«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Пара алу – арыңды сату

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Заманауи қазақстандық қоғамның бірден-бір өзекті мәселесі – сыбайлас жемқорлық. Бұл індет халықаралық аренада елдің теріс имиджін қалыптастырып, әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіреді, жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларға кедергісін тигізіп, ел қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді.

Сыбайлас жемқорлық дегеніміз не? Құқықтық құжаттарда сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік органдар қызметкерлерінің өзінің қызметтік жағдайын материалдық немесе мүліктік мақсатта, заңсыз жеке пайда табу үшін пайдаланатын әлеуметтік құбылыс делінген. Шын мәнінде, сыбайлас жемқорлық – бұл лауазымды тұлғаның өзінің әкімшілік өкілеттіктері мен құқықтарын заңға, этикаға қайшы, жеке басының пайдасы үшін пайдалануы.

Сыбайлас жемқорлық көріністерінің негізгі нышаны парақорлық, туыстық, жерлестік, тамыр-таныстық белгілері бойынша қандай да бір мәселелерді шешуге жәрдемдесу, бюджет қаражатын иемдену болып табылады. Қазіргі таңда елдің аузында жүрген, жұқпалы дерттей кең етек жайған парақорлық ұғымына талдау жүргізіп көрейік.

Пара алу – бұл ең қауіпті лауазымдық қылмыстардың бірі. Әсіресе оған бір топ кісінің алдын ала сөз байласып немесе қорқыту арқылы лауазымды адамның заңды немесе заңсыз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) нәтижесiнде артықшылық алуы және оны бас пайдасы үшін қолдануы жатады.

Пара беру – лауазымды адамды заңды немесе заңсыз іс-әрекеттер (әрекетсіздік) жасауға итермелеуге не берушінің пайдасына, оның ішінде жалпы қамқорлығы немесе қызмет бабында қандай да бір артықшылықтар беруге, алуға бағытталған қылмыс. Пара ақша, оның ішінде валюта, банктік чектер және бағалы қағаздар, құнды металлдан және тастардан жасалған бұйымдар, автокөліктер, азық-түліктер, бейнетехника және пәтерлер, саяжайлар, қала сыртындағы үйлер, гараждар, жер телімдері және басқа жылжымайтын мүліктер болуы мүмкін. Сонымен қатар емдеу, жөндеу және құрылыс жұмыстарын жүргізу, шипажайға жолдама алу, шетел сапарын төлеу, ойын-сауық және басқа шығындарды өтеу, тегін немесе кемітілген бағамен беру де – сыбайлас жемқорлықтың белгілері.

Жасырын (бүркемеленген) пара түрі – банктік көмек несиесін қарызға алу немесе жоқ несиені өтеу, тауарларды төлеу, тауарларды төмен бағамен немесе ең жоғары бағамен сатып алу, жалған еңбек шартын жасап жемқорға, оның туыстарына, достарына еңбекақы төлеу, жеңіл несие алу, дәріс беру, мақалалар және кітаптар үшін қаламақыны шектен тыс көтеру. Сонымен қатар оның ойынханадағы “кездейсоқ” ұтыстар, жалдау ақысын жеңілдету, несие мөлшерінің пайызын көбейту және тағы да басқа осындай айла-тәсілдері бар.

Мемлекеттік құрылымдар қоғамдық ұйымдармен бірлесе сыбайлас жемқорлықпен белсенді күресіп, жастарды тәрбиелеуге ықпал етуі тиіс.

Сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке, отбасылардың әл-ауқатына, жас ұрпақтың болашағына және елдің жалпы дамуына қауіп төндіреді. Сондықтан қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске белсенді қатысуы тиіс.

Наталья ДЫШКАНТ,

облыстық қаржы басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp