«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Болмысы бөлек Бауыржан

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Алматыда КазГУ-де оқыған кезімде қазақтың небір жақсы менен жайсаңдарының көзін көрдік, сөзін тыңдадық, ақыл-парасаттарына тәнті болдық, тағылымын алдық. Арада жарты ғасырдан аса уақыт өтсе де тұлғалық келбеті күні бүгінге дейін есімізден, жадымыздан өшпеген, күйкі өмір ығына жығылмайтын, ағыстың бойымен жүрмейтін, керісінше, кез келген мәселеде өзінің ойымен жүріп, өзіндік сүрлеу тауып, ағысқа қарсы жүзетін, қоғамдағы көңіл толмайтын жайттарға наразылық білдіріп, азаматтық позициясын айқын әрі батыл айта алатын, тұлға деген атқа лайық Бауыржан Момышұлы еді.

Аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлымен кездесудің сәті 1963 жылы түсті. Кездесу университеттің үлкен акт залында өтті. Университеттің бас корпусы бұрынғы Үкімет үйі ғой. Бауыржанмен кездесу болады дегенді естіген өзге де жоғары оқу орындарының студенттері де келген. Зал студенттерге лық толы. Бір кезде әскери киімі үстіне құйып қойғандай жарасымды, сыптығыр денелі, бойын тіп-тік ұстаған атақты гвардия полковнигі қасында жақында ғана қосылған қосағы Кәмешін қолтықтап залдың төріне жайғасты.

Бауыржан Момышұлы екінші дүниежүзілік соғыстағы Мәскеу түбіндегі қиян-кескі ұрыс амалдары, ерлік жолдары туралы әсерлі де тартымды әңгімеледі.

Бауыржан Момышұлының даңқы шыққан, жарқ етіп есімі елге танылған уақыт 1941 жылдың күзі мен қысы, 1942 жылдың көктемі екен. Батырдың жау қоршауында қалып, одан аз ғана шығынмен шығып, жауға қайыра күйрете соққы берген тактикалық әдіс-айласы әскери ғылымға жаңалық болып енді.

“Ұйқысыз және тынымсыз өткен 15 күн мен 15 түннің ішінде біздің шабуылдарымыздың нәтижесінде белдеуіміздегі жаудың 14-танк дивизиясының түгелдей тас-талқаны шықты. 154 танк пен өзі жүретін артиллериялық ату құрылғысы түгелдей өртелді. Немістің 121-жаяу әскерлер дивизиясы да толығымен күл-талқан етілді. Олардың әр ротасынан 5-6 адамнан қалып, әйтеуір шегініп қашып үлгерді”, – деп Батыр Баукең соғыстың алғашқы кезеңіндегі ерлік істерін баяндап өтті.

Аса тәлімді кештің соңында Бауыржан Момышұлына тыңдармандар тарапынан неше түрлі сұрақтар қойылды.

Бойларында жастық жалыны атойлап тұрған, білсем, көрсем, үйренсем деп ұмтылған кездесуге келген бір студенттен Баукеңе жазбаша сұрақ түсті. Сұрақ осы кездесуден сәл ғана бұрын болған Баукеңнің отбасылық жағдайына байланысты екен. Бұл сұрақтың төркіні маған да таныс еді. “Қазақ әдебиеті” газетінде белгілі жазушының (атын атамай-ақ қояйын), Бауыржан Момышұлын қаралаған шағын мақаласы шыққан еді. Мақаланың мазмұны: “Бауыржан Момышұлы біреудің әйелін курортта кездесіп, жабайылап айтқанда, тартып алып қосылып келді. Бұл – коммунистік моральға жат қылық”, – деп Баукеңді кінәлайды. Бұл мақаланы “Қазақ әдебиеті” газетінен мен де оқығам. Көпсөзділік табиғатында жоқ Бауыржан Момышұлы тілдей қағазға жазылған сұрақты көзбен шолып шығып: “Дұрыс емес, хулиганская статья” – деп бір-ақ кесті.

Бұлталаңы жоқ, нағыз Бауыржанның мінез-болмысына тән тура жауап. Былай қарағанда біреудің әйелін тартып алғандай өзіне жар етуі – ерсі қылық. Бірақ шындықтың төркіні кейін ашылды. Бауыржан Момышұлының “Қазақ әдебиеті” газетінде жарияланған мақаланы “Хулиганская статья” деуі негізсіз емес екен.

Кешегі екінші дүниежүзілік соғыста қан майдандағы жауынгерлердің бір мезгіл көңілдерін көтеріп, рухтандыру мақсатындағы өнер шеберлері:  Роза Бағланова, Жүсіпбек Елебеков сияқты атақты әншілердің оқ пен оттың ортасына барып концерт беруі жауынгерлердің жігеріне жігер қосты. Осындай концерттік бригаданың құрамында болған жас, әдемі әртіс Кәмеш жас командир Баукеңнің көзіне түседі. Арада жылдар өтеді. Бауыржан Момышұлы ұзақ жылдар Қазақстаннан тысқары жерлерде әскери қызметте болады. Кәмеш қазақ драма театрының белгілі әртісі Шоқан Мусинмен тұрмыс құрады. Сезім шіркін қайта оянып, Баукең курортта Кәмешпен араға ұзақ жылдар салып қайта қауышады. Көңілдері жарасып, курорттан қосылып оралады. Шындық осы.

Бауыржанды қаралап жазған бұл мақаланың газет бетінде жарық көруіне себепші болған қазақтың көрнекті жазушысы мен Бауыржанның арасындағы бас араздық болса керек.

Бауыржан Момышұлының болмыс-бітімі бөлек, мінезі де, ісі де, нағыз батырға лайық өзгеше қалыбы да, тұлғалық қасиеті де халық жадынан өшпейді.

Қазақ Мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Бейсембай Кенжебайұлының 60 жасқа толған мерейтойы 1964 жылы университетте кеңінен аталып өтті. Сол мерейтойлық жиынға Бауыржан Момышұлы да келді. Ұстазымыздың мерейтойлық жиынында Баукеңмен екінші рет жүздестік. Мерейтойлық жиын университеттің акт залында өтті. Той жиынды университет ректоры Асқар Закарин басқарып, жүргізіп отырды.

Бейсекеңді құттықтаушылар қарасы көп сияқты. Соны аңғарған Бауыржан Момышұлы кезексіз сөз сұрап, жиынды жүргізіп отырған университет ректоры Асқар Закаринге өтініш еткенде сол кезде университет ректоры қызметіне қоса Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төрағалығын да атқаратын А.Закарин:

– Бауке, кезегіңіз келгенде сөз береміз, – деді төрелігіне басып, өктемсіп сөйлеуге дағдыланған әдетімен ректор қырыстанып.

Сол мезетте Баукең орнынан атып тұрып, өткір көзі Закаринге оқша қадалып:

– Жолдас Закарин, сағат 12-де Кубадан келген делегация өкілдерімен кездесуім бар, уақытынан кешіксем, ұяты маған емес Жоғарғы кеңестің төрағасы сізге келеді, – дейді де, – Бейсекең менің аса қадірлеп сыйлайтын ағам. Профессор Бейсембай Кенжебаевты қазақ жазба әдебиетінің тарихын “Түрік қағанаты” дәуіріне дейін XV ғасырға тереңдеткен күрескер “хас батыр” деп бағалаймын. Мына қыран бүркіттің мүсінін Бейсембай ағама арнайы заказбен жасаттым. Соны сізге тарту етуге ұлықсат етіңіз, қадірлі Бейсеке! – деп сыйлығын табыстап, тіп-тік қалпымен дағдыланған әскери қадаммен залдан шығып жүре берді. Сөйтіп, Закарин сияқты бір шенеунікті Баукең тәубесіне келтіріп кетті.

Екінші дүниежүзілік соғыстың айтулы батырларының бірі Рейхстагқа алғаш қызыл жалау (ту) тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерен ерлігі ескерусіз қалған кезде журналист Кәкімжан Қазыбаевты (кейін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы) шақырып алып:

– Сендер, журналистер, не бітіріп жүрсіңдер, фашистік Германияның соңғы апаны Рейхстагқа алғаш ту тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев қайда? Неге іздемейсіңдер, неге оның ерлігін дүниежүзі халқына паш етпейсіңдер? – деген екен.

Сөйтіп, елеусіз қалған Рақымжан Баукеңнің қамқорлығының арқасында халқына, еліне танылды, ерлігін бүкіл жұрт таныды.

Бауыржан Момышұлы – жалғандықты, жалпақшешейлікті, көлгірлікті жаны сүймейтін адам. Әркімге, әр нәрсеге әділ бағасын беруді мақсат еткен тұлға. Жоғарыда айтылған “Профессор Бейсембай Кенжебаев қазақ жазба әдебиетінің тарихын “Түрік қағанаты” дәуіріне дейін XV ғасырға тереңдеткен күрескер “хас батыр” деген Бауыржан Момышұлының лебізі – жанкешті ғалымға берген әділ бағасы.

Бейсекең, шынында да, күрескер ғалым. Азуы алты қарыс, ғалымдық атағы дүркіреп тұрған профессор Қажым Жұмалиевтің “Қазақтың жазба әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан басталады” деген тұжырымымен ғалым Бейсембай Кенжебаев келіспеді. Сөйтіп, екі әдебиетші ғалым арасында пікірталас, тайталас басталды да кетті.

Профессор Бейсембай Кенжебаевтың уәжі: Бұқар жыраудың аржағында қазақтың өлең, жырлары болмады ма? Қазақ барда оның өлең, жыры болмауы мүмкін емес.

Өз ұстанымына берік Бейсекең Мұхтар Мағауин, Мырзатай Жолдасбеков, Рымғали Нұрғалиев, Алма Қыраубаева сияқты талантты шәкірттерін қазақтың ежелгі дәуір әдебиетінің тарихын зерттеуге қосты да жіберді. Осылардың ішінде оқығаны, тоқығаны мол аса талантты аспиранты Мұхтар Мағауиннің шоқтығы биік. Жас аспирант ерінбей ел-елді аралап, көне-көз, көкірегі ояу қарттардың қатары сиремей тұрғанда солардың айтуында талай-талай өлең-жырларды жазып алды. Бір ғана мысал. Сонау Алматыдан Солтүстік Қазақстанның бір түкпіріндегі ауылда тұрып жатқан Шал ақынның аталас туысы ескілікті әңгімелерді көп білетін, Шал ақынның өлеңдерін, терме жырларын жатқа білетін зиялы қарт Қошан Жантілеуовтің үйінде апталап жатып, Шал ақынның біраз дүниелерін жазып алады. Жас ғалым Мұхтар Мағауиннің арқасында тарих қойнауында жатқан Шалкиіз, Доспанбет, Ақтамберді, Шал ақын т.б. жыраулар жарияға шықты. Мұхтар Мағауиннің тірнектеп жинаған жыраулардың өлең-жырлары “Қобыз сарыны” деген атпен кітап болып басылды. Осы еңбегімен Мұхтар Мағауин қазақтың жазба әдебиетінің тарихын үш ғасырға ұзартты. Міне, бұл – Бауыржан Момышұлының Бейсекеңнің еңбегіне берген “күрескер, хас батыр” ғалым дегеніне дәлел.

Бауыржан Момышұлы өзінің білім-білігі, парасат-пайымы, өмірлік бай тәжірибесінің арқасында бір төресымақты тәубесіне келтірсе, алдына қойған мақсатына берік, жанкешті ғалым Бейсембай Кенжебаев бұрынғы атақ-даңқына сүйеніп, астамсыған бір ғалымды тәубесіне түсірді.

Әманда қазақтың жақсы менен жайсаңдары көп болғай!.

Қарақат ШАЛАБАЕВ,

ардагер-ұстаз.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp