«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауыл мектебінің ахуалы алаңдатады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бағытымыз – қазақтың небір беткеұстар тұлғаларының, маңдайалды азаматтарының кіндік қаны тамған, олардың атақ-даңқы жанымызды жадыратып, айбынымызды асыратын Жамбыл ауданы. Ондағы мақсатымыз – облыстық “Soltustik Qazaqstan” газетіне жазылу барысымен танысу, бұдан бөлек, игілікті істерді, жинақталған тәжірибелерді оқырмандарымызға жеткізу, қордаланған мәселелерді тиісті мемлекеттік ұйымдар назарына ұсына отырып, тиісті шешімдердің қабылдануына ықпал ету.

Қара жердің апшысын қуырған жеңіл көлік тақтайдай тегіс асфальт жолмен желдей жүйткісе, құрақ көрпе секілді қырық жамау тұстарына келгенде әдеткі шабысынан жаңылған сәйгүліктей кібіртіктеп сала береді. Жасыл желекке бөленген табиғат масатыдай құлпырып, көздің жауын алады. Сұлулық сымбатына тоят таппай, қарай бергің келеді. Сұқтанған сайын қырық сырлы бояулы тотықұсша түрленіп, өзгеше кейіпке енеді. Әріректе қаздай тізілген заманауи егіс кешендерін тізгіндеген еңбек тарландары Жер-Ана төсіне ризық дәнін сеуіп, еңбек симфониясына бөленген кең дала қосыла ән салып тұрғандай сезіледі. Жайшылықта байқала бермейтін қоршаған ортаның адам жанын ерекше әсерлендіретін тұңғиық тылсымға толы нәзік қырларын қызықтай отырып, межелі жерімізге қалай жеткенімізді де байқамай қалыппыз. Осыдан жарты жылдай бұрын облыс басшылығы үлкен сенім білдіріп, аудан әкімі етіп тағайындаған Азамат Бектасовты бұрыннан білуші едік.

Кел­ген сапарымыздың мән-жайын ұқтырып, ол сөзімізді са­бырлы қалыппен тыңдап алған­нан кейін Алаштың ардақтысы Мағжан тұңғыш редакторы бол­ған, Сәбит Мұқанов, Әбдірахман Айсарин, Мәжит Дәулетбаев, Ға­лым Малдыбаев, Сафуан Шай­мерденов, Бақыт Мұстафин сияқты қаламы қарымды жер­лестеріміз еңбек еткен өңірдегі бірден-бір ұлттық басылымның таралуына белсене атсалы­са­тындарын қадап айтты. Бір кез­дері бюджет қаржысы “қалдық принципімен” бөлініп, “депрес­сияға ұшырағандар” санатына жатқызылған ауданның әлеумет­тік-экономикалық даму бағытта­ры бойынша атқарылып жатқан бүгінгі тыныс-тіршілігімен, Пре­зи­дент, облыс әкімі алға міндет етіп қойған талаптардың орын­далу барысымен таныстырды.

“Көктемгі дала жұмыстары­ның қарқын алған шағында 323,9 мың гектар алқапқа ауыл шаруа­шылығы дақылдарын уақытылы себуді басты меже етіп отырмыз. Оның ішінде өнімділігі жоғары майлы дақылдар 66,4 мың гек­тарға дейін ұлғайтылды. Жауап­ты науқанға 876 трактор, 1325 ас­тық сепкіш, 89 егіс кешені жұ­мыл­дырылған. 5326 тонна ди­зель отынын, 671 тонна бензин­ді, 202 тонна мотор майын жеткі­зумен екіжақты келісімшарт бойынша белгіленген арнайы опе­раторлар айналысады”, – деді Аза­мат Бауыржанұлы.

Жыл басынан бері 1 млрд. 227 млн. теңге мөлшерінде мал шаруашылығының өнімдері өн­ді­­рілген. Әлеуметтік саладағы не­гізгі мақсаттың бірі халықты жұ­мыспен қамту десек, 1216 адам­ға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген. 270 адам үйде күтім алса, 255 адамға атаулы әлеу­меттік көмек берілген. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында 200 млн. теңге қарастырылып, Прес­норедуть елді мекеніндегі бұрынғы сауда орталығы мәде­ни-демалыс кешеніне айналды­рылған. Аудан орталығында де­не шынықтыру-сауықтыру кеше­ні пайдалануға берілген. 48 ауылдың 42-сі су жүйесімен қам­тылған. Жыл аяғына дейін “Ауылдық денсаулық сақтау ны­сан­дарын жаңғырту” ұлттық бағ­дарламасы аясында екі меди­циналық пункт бой көтермек.

Благовещенка ауылдық окру­гіне ат басын бұрғанымызда осында аудандық полиция бөлі­мінің бастығы Асан Мейрамовты кездестірдік. Аудан бойынша 13 тірек пункті болса, екеуі тұрғын­дардың саны үш мыңнан асатын округ орталығында орналасқан. Асан Қайдарұлының айтуынша, тірек пунктінің бірінің ғимараты әбден тозғандықтан, иесіз тұрған баспана беріліпті.

– Ұжымда 67 қызметкер жұ­мыс істейді. “Soltüstık Qazaqstan” газетін жылда жаздырып ала­мыз. Биыл да оқырмандарымыз­дың қатары аз болмайтынына сене беріңіздер, – деген поли­ция полковнигі көңілімізді бір сер­гітіп тастады. Түп-тамырын қуа­лай келгенде Кеңес одағының батыры Ысқақ Ыбыраев сияқты текті әулеттің тікелей ұрпағы са­налады. Алуа көлі мен өзі туып-өс­кен, бүгінде жұрты ғана қалған Октябрь ауылының тарихын же­тік білетіні сөзінен аңғарылып тұр.

Благовещенка ауылдық окру­гінің әкімі Тұрмыс Иманжанов бұған дейін үш округте қызмет етсе, осындағы жұмыс өтілі 15 жыл­ға жуық. Округке қарасты төрт ауылда 2585 адам тұрады. Благовещенкада 1070 үй бар, қазақ мектебінде – 291, орыс мек­тебінде 187 бала оқиды. Ауыл­дың өркендеуіне Екпін Әбиев сияқты іскер азаматтардың қо­сып отырған үлесі қомақты. Ұлы екеуі отар-отар асыл тұқымды қой өсіреді. “Династия Агро” ЖШС-ның директоры Влади­мир Кан зығыр майын шетелге, атап айтқанда, Қытайға, Жапо­нияға экспорттайды. Богдановка – даңғайыр механизатор, Со­циалистік Еңбек Ері, Қожаберген жыраудың ұрпағы Төлебай Мұс­тафиннің тал шыбықты ат қылып ойнап, қара топырағына аунап өскен мекені. Благовещенкадағы көшелердің біріне есімі бе­ріліпті. Оның Ораз атты ұлы осын­да әке шаңырағының отын өшірмей, егіншілікпен және мал өсірумен шұғылданады.

Бір өкініштісі, даму әлеуеті жо­ғары саналатын Благовещенка­да бос тұрған үйлер аз емес. Оң­түстік жақтан келген бір кәсіпкер әйел осыдан 5-6 жыл бұрын сырттан көшіп келетін ағайын­дар үшін баспана тұрғызуға ар­налған тендерді ұтып алып, сапа емес, сан қуалау салдарынан қалай болса солай тұрғыза бер­ген. Сыртқы келбетіне көңіл тоятыны рас, аумағы – 80 шаршы метр, 3 бөлмелі, жарық әрі кең, бірақ теріскейдің қытымыр қы­сын­да қыстап шығуға ешкімнің жү­регі дауаламаған. Бүрсең қақ­қан талайлар тез арада басқа үй­лерге қоныс аударуға мәжбүр болған. Осындайда сапаны қа­дағалайтын мекемелер қайда қа­раған, қазынаның қаржысын ба­қылау неге бетімен жіберілген де­ген сұрақ туады. Мұндай әрекет­ті мемлекеттің дүние-мүлкін қа­са­қана талан-таражға салу демеске лажымыз жоқ. Тексере кел­се, “бармақ басты, көз қысты” сы­байлас жемқорлықтың небір фак­тілері табада қуырылған балықтай шоршып түсуі ғажап емес.

Округке қарасты Майбалық­та да “Оңтүстіктен – Солтүстік­ке!” мемлекеттік бағдарламасы бойынша күнгей жақтардан кө­шіп келуге ниет еткен отбасы­лар­ға арнап салынған 8 үйдің қараусыз қалғаны арқаға аяздай батады.

Обалы нешік, “Атамекен-Агро-Благовещенка” ЖШС үш баспананы сатып алып, отбасы­ларға тегін ұсынғанымен бір ай да тұрақтай алмаған. Себебі, қа­бырғалардың жұқалығы сонша­лық, қыста тұру мүмкін емес. Отты қанша жақса да, жылы­майды. Жаздың өзінде жаурап отырады екен.

Бір кездері мақтаулы Майба­лықтың қазіргі ахуалы кісі жы­лар­лықтай. 37 үй ғана түтін түте­тіп отыр. Тоғыз жылдық мектепте барлығы 30 адам, оның ішінде 13 мұғалім еңбек етсе, оқушы­лар­дың саны – 17 ғана! (Оқу-ағарту министрлігі бекіткен талап бойынша кемі 41 оқушы болуы тиіс). Енді, міне, жуырда аудан­дық оқу бөлімінен білім ошағын бастауыш мектепке көшіру жө­нін­де нұсқау келіп, ұжым не істе­рін білмей, әбден әуре-сарсаңға түскен жайы бар. Ұлттық тілі­міз­дің қорғанышы, мәдениетіміздің мәйегі мектеп жабылса, ауыл­дың құрығаны дей беріңіз. Тығы­рықтан шығудың бір жолын 32 жыл жұмыс өтілі бар бастауыш сынып мұғалімі Әлия Салихова ұсынды. Әлия Исламқызы осы­дан 8 жыл бұрын патронат ана ретінде Петропавл қаласындағы жетім балалар ауылынан Таик Васильев деген 8 жастағы бал­дырғанды бауырына басқан. Таик қазір Благовещенкадағы мек­теп-интернатта оқиды. Қа­зақ­шаға судай. Апта сайын 12 ша­қырым Майбалыққа интернат­тың “Газель” көлігі әкеліп, аунап-қунап кетеді. Айман Шамалова, Дунай Есенғалиева, Мұрат Шалабаев сынды майбалықтықтар да бір-бір баланы қарауына алып, мек­теп осылайша сақталып қалған.

“Осы қадамға баруға кім ке­дергі келтіріп отыр, неге кеш қи­мылдап жатырсыздар? 25 ма­мырға дейін үлгермейсіздер ғой”, – деген сұрағымызға шағын ор­талықтың тәрбиешісі Сәуле Қайырованың “патронат болуға еш қарсылығымыз жоқ, бірақ бала іздестіріп, табу қиынның қиы­ны болып тұр”, – деген жауа­бы ойландырмай қоймайды.

Осы сауалды аудандық оқу бө­лімінің басшысы Эльдар Шу­ме­ковке қойған едік. Ол берген мәліметке қарағанда, барлығы 29 білім ошағы болса, 21-і – орта, 4-і – негізгі, 4-і – бастауыш мек­теп. Олардың 80 пайызы – ша­ғын жинақты. Биыл 3-4 оқушы­дан ғана қалған 4 бастауыш мек­теп (Миролюбово, Ұзынкөл, Сә­бит, Есперлі) өз қызметін тоқтат­пақ.

“Орта мектеп саналатын Айымжанда – 27, Святодухов­када 38 оқушы бар (81 болуы тиіс.) Биыл олардың осы мәрте­бесі сақталады. Бала саны кө­беймесе, келесі жылы негізгі мек­тепке түсіп қалуы ықтимал. Ал Майбалыққа келсек, онда жағ­дай күрделілеу. Бір мысал кел­тірейін. Бауман негізгі мектебін­де де 18 оқушы қалған болатын. Қазір 28-ге жетіп, мәртебесін сақ­тап қалды. Өйткені, мемлекеттік бағдарламалар негізінде бала­ны қамқорлыққа алу бойынша нақ­ты жұмыстар жүргізілді. Пат­ронаттық бағдарлама аясында бір бала ғана таңдауға құқылы. Бұл жағдайда балаға және ата-ананың біреуіне өтемақы бері­леді. Уақытша отбасы атану үшін кемі 4 баланы бауырға басу ке­рек. Бірақ 10 баладан асырмау шарт. Бұл орайда екі ата-анаға да, балаларға да өтемақы төле­неді. Осындай жеңілдіктерді неге пайдаланбасқа?”– деді Эльдар Сапарұлы. Алайда мұғалімдер қо­лын­да билігі бар жергілікті орган­дардан нақты көмек болмаған­нан кейін кімге шағынарын біл­мей дал.

Сөз арасында Петровка мек­те­бінде ұстаздық қызметін ойда­ғыдай атқарып жүрген Сапархан Исақовтың тәжірибесі өте құп­тарлық екенін айта кеткен жөн. Сапархан Серікұлы “Уақытша от­басы” бағдарламасына қатысып, 4 орыс баласын қамқорлығына алған. Қазір екеуі – М.Жұмабаев атындағы жоғары гуманитарлық колледжінің студенті. Қазақша­ға мүдірмейді. Майбалықтықтар осы жағын үлгі етсе, ұтылмасы анық.

Жамбыл ауылдық округі Суаткөл және Жамбыл ауылдық округтерін біріктіру арқылы 1997 жылы құрылыпты. Содан бергі аралықта тұрғындар саны 510-ға дейін азайып кеткен. Олардың 57-і – зейнеткер, 12-і – мүгедек, 12-і – көп балалы ана, 9-ы – жал­ғызілікті жан. Округ дамуының негізгі табыс көзі – егіншілік пен мал шаруашылығы. Мұнда 4 ЖШС, 15 шаруашылық, 1 фер­мер­лік қожалық және 1 ауыл ша­руашылығы кооперативі жұмыс іс­тей­ді. Жамбыл, Суаткөл, Ес­перлі ауылдары Есіл топтық су құбыры арқылы тіршілік нәрімен қамтамасыз етіледі. Қарағаш­тықтар суды тасымалдап ішуге мәжбүр. Биыл округ бюджеті 40 млн. теңгені құрап отыр. “Али­сарай” ЖШС-ның (директоры – Ар­ман Қасымғожин) 600 басқа шақ­талған тауарлы-сүт фермасын жыл аяғына дейін іске қоспақ.

Шағын жинақты білім ошақ­тарын тиімді дамыту – маңызды мәселе. Олардың ахуалын ал­тын бесігіміз, терең тарихымыз­дың куәсі – ауыл тағдырынан бөле-жара қарауға болмайды, етене, тығыз байланысты екенін әркез есте ұстаған абзал. Бір кез­дері атағы шартарапқа дүркіреп, “Кіші Родина” (Ақмола облысын­да Сауэр басқаратын ауыл ша­руашылығы құрылымы) деген жа­нама атқа ие болған Жамбыл ауылында 500 үй болды дегенге кім сенеді? Қазір түтін түтетіп отырғаны – жүздей ғана. Сонда да экономикасы әлі де әлеуетті елді мекендегі қазақ орта мекте­бінде бар-жоғы 49 оқушы ғана қалған.

Ауылда бос үйлер жоқ. Ара­ларында бертін салынған жаңа үйлер де бар. Дегенмен жергі­лік­ті тұрғындарды сапасыз жолдың жайы әбден титықтатқан. Осы се­бепті жас мамандар келуге құ­лықсыз. Ағылшын тілі, геогра­фия, информатика пәндерінің мұ­ғалімдері жетіспейді екен. Зама­науи технологияларға зәру, био­ло­гия кабинетіне орнатылған ин­те­рактивті тақта істемейді. Мек­тептің пайдалануға берілгеніне 60 жыл болса, осы уақыт ішінде бірде-бір жөндеу көрмеген. Те­резенің әйнектері күлдіреп тұр. Спорт залы мүлдем тар, іші адам шошырлық. Асхананы, қосымша бөлмелерді ұжым өз күшімен тұрғызған.

Көргенімізді аудандық оқу бө­лімінің жетекшісі Эльдар Шуме­ковке айтқанымызда оның “жөн­деледі ғой” деген жалпылама жауабынан нақтылықтан гөрі екіұштылықты аңғардық. Оның сөзі мұғалімдер мен шаруа­шылықтарды кінәлағандай әсер қалдырды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp