Спорттың бірнеше түрін біріктірген ерекше жарыс түрі – көпсайыс. Жүгіру мен жүзу спортшының жылдамдығын арттырса, граната лақтыру мен нысана көздеу дәлдікті шыңдайтыны белгілі. Жеке спорт ретінде әрқайсысы бөлек, тіпті кейбірі олимпиадалық бағдарламаға енгізілген. Десе де, соңғы жылдары олар біртұтас спорт ретінде қарастырылып, түрлі жарыстар ұйымдастырылуда. Көпсайыстан облыстық команда да жасақталған. Бірнеше спорттың басын қосқан көпсайыс жайлы танымал желаяқ, білікті бапкер Фархад Қыстаубаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Фархад Құмырбекұлы, сіз спортсүйер қауымға сурдоатлет ретінде жақсы таныссыз. Қазір көпсайыстан жастар мен ересектерді жаттықтырып жүр екенсіз. Бұл спортқа қалай келдіңіз?
– Әлі де сурдоолимпиадалық ойындарда жүгіруден бақ сынап жүрмін. Ондағы жеткен жетістіктерім бір төбе. Жинаған тәжірибеммен бөлісу мақсатында бапкерлік жолды таңдадым.
Өзім 2014 жылдан бері жеңіл атлетика бойынша жарыстарға қатысып жүрмін. Көпсайысты да ұмыт қалдырған жоқпын, қысқа қашықтық – 100 метр және кедергілер арқылы 110 метрде бақ сынадым. Бастапқыда жоғары оқу орнының атынан қатысып, облыс намысын қорғадым. Кейін жастар арасында осы спортқа қызығушылық барын көріп, бапкер болуға шешім қабылдадым.
– Көпсайыс жайлы көбі біле бермейді. Бұл спорт түрінің ерекшеліктеріне тоқталсаңыз.
– Көпсайысқа бірнеше спорт түрі кіреді. Негізгісі – қысқа және ұзақ қашықтыққа жүгіру. Сондай-ақ мектептерде өткізілетін арнайы дисциплиналар бар. Олар – граната, ядро лақтыру, ұзындыққа секіру және алғашқы әскери дайындық сабағындағы пневматикалық қарудан нысана көздеу. Бұдан бөлек, турникке тартылу, гір көтеру және жүзу спорттары да кіреді.
Жалпы көпсайысқа үш, бес және жеті спорт түрі кіруі мүмкін. Бұл спорт түрінің бірнеше атауы бар. Триатлон, квадлон және полиатлон болып жіктеледі.
– Көпсайысқа дайындық қалайша жүргізіледі?
– Жаттығу спортшыларымыз үшін жыл бойы жүргізіледі. Біздің спорттан жарыстар қыста да, көктем мен жаз және күзде де өткізіле береді. Сондықтан атлеттеріміз әрқашан дайын болуы шарт.
Әр спортшының осал және мықты тұстары бар. Әрқайсысын біз таразыға салып, сол бойынша дайындық жүргіземіз. Егер атлеттің осал тұсы жүгіру болса, онда біз оның осы қабілетін шыңдаймыз. Егер нысана көздеу жағы нашар болса, онда ату дайындығына көңіл бөлеміз. Осылайша спортшыны жан-жақты дамытуға көңіл бөлеміз.
Жылына көпсайыстан кем дегенде жеті жарыс өткізіледі. Көбі – республикалық және халықаралық деңгейдегі сындар. Әрқайсысына қатысуға тырысамыз. Нәтижеміз жаман емес. Көпсайыста барлық спорт түрлерінің жиынтық ұпайы есептеледі. Осы бойынша атлеттің нәтижесі шығарылады.
– Биыл қандай жарысқа қатысып үлгердіңіздер және нәтиже қандай?
– Жуырда Ақтау қаласында көпсайыстан ел чемпионаты өтті. Республикалық жарыста өңір намысын 9 спортшы қорғады. Олар қоржынымызға 17 медаль салды. Жерлестеріміз жеңіп алған жүлденің 10-ы – алтын. Төртеуі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті студенттерінің еншісінде екенін атап өткім келеді.
Жарыста жүлдегерлер жас санаттары бойынша анықталды. 21-23 жастағы спортшылар ішінен солтүстікқазақстандық Никита Изотов үш бірдей алтын медаль жеңіп алды. Жоламан Ақтари күміс жүлде еншіледі.
18 бен 20 жас аралығындағы спортшылар ішінен Арсен Хамзин бессайыста алтын медаль еншілесе, үшсайыста – қола, абсолюттік сында күмісті қанағат тұтты. 24-34 жастағылар ішінен Артем Батрак үшсайыста – алтын, бессайыста – күміс медальға қол жеткізді.
Қыздар да жүлдесіз емес. 35-39 жастағылар санатында Ольга Вернер бессайыста – алтын, үшсайыста – алтын және абсолюттік сында қоланы қанжығасына байлады. 21-23 жастағылар арасында Юлия Безушко бессайыста – алтын алса, 18 бен 20 жастағыларда Юлия Крец төртінші орынға тұрақтады. Ал ардагер-спортшылар, яғни 40-49 жастағылар санатында Виталий Пенкин екінші, 60-69 жас санатындағыларда Александр Наумов екі бірдей бірінші орынға қол жеткізді. Соңғысы осымен 52 дүркін Қазақстан чемпионы атанды. Бұл – өте жақсы нәтиже.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.