«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨПСАЙЫСҚА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ЖОҒАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Спорттың бірнеше түрін біріктірген ерекше жарыс түрі – көпсайыс. Жүгіру мен жүзу спортшының жылдамдығын арттырса, граната лақтыру мен нысана көздеу дәлдікті шыңдайтыны белгілі. Жеке спорт ретінде әрқайсысы бөлек, тіпті кейбірі олимпиадалық бағдарламаға енгізілген. Десе де, соңғы жылдары олар біртұтас спорт ретінде қарастырылып, түрлі жарыстар ұйымдастырылуда.  Көпсайыстан облыстық команда да жасақталған. Бірнеше спорттың басын қосқан көпсайыс жайлы танымал желаяқ, білікті бапкер Фархад Қыстаубаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Фархад Құмырбекұлы, сіз спортсүйер қауымға сур­до­атлет ретінде жақсы таныс­сыз. Қазір көпсайыстан жас­тар мен ересектерді жаттық­тырып жүр екенсіз. Бұл спорт­қа қалай келдіңіз?

– Әлі де сурдоолимпиадалық ойындарда жүгіруден бақ сынап жүрмін. Ондағы жеткен жетіс­тіктерім бір төбе. Жинаған тәжі­рибеммен бөлісу мақсатында бапкерлік жолды таңдадым.

Өзім 2014 жылдан бері жеңіл атлетика бойынша жарыстарға қатысып жүрмін. Көпсайысты да ұмыт қалдырған жоқпын, қысқа қашықтық – 100 метр және ке­дергілер арқылы 110 метрде бақ сынадым. Бастапқыда жоғары оқу орнының атынан қатысып, облыс намысын қорғадым. Кейін жастар арасында осы спортқа қызығушылық барын көріп, бапкер болуға шешім қабылдадым.

– Көпсайыс жайлы көбі бі­ле бермейді. Бұл спорт түрінің ерекшеліктеріне тоқталсаңыз.

– Көпсайысқа бірнеше спорт түрі кіреді. Негізгісі – қысқа және ұзақ қашықтыққа жүгіру. Сон­дай-ақ мектептерде өткізілетін арнайы дисциплиналар бар. Олар – граната, ядро лақтыру, ұзындыққа секіру және алғашқы әскери дайындық сабағындағы пневматикалық қарудан нысана көздеу. Бұдан бөлек, турникке тартылу, гір көтеру және жүзу спорттары да кіреді.

Жалпы көпсайысқа үш, бес және жеті спорт түрі кіруі мүмкін. Бұл спорт түрінің бірнеше атауы бар. Триатлон, квадлон және полиатлон болып жіктеледі.

– Көпсайысқа дайындық қалайша жүргізіледі?

– Жаттығу спортшыларымыз үшін жыл бойы жүргізіледі. Біздің спорттан жарыстар қыста да, көктем мен жаз және күзде де өткізіле береді. Сон­дықтан атлеттеріміз әрқашан дайын болуы шарт.

Әр спортшының осал және мықты тұстары бар. Әрқайсы­сын біз таразыға салып, сол бойынша дайындық жүргіземіз. Егер атлеттің осал тұсы жүгіру бол­са, онда біз оның осы қабілетін шыңдаймыз. Егер нысана көздеу жағы нашар болса, онда ату дайындығына көңіл бөлеміз. Осылайша спортшыны жан-жақты дамытуға көңіл бөлеміз.

Жылына көпсайыстан кем дегенде жеті жарыс өткізіледі. Көбі – республикалық және ха­лық­аралық деңгейдегі сындар. Әрқайсысына қатысуға тырыса­мыз. Нәтижеміз жаман емес. Көп­сайыста барлық спорт түрле­рінің жиынтық ұпайы есептеледі. Осы бойынша атлеттің нәтижесі шығарылады.

– Биыл қандай жарысқа қатысып үлгердіңіздер және нәтиже қандай?

– Жуырда Ақтау қаласында көпсайыстан ел чемпионаты өтті. Республикалық жарыста өңір намысын 9 спортшы қорға­ды. Олар қоржынымызға 17 ме­даль салды. Жерлестеріміз же­ңіп алған жүлденің 10-ы – алтын. Төртеуі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан универ­ситеті студенттерінің еншісінде екенін атап өткім келеді.

Жарыста жүлдегерлер жас санаттары бойынша анықтал­ды. 21-23 жастағы спортшылар ішінен солтүстікқазақстандық Никита Изотов үш бірдей алтын медаль жеңіп алды. Жоламан Ақтари күміс жүлде еншіледі.

18 бен 20 жас аралығындағы спортшылар ішінен Арсен Хам­зин бессайыста алтын медаль еншілесе, үшсайыста – қола, абсолюттік сында күмісті қана­ғат тұтты. 24-34 жастағылар іші­нен Артем Батрак үшсайыста – алтын, бессайыста – күміс ме­дальға қол жеткізді.

Қыздар да жүлдесіз емес. 35-39 жастағы­лар санатында Ольга Вернер бессайыста – алтын, үшсайыста – алтын және аб­солюттік сында қоланы қанжы­ғасына байлады. 21-23 жаста­ғылар арасында Юлия Безушко бессайыста – ал­тын алса, 18 бен 20 жастағы­ларда Юлия Крец төртінші орынға тұрақ­тады. Ал ардагер-спортшылар, яғни 40-49 жаста­ғылар са­натында Виталий Пен­кин екінші, 60-69 жас санатын­дағыларда Александр Наумов екі бірдей бірінші орынға қол жеткізді. Соң­ғысы осымен 52 дүркін Қазақ­стан чемпионы атан­ды. Бұл – өте жақсы нәтиже.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp