“Амаnat” партиясы жергілікті ұйымының өкілдері бұған дейін Есіл ауданы бойынша тасқын судан зардап шеккен 41 адамға әлеуметтік жәрдемақыны рәсімдеуге көмектескен болатын.
Бұл жолы қоғамдық қабылдауға Покровка ауылының 15 тұрғыны жүгінді. Олардың қатарында Инга Тодоровская да бар. Осыдан шамамен бір ай бұрын оның да үйі суға кеткен. Баспанасы тұруға жарамсыз болса да, несие төлеуге мәжбүр. Оның айтуына қарағанда, 2022 жылы “Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында баспана алған. Оны бағалау кезінде сараптама тұрғын үйдің жарамды екенін растаған. Алайда уақыт өте келе шатыр мен терезелер бүлініп, қабырғасы мен іргетасында жарықшақтар пайда болған. Қазір үй тұруға жарамсыз.
“Баспана 15 жыл мемлекет кепілдігінде тұрғандықтан, сата алмаймын. 14 жыл бойы ай сайын 25,5 мың теңгеден төлеуге міндеттімін. Өз қаржымды шығарып, қайта жөндейін десем, шығын өтелмейді. Сондықтан үйді қайта бағалап, шешім қабылданғанын қалаймын”, – дейді Инга Тодоровская.
“Amanat” партиясының өкілдері мәселенің күрделі екенін ескере келіп, заңгерлермен бірге мұқият тексерілетінін жеткізді. Қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гүлфира Рамазанованың айтуынша, кей сауалдар Мәжіліс депутаттарына және республикалық деңгейдегі ведомстволарға жедел түрде жолданатын болады. Жалпы “Құқықтық көмек” жобасы бойынша су тасқынынан зардап шеккендерді осымен тоғызыншы рет қабылдау ұйымдастырылып, бірқатар мәселе шешімін тапқан.
18 елді мекен бойынша 1546 баспананы су шайған Қызылжар ауданының тұрғындарынан ең көп өтініш түскен. 240 үй Прибрежное ауылында орналасса, бүгінде қалпына келтіру жұмыстары қызу қарқын алған. Осында 1966 жылдан бері тұрып келе жатқан Ерік Бекайдаровтың да баспанасы жарамсыз болып қалған. Ол да мәселенің тезірек шешілуін қалайды. Оның бағалау комиссиясына қатысты айтқан шағымы жете ескерілетін болады.
Ілияс СӘБДИНОВ,
“AMANAT” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.