Мамырдың үшінші жексенбісі бүкіл әлемде СПИД-тен қайтыс болғандарды еске алу күні ретінде аталып өтіледі.
АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі облыстық орталық директоры Ринат Өлмесековтің айтуынша, мақсат – індеттен зардап шеккен адамдарды қолдау және қоғам назарын тағы бір мәрте адамның иммун тапшылығы вирусына аудару.
“Кез келген адам психоактивті заттарды инъекциялық жолмен қолданатындар қатарына жатпаса да АИТВ жұқтыру қаупі жоғары екенін ұмытпауы тиіс. Кейде адамдар дертті жұқтырып, оны ұзақ уақыт бойы білмеуі мүмкін. Адамда АИТВ бар-жоғын білудің бір ғана жолы бар. Ол – тестілеуден өту. Адамның дертті жұқтырғанын немесе жұқтырмағанын сыртқы түрінен анықтау мүмкін емес”, – дейді Ринат Өлмесеков.
Қазіргі уақытта өңірде АИТВ жұқтырған 1400-ден астам адам есепте тұр. Олардың арасында ерлердің үлесі – 61,2 пайыз, қалғаны – әйелдер. Соңғы екі жарым жылда балалар арасында АИТВ инфекциясын жұқтыру тіркелген жоқ.
“Бүгінде облыста АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 86 пайызы антиретровирустық терапия алады, соңғы 5 жылда көрсеткіш 6,3 пайызға өсті. Бұған орталық мамандарының пациенттермен жүргізген ауқымды түсіндіру жұмысы ықпал етуде. Диагноз қойылғаннан кейін адамдардың көпшілігі өмірден түңіліп, болашақтан үміт үзеді. Өйткені олар инфекцияның емделмейтіндігін, ЖИТС сатысына өту ықтималдығы жоғары екенін біледі. Бірақ науқас антиретровирустық терапияны уақытында бастап, дәрігердің барлық нұсқауларын орындаған жағдайда әрі қарай ұзақ және толыққанды өмір сүре алады. Мұндай пациенттердің өмір салты дені сау адамдардың өмір сүру сапасынан еш айырмашылығы жоқ”,– дейді Ринат Өлмесеков.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.