиялық коллекциялар, минерал­ды үлгілер) пайда болды. Соны­мен бірге ғылыми кітапхана құ­рыла бастады, оның қорына ескі баспа кітаптары түсті. Музей үне­мі Омбы, Ақмола, Ленинград қалаларындағы басқа музейлермен қо­сарлас материал алмасуды жү­зеге асырды. Алғашқы коллек­циялар 1931-1934 жылдары Воз­несенский соборының ғимара­тында орналастырылды.

– Осы уақытқа дейін мәде­ниет ордасының тізгінін ұста­ған жандар туралы айтып өт­сеңіз. Кімдер басқарды?

– 1934 жылы мұражай дирек­торы Борис Васильевич Русаков болды. Сол жылы мұражай Со­вет көшесіне көшірілген. Маман­дар материалдарды жүйелеуге және оларды көпшілік назарына ұсынуға мүмкіндік алды. Мұра­жайдың табиғи-тарихи, мәдени-тарихи және қоғамдық-экономикалық деген үш бөлімі болды. 1937 жылы мұражайды М.К.Раз­добреева, 1943-1944 жылдары Гершовский бас­қарды. Ал 1947-1982 жылдар аралығында тарихи-өлкетану мұ­ражайының директоры міндетін Константин Сергеевич Ушков ат­қарған. Ол кісі коллекцияларды жүйелеуге, кітапхана қорын рет­ке келтіруге көрнекті ғалымдар­ды тарта отырып, коллекция­лар­ға ғылыми сипаттама жүргізуге ден қойды. Жаңа экспонаттарды жинау белсенді жүргізіліп, мұ­ражай жұмысын жетілдіру бағ­дарламалары әзірленді.

1949 жылдың қыркүйек айы­нан бастап антрополог-зерттеуші Антонас Пошка мұражайда аға ғылыми қызметкер болып жұ­мыс істеді. А.Пошка Қаз КСР Ака­демиясының экспедициясы жүр­гізген қазба жұмыстарына қа­тыс­ты. Петропавлдан 15 шақырым жерде (Ольшанка ауылының ма­ңында) Есіл өзенінің жағасында мастодонттың қаңқасы табыл­ды. Қаңқа қайта қалпына келтірі­ліп, Қазақстан Ғылым Академия­сының палеонтологиялық мұра­жайына жіберілді.

1949-50 жылдары белгілі ға­лым, КСРО Ғылым Академиясының археология секторының меңгерушісі Александр Игна­тьевич Семенов мұражайға аға ғылыми қызметкер болып келді. Ол мұражайда кеңеске дейінгі кезеңнің экспозициясын жасады, өлкенің тарихын зерттеумен ай­налысты, Солтүстік Қазақстан та­рихы бойынша бірнеше маңыз­ды еңбектер жазды. А.И.Семенов облысымыздың алғашқы ар­хеологиялық картасын, мет­ри­ка­лық және тарихи-революциялық ескерткіштердің картасын жаса­ды. Оның тікелей басшылығы­мен Половной көлі мен Багаты өзенінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. 1957 жылы Қазақ КСР Ғылым Акаде­миясы Солтүстік Қазақстан ау­мағында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген кезде А.И.Семенов құрастырған карта пайдаланылды. Эстониядан кел­ген мүсінші А.Эллер тапсырыс бойынша Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Ыбырай Алтынсариннің мү­сіндік портреттерін жасаған. Эс­тон шеберінің жұмыстары мұра­жай сөресінде сақтаулы тұр.

– Қазір мәдениет ошағы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр­дың бас кезінде салынған көпестің үйіне орналасқан. Бұл ғимаратқа қашан көші­рілді?

– 1968 жылы мұражайға жаңа ғимарат берілді. ХІХ ғасырдың аяғында Қарағанды және Целиноград көркемөнер қорларының суретшілер тобы суретші А.М.Чудовтың басшылығымен ертеде көпес Туби Лейбович Ар­кельге тиесілі екі қабатты үйге қай­та жөндеу жүргізген. Ғимарат мұражай экспозициялық алаңын кеңейту қажеттілігіне байланыс­ты ұсынылған. 1982 жылы мұра­жайға ХІХ ғасырдан сыр шер­тетін көпес М.Ф.Стреловтың екі қабатты үй мен қойма бөлмелері берілді. Қалпына келтіру жұмыстарынан кейін ғимараттарды бі­ріктіріп, екі қабатты кірпіштен салынған негізгі корпусқа қосылды.

