Теріскей өңірінің тарихымен танысып, өмір өткелдерінен сыр ұққысы келетін әрбір адам қаламыздағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне ат басын тірейтіні анық. Мәдениет ошағының ашылғанына биыл 100 жыл толды. Осы мерейтойға орай және 18 мамыр – Халықаралық музей күніне байланысты руханият ордасының директоры Гүлнар Мұқышевамен әңгімелескен едік.
– Гүлнар Ботанқызы, алдымен бір ғасырлық жолдан өткен музейдің тарихына тоқталып өткен жөн шығар.
– Облыстық тарихи-өлкетану музейінің негізі 1924 жылдың қаңтарында қаланған. Бастапқыда ол Караван (қазіргі К.Сүтішев көшесі) көшесіндегі шағын үйде орналасқан. Мұражайдың алғашқы директоры – мұғалім, өлкетанушы Иван Дьячков. Губерниялық атқару комитетінің шешімі бойынша мұражайға Коммунист (қазіргі Мағжан Жұмабаев көшесі) көшесінен үй берілді. 1925 жылдың жазында И.Дьячков экспедицияға қатысып, мұражайға бірқатар этнографиялық және геологиялық материалдар әкелген. Мұражай қызметкерлері экспонаттарды жинаумен қатар қала өміріне де белсенді қатысуға тырысқан. Мамандар 1925 жылы бес мыңнан астам адам қатысқан ауыл шаруашылығы көрмесін сәтті ұйымдастырған.
1926 жылдың қазан айында мұражайда өңір тарихынан хабар беретін 1182 экспонат болды. 1928 жылы Щучинск ауданының Бармашино шатқалынан 2 шақырым жердегі тас карьерден салмағы 40,5 центнер плитаның астынан адамның бас сүйегі, қола қазан, мыс пышақ, 11 жебенің ұштары, 15 алтын пластина табылған. Олар сол жылы жан-жақты зерттеу үшін мемлекеттік орыс мұражайына жіберілді. Бұл жұмыспен белгілі Ленинград археологы Бернштам айналысқан. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары мұражай сөресі сәукелелермен, дворян грамотасымен, үй жабдықтарымен, тоқыма станогымен, фотосуреттермен, қару-жарақтармен толықты. Алғашқы мұражай коллекциялары экспедициялар нәтижесінде (археология, этнография, табиғи-биологиялық коллекциялар, минералды үлгілер) пайда болды. Сонымен бірге ғылыми кітапхана құрыла бастады, оның қорына ескі баспа кітаптары түсті. Музей үнемі Омбы, Ақмола, Ленинград қалаларындағы басқа музейлермен қосарлас материал алмасуды жүзеге асырды. Алғашқы коллекциялар 1931-1934 жылдары Вознесенский соборының ғимаратында орналастырылды.
– Осы уақытқа дейін мәдениет ордасының тізгінін ұстаған жандар туралы айтып өтсеңіз. Кімдер басқарды?
– 1934 жылы мұражай директоры Борис Васильевич Русаков болды. Сол жылы мұражай Совет көшесіне көшірілген. Мамандар материалдарды жүйелеуге және оларды көпшілік назарына ұсынуға мүмкіндік алды. Мұражайдың табиғи-тарихи, мәдени-тарихи және қоғамдық-экономикалық деген үш бөлімі болды. 1937 жылы мұражайды М.К.Раздобреева, 1943-1944 жылдары Гершовский басқарды. Ал 1947-1982 жылдар аралығында тарихи-өлкетану мұражайының директоры міндетін Константин Сергеевич Ушков атқарған. Ол кісі коллекцияларды жүйелеуге, кітапхана қорын ретке келтіруге көрнекті ғалымдарды тарта отырып, коллекцияларға ғылыми сипаттама жүргізуге ден қойды. Жаңа экспонаттарды жинау белсенді жүргізіліп, мұражай жұмысын жетілдіру бағдарламалары әзірленді.
1949 жылдың қыркүйек айынан бастап антрополог-зерттеуші Антонас Пошка мұражайда аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. А.Пошка Қаз КСР Академиясының экспедициясы жүргізген қазба жұмыстарына қатысты. Петропавлдан 15 шақырым жерде (Ольшанка ауылының маңында) Есіл өзенінің жағасында мастодонттың қаңқасы табылды. Қаңқа қайта қалпына келтіріліп, Қазақстан Ғылым Академиясының палеонтологиялық мұражайына жіберілді.
1949-50 жылдары белгілі ғалым, КСРО Ғылым Академиясының археология секторының меңгерушісі Александр Игнатьевич Семенов мұражайға аға ғылыми қызметкер болып келді. Ол мұражайда кеңеске дейінгі кезеңнің экспозициясын жасады, өлкенің тарихын зерттеумен айналысты, Солтүстік Қазақстан тарихы бойынша бірнеше маңызды еңбектер жазды. А.И.Семенов облысымыздың алғашқы археологиялық картасын, метрикалық және тарихи-революциялық ескерткіштердің картасын жасады. Оның тікелей басшылығымен Половной көлі мен Багаты өзенінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. 1957 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясы Солтүстік Қазақстан аумағында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген кезде А.И.Семенов құрастырған карта пайдаланылды. Эстониядан келген мүсінші А.Эллер тапсырыс бойынша Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Ыбырай Алтынсариннің мүсіндік портреттерін жасаған. Эстон шеберінің жұмыстары мұражай сөресінде сақтаулы тұр.
– Қазір мәдениет ошағы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде салынған көпестің үйіне орналасқан. Бұл ғимаратқа қашан көшірілді?
– 1968 жылы мұражайға жаңа ғимарат берілді. ХІХ ғасырдың аяғында Қарағанды және Целиноград көркемөнер қорларының суретшілер тобы суретші А.М.Чудовтың басшылығымен ертеде көпес Туби Лейбович Аркельге тиесілі екі қабатты үйге қайта жөндеу жүргізген. Ғимарат мұражай экспозициялық алаңын кеңейту қажеттілігіне байланысты ұсынылған. 1982 жылы мұражайға ХІХ ғасырдан сыр шертетін көпес М.Ф.Стреловтың екі қабатты үй мен қойма бөлмелері берілді. Қалпына келтіру жұмыстарынан кейін ғимараттарды біріктіріп, екі қабатты кірпіштен салынған негізгі корпусқа қосылды.
1891 жылы іргетасы қаланған ғимарат төңірегінде айтар болсақ, саудагер Л.Аркельдің үйі тарихи және туристік құндылыққа ие. Экскурсия нысаны екі қабаттан тұрады. Жоғары жағында бір кездері қонақүй, төменгі жағында киім дүкені болған.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын музейге мектеп оқушыларын тегін кіргізу мәселесі сөз болды. Жалпы музейге келушілер қатарында кімдердің үлесі басым? Олардың назарларына қандай жәдігерлер ұсынылуда?
– Келушілер 13 залды аралайды. Экскурсия табиғат залынан басталады. Одан әрі өлкенің ежелгі тарихынан сыр шертетін 4 зал бар, оларға бірегей археологиялық топтамалар қойылған. Ежелгі Еуразия орталығында ең алғаш жылқыны қолға үйреткен Ботай қонысының және Байқара обасы – скифтердің ғибадатханалық кешені сияқты бірегей археологиялық ескерткіштердің материалдарын тамашалайтындар қатары қалың. Көшпенділердің тарихынан, ғұндар мен моңғолдар өмірінен, азаматтық соғыстан, саяси қуғын-сүргін, тың игеру жылдарынан сыр тартатын заттар аз емес. Келушілер облыс табиғатымен және фаунасымен таныса алады, оның ішінде аймақтың көркем диорамасын тамашалай алады. Бір ғажабы, бұл көне жәдігерлер қоймасында жүнді мүйізтұмсық қаңқасы мен мамонт қаңқасының фрагменттері бар. Мамонттың азу тісін де мұқият қарастыруға болады. Оның салмағы 7,5 килограмм. 1980 жылы Сергеевка қаласынан 18 шақырым жерде 3 метр тереңдікте табылған.
2005 жылы “Казреставрация” кәсіпорнының мамандары ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді, экспозицияның құрылысын А.Жансүгіров басқарған “Дара” фирмасының суретшілері мен дизайнерлері жүзеге асырды.
Музейде “Ұла дала елі”, “Біз бәріміз қазақстандықпыз”, “Өлкенің көне тарихы”, “Петропавл қаласының тарихы”, “Туған жердің табиғаты” сияқты тақырыптық экскурсиялар үнемі жүргізіліп тұрады. “Туған жердің ақын-жазушылары”, “Тас дәуірі”, “Солтүстік Қазақстан батырлары”, “Алаш: тарихтың қасіретті беттері”, “Теңге – Тәуелсіздік атрибуты”, “Тұңғиыққа апарар жол”, “Қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері” тақырыптарында арнайы сабақтар ұйымдастырамыз.
– Сіздің облыстық музейлер бірлестігіне жетекшілік етіп келе жатқаныңызға он жылдан асты. Осы уақыт ішінде біраз жұмыс атқарылды. Оқырмандарымызға өзіңіз жайлы аз-кем ақпарат беріп кетсеңіз.
– Мен Аққайың ауданындағы Қиялы ауылының тумасымын. Петропавл педагогикалық институтын, кейін Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін тамамдадым. Еңбек жолымды Жамбыл ауданының Орман орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып бастадым. 1990 жылдан бері мәдениет саласында жұмыс істеп келемін. Возвышенка және Явленкада Мәдениет үйлерінің директоры болдым.
– Ғасырлық тойға арналған қандай жоспарларыңыз бар?
– Бұл – сан жылдарды артқа тастап, биік шыңдарды бағындырған меже. Осыған орай “Музей ғасыры” атты көрме салтанатты түрде ашылып, өткен күндердің тамырына қан жүгіртеді. Сосын, музей түнін ұйымдастырмақпыз. 2021 жылдан бастап қала тұрғындары мен меймандары үшін тартымды орынға айналған облыстық тарихи-өлкетану музейінің аумағында жазғы кезеңде қызмет көрсететін “QYZYLJAR АRT” орталығында да түрлі танымдық шаралар өткізу жоспарланған.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.