Биыл Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, “Халық қаһарманы” Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толады. Шал ақын аудандық кітапханасында “Нұрмағамбетовтің әскери жолы” тақырыбымен өткен шара батырдың өмір жолына арналды.
Сағадат Қожахметұлы 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысының Ақкөл ауданында (бұрынғы Алексеев ауданы) өмірге келген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Түркіменстанның Кушка қаласындағы әскери училищеге жіберілді. Оқуын бітірген соң 1943 жылдың сәуір айында майданға аттанды. Осыдан кейінгі екі жыл бойы пулемет взводының, пулемет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ дәрежелі Суворов орденді 301-Донецк атқыштар дивизиясының 1052-атқыштар полкі құрамында батальон командирі лауазымында жауға қарсы шайқасты. Осы және өзге де мәліметтерге қаныққан Сергеевка қаласындағы Е.Ш.Шайкин және Е.А.Бөкетов атындағы білім ордаларының жоғары сынып оқушылары батырдың Тәуелсіз Қазақстанды құру жолындағы еңбектерімен де танысты.
Кітапханашы Татьяна Фогель есімі тарихқа алтын әріппен жазылған тұлғаның қилы тағдыры туралы, шайқастарда көрсеткен батылдық пен ерлік істері жайлы әңгімелеп берді. Қатысушылардың назарына Сағадат Нұрмағамбетовтің өмірі, оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ұмытылмас батылдығы туралы деректі фильмнен үзінді көрсетілді.
Қайырбай АМАНЖОЛОВА,
Шал ақын аудандық кітапханасының кітапханашысы.