1891 жылы іргетасы қаланған ғимарат төңірегінде айтар бол­сақ, саудагер Л.Аркельдің үйі та­рихи және туристік құндылыққа ие. Экскурсия нысаны екі қа­баттан тұрады. Жоғары жағында бір кездері қонақүй, тө­менгі жағында киім дүкені бол­ған.

– Осыдан бірнеше жыл бұ­рын музейге мектеп оқушыла­рын тегін кіргізу мәселесі сөз болды. Жалпы музейге келушілер қатарында кімдердің үлесі басым? Олардың назарларына қандай жәдігерлер ұсынылуда?

– Келушілер 13 залды аралайды. Экскурсия та­биғат залынан басталады. Одан әрі өлкенің ежелгі тарихынан сыр шертетін  4 зал бар, оларға бірегей археологиялық топтама­лар қойылған. Ежелгі Еуразия орталығында ең алғаш жылқыны қолға үйреткен Ботай қонысы­ның және Байқара обасы – скиф­тердің ғибадатханалық кешені сияқты бірегей археологиялық ескерткіштердің материалдарын тамашалайтындар қатары қа­лың. Көшпенділердің тарихынан, ғұндар мен моңғолдар өмі­рінен, азаматтық соғыстан, сая­си қуғын-сүргін, тың игеру жыл­дарынан сыр тартатын заттар аз емес. Келушілер облыс табиға­ты­мен және фаунасымен таны­са алады, оның ішінде аймақтың көркем диорамасын тамашалай алады. Бір ғажабы, бұл көне жә­дігерлер қоймасында жүнді мүйізтұмсық қаңқасы мен мамонт қаңқасының фрагменттері бар. Мамонттың азу тісін де мұ­қият қарастыруға болады. Оның салмағы 7,5 килограмм. 1980 жылы Сергеевка қаласынан 18 шақырым жерде 3 метр тереңдікте табылған.

2005 жылы “Казреставрация” кәсіпорнының мамандары ғима­ратқа күрделі жөндеу жұмыста­рын жүргізді, экспозицияның құ­рылысын А.Жансүгіров басқар­ған “Дара” фирмасының суретші­лері мен дизайнерлері жүзеге асырды.

Музейде “Ұла дала елі”, “Біз бәріміз қазақстандықпыз”, “Өлкенің көне тарихы”, “Петропавл қаласының тарихы”, “Туған жердің табиғаты” сияқты тақырыптық экскурсиялар үнемі жүргізіліп тұрады. “Туған жердің ақын-жазушылары”, “Тас дәуірі”, “Солтүстік Қазақстан батырлары”, “Алаш: тарихтың қасіретті бетт­ері”, “Теңге – Тәуелсіздік атрибу­ты”, “Тұңғиыққа апарар жол”, “Қа­зақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері” тақырыптарында арнайы сабақтар ұйым­дастырамыз.

– Сіздің облыстық му­зей­лер бірлестігіне жетекшілік етіп келе жатқаныңызға он жылдан асты. Осы уақыт ішінде біраз жұмыс атқарылды. Оқырмандарымызға өзіңіз жайлы аз-кем ақпарат беріп кетсеңіз.

 – Мен Аққайың ауданындағы Қиялы ауылының тумасымын. Петропавл педагогикалық инсти­тутын, кейін Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау универ­ситетін тамамдадым. Еңбек жо­лымды Жамбыл ауданының Ор­ман орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып бастадым. 1990 жылдан бері мәдениет саласында жұмыс істеп келемін. Возвышенка және Явленкада Мәдениет үй­лерінің директоры болдым.

– Ғасырлық тойға арналған қандай жоспарларыңыз бар?

– Бұл – сан жылдар­ды артқа тастап, биік шыңдарды бағындырған меже. Осыған орай “Музей ғасыры” атты көрме сал­танатты түрде ашылып, өткен күндердің тамырына қан жүгірте­ді. Сосын, музей түнін ұйымдастырмақпыз. 2021 жылдан бастап қала тұрғындары мен мейман­дары үшін тартымды орынға айналған облыстық тарихи-өлкетану музейінің аумағында жазғы кезеңде қызмет көрсететін “QYZYLJAR АRT” орталығында да түрлі танымдық шаралар өткі­зу жоспарланған.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

 “Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